Қазақ ономастикасы туралы ғылыми- зерттеулер өткен ғасырдың басынан бері қарайғы кезеңде ғана жүйеленді. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, Ғ.Айдаров салған ізбенен А.Әбдірахманов, Ғ.Қоңқашбаев, Е.Қойшыбаев, В.Попова, О.Сұлтаняев, т.б. ғалымдар қазақ ономастикасының туын тіктеп, өмірдің түрлі салаларындағы орнын анықтауға мол үлес қосты. Осы топтың бел ортасында, белсенділердің қатарында қазақ ономастикасын жүйелеп, теориялық негізін қалаған ғалымдардың бірегейі Телғожа Жанұзақов бар еді.
Түрлі ғылымдардың басын тоғыстыратын саланың күрмеуі күрделі тұстарына қалам тартып, өткен замандардан бүгінге дейінгі тарихын түгендеді, ғылыми негіздерін айқындап, өзіндік жүйесін зерделеді, бүкіл саналы ғұмырын қазақ ономастикасының гүлденуіне арнады. Жер-су атаулары, кісі есімі, этнонимдер (халық, ру, тайпа атаулары), жануарлар атаулары, аспан денелерінің атау-лары, т.б. жүйелегенде бірнеше ғана тақырыптың аясына жинақталғанмен, әрқайсысы тамырын тереңге жіберіп, жапырағын биікке жайған алып бәйтерек іспетті. Т.Жанұзақов олардың ешбірін бөтен көрмеді, барлығының ішкі әлеміне үңілді, сыбдырынан сыр аулады. Кейінгі буын шәкірттер Телағаң деп атап кетті. Шындығында, ол ономастиканың бар саласына тел қараған, төл болмысты тұлға, сондықтан болса керек, өзіне осы ат тамаша жарасады.
Телғожа Жанұзақовтың зерттеулері адамзат пен ғаламзат есімдерін қамтиды. Аспан мен жердің арасындағы қазақ баласы ат қойып, айдар таққан барша жаратылыстың лингвистикалық табиғатына ұлттың көзімен қарады, оларды ұлттық танымымен таныды. Осынша ауқымды саланың ғылыми негізін қалап, біртұтас бейнесін сомдады.
Әуел баста қазақ ономастикасының антропонимика (кісі есімдері) саласына ат байлаған. Себепші болған – белгілі түркітанушы С.Е.Малов. 1953 жылдың желтоқсан айының соңында 2 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» жасау жұмыстары бойынша тәжірибе алмасу үшін Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы Тіл және әдебиет институтының аманатын – академик І. Кеңесбаевтың жазып берген хатын алып Ленинградқа барған қаршадай бала үлкен олжамен оралады. Сөздік жасау жұмыстарынан мол мағлұмат алумен қатар, С.Е.Маловпен жолығып, көп ақыл-кеңес тыңдайды. Сол жолы ғалым «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» деген тақырыпты ұсынады. Алғаш атағы жер жарған түркологтың алдында жүрексініп отырған жас талапкер өзінің зеректігімен ғалымның назарын аударса керек, бір ай бойы үйіндегі кітапханасымен танысуына мүмкіндік жасайды, өзі де алтын уақытын қиып білгенін аямайды. Рухы желпініп, жаңаша түлеп шыға келген талапкерге ғалым үш түрлі шарт қояды: біріншісі – араб, парсы тілдеріндегі материалдарды пайдалана білетіндей оқу, жазуын білуің керек; екіншісі – Орхон-Енисей жазуын білуің керек; үшінші – тарихи әрі этнографиялық еңбектерді көп оқып, жетік білуің керек. Бұл үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас шәкірттің бағытын айқындар сәттегі жанашырлық талап еді.
Елге де үлкен аманат арқалап оралған Телағаң содан бері күні бүгінге дейін, тоқсанға келсе де арқасын суытып бір демалған емес. Қазақ есіміне деген сүйіспеншілігінен жаңылып көрген жоқ. Оны өмірлік отасқан жары, үйдегі жеңгейдің (профессор Ерғазиева Нарима Исмайылқызы) мына бір ауыз сөзінен түсінуге болады: «Мен Төкеңнің адалдығына күмәнданған емеспін, бірақ өмір бойғы қызғанышым ономастика болды, өйткені ол ономас-тиканы менен де бетер сүйеді!» – деп жұртты бір күлдірген еді.
Ғылыми бағытын айқындап алған жас талап алдынан ашылған ономастикалық кеңістіктің әр қиырына қалам сілтеді. Ілгеріде атап өткеніміздей, қазақ тіліндегі атаулар әлемін барынша шарлады. Енді соның ішінде адам, жер-су, аспан денелерінің атаулары дейтін үштікке тоқталып көрелік.
Кісі аттары
Қазақ есімдерінің лингвистикалық табиғатын ғылыми тұрғыдан саралап, теориялық негізінің қалыптасуына Т.Жанұзақов ерекше еңбек сіңірген ғалым. «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» тақырыбы бойынша 1961 жылы І.Кеңесбаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Сол еңбектің негізінде «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» атты студенттерге арналған оқу құралы жарық көреді. 1971 жылы «Қазақ есімдерінің тарихы» атты монографиясын жариялады. Көне түркі жазба мұраларынан қазіргі заманға дейінгі кісі есімдерінің лингвистикалық, тарихи-этнографиялық, танымдық-мәдени негіздерін зерделеген, ғылыми қауым үшін де, жалпы кісі есімдерінің тарихы мен тағылымдық мәдениетін білгісі келетін көпшілік оқырмандар үшін де аса маңызды бұл еңбек түркі әлемінде алғаш рет жарық көрген көлемді ғылыми-зерттеу болатын. Осы зерттеулердің негізінде кісі есімдерінің мағынасын, шығу уәждері мен этимологиясын айқындауға арналған еңбек қалың қауымға «Есімдер сыры» деген атпен ұсынылды. Бұл кітап уақыт талаптарымен өзгеріп отыратын кісі есімдерінің табиғатына сай әр жылдарда толықтырылып, қоғам сұраныстарына сәйкес қайтадан жарияланып отырды.
Қазақ есімдерінің күрделі тұстарының бірі оның, әсіресе, соңғы жүз жылдық тарихтағы күрделі тағдырымен байланысты. Лингвистикалық табиғатына тікелей әсер еткен тарихи факторлар сол саланың мамандарын толғандырмай қоймағаны белгілі. Қазақ есімі орыс тіліне аударылмайды, бірақ орыс тілінің заңдылығына бейімделе жазылады. Бұл талаптың астарында үлкен шығын жатыр еді. Үлкен шығын деп отырғанымыз ұлттық болмысынан ауытқып, сол тұста құжаттарда не орысша емес, не қазақша емес аты-жөндер пайда бола бастаған. Оның ұлттық табиғатымызға қаншалықты жат екенін тек кісі есімдерінің сырларын терең танып жүрген Телағаң сияқты мамандар ғана аңғара алды. Қатал жүйені тек жүйемен ғана жеңу мүмкін еді. Сондықтан, осы қиындықты жеңудің жолы ретінде 1988 жылы К.Еспаевамен бірлесіп, он мыңға жуық жиі қолданылатын кісі аттарын қамтыған «Қазақ есімдері» атты сөздігін жариялады. Бұл сөздікте ер мен әйел есімдері жеке тізіліп, тек есімдер ғана емес, әке аттары мен фамилияларының орысша, қазақша жазылу нұсқалары да көрсетілді. Ең бастысы, бұл еңбек қалың көпшілікпен қатар, Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары мен паспорт орындарына, ауылдық, селолық, қалалық, облыстық әкімдіктерге, бұқаралық ақпарат пен мектеп оқушыларына арналып еді. Қоғам өмірінің ауқымды бөлігін қамтыған бұл еңбектің негізгі мақсатын түсіне отырып, оны патриот ғалымның ішкі жан шырылы деп те, ауруды дәл табатын тамыршы деп те бағалауға болады. Идеологияның бет қаратпай тұрған тұсында, ол үнсіз дайындалып, мәселенің ың-шыңсыз шешілуіне, яғни ресми мекемелерде біршама қиындықтардың жеңілдеп, істің оңға қадам басуына ықпал етті. Ең бастысы, ресми мекемелерге қазақ есімдерінің артында іздеушісі барын сезіндірді.
Қазақ есімдерін осы қиыншылықтан құтқарудың құқықтық-нормативтік шешімін іздеу тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап-ақ қолға алынды. Осы мақсатпен 1991 жылы қыркүйекте «Егеменді Қазақстан» газетіне «Аты-жөн тарихына тереңдесек» дейтін мақала жазады. Артынан академик Ә.Қайдаримен бірігіп «Қазақстан Республикасында қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттарын және фамилияларын реттеу туралы» тұжырымдаманы ұсынды. Бұл еңбек те 1994 жылы ақпан айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Осы тұжырымдаманың негізінде 1996 жылғы сәуірде Президент Н.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шықты.
Т.Жанұзақовтың антропонимика саласындағы еңбектерінде қазақ есімдерінің тілдік табиғаты, тынысы мен тіршілігі, өткен тарихы мен болашақ тағдыры түгел қамтылды. Олардың әрқайсысына тоқталып, талдау жасауды мақала көлемі көтермейді. Осы айтылғандардан-ақ оның ұлттық есімдердің жоғын түгендеуге қаншалықты үлес қосқанын шамалауға болады.
Жер-су атаулары
Кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін зерттеу еңбектерінің көкжиегі кеңейе түседі. Қазақ есімдерімен қатар, ономастиканың топоним, этноним, космоним, зооним, т.б. салаларын қамтыған «Қазақ есімдерінің негізгі проблемалары» тақырыбында 1976 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Әуелде ономастикалық атауларды жалқы есім ретінде біртұтастықта қарағанмен, келе-келе әрқайсын тереңдете зерттеп, жекелеген көлемді еңбектерге арқау етті. Ізденіс барысында ел аймақтары бойынша жер-су атауларына арналған біршама еңбектер жариялады. «Орталық Қазақстан жер-су аттары», «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі. Жезқазған облысы», «Қазақстан Республикасының топонимдері», «Қазақстан географиялық атаулары. Алматы облысы», т.б. көлемді еңбектері мен әр кезеңдегі өзекті мәселелерге арналған мақалалары қазақ топонимикасына қосылған елеулі олжа болатын.
Соңғы ғасырларда қазақ топонимикасы да, халқымыздың ұлттық тарихы секілді, түрлі қиянатқа душар болғанын жақсы білеміз. Бұл осы саланың басы-қасында жүрген маманның да жан жарасына айналмай тұра алмайды. Географиялық нысан атауларының да қуғынға ұшырап, әдейі жойылып, қалғанының бұр- малануы секілді қолдан жасалған қиянат Т.Жанұзақовтың көз алдында өтті. Сондықтан, бұл бағытта да мәселені құқықтық құжаттарды реттеу арқылы шешу жолын таңдады. Ол үшін де тәуекелшілдік керек еді. Желтоқсан оқиғасынан кейін кеңестік өктемдік тыйылмай тұрған жылдарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары В.С.Сидороваға Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы ашық хат жазып, осыдан соң Жоғарғы Кеңестің тұрақты комиссиясының отырысында баяндама жасады. Қызу талқылаудан соң Министрлер Кеңесі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы шешім қабылданды. 1990-2003 жылдары осы комиссияның тұрақты мүшесі әрі ғалым хатшысы ретінде халқымыз қолданған жүздеген географиялық атауларды қалпына келтіру, яғни заманы өтіп ескірген атауларды өзгерту, бұрмаланған атауларды қайта қалпына келтіру – транскрипциясын түзету жұмыстарын жүзеге асыруға үлес қосты. Осы жұмыстарды атқару кезіндегі жинаған тәжірибе барысында ілгеріде аталған құжат дүниеге келді. Академик Ә.Қайдаримен бірлесе отырып, «Республикадағы Мемлекеттік және әкімшілік аумақтық бірлестіктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи-географиялық атауларын қалпына келтіру тұжырымдамасын» дайындап шықты.
Қандай жұмыс атқарса да ғылыми негізін қалыптастырып, оның болашағына жол ашып жүретін ғалым қазақ топонимдерінің де өткен тарихы мен алдағы болашағының арасындағы алтын арқаудың жібі сөгілмегенін қалады. Осы сабақтастықтың үзілмеуі үшін құқықтық-нормативтік ережелерін дайындады және шәкірттерімен бірлесе отырып, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының топонимдері. Топонимия Республики Казахстан» атты анықтамалықты дайындап, қолданысқа берді. Тел авторлықпен 2002 жылы «Қазақстан Республикасындағы географиялық атауларды орысша жазу бойынша нұсқаулықты» дайындап шықты. Осы еңбектердің негізгі мазмұнын жинақтай қарағанда, қазақ ғылымына және тәуелсіз Қазақстанның тілдік-мәдени дамуына қажет бағыттарды Телағаңның дөп басып танығанын байқаймыз.
Аспани атаулар
Аспан денелері көне замандардан жеткен тілдік жәдігерлік. Олай дейтініміз, аспан сырларын түсіну, одан келер күннің, айдың немесе жылдың райын болжау, соған қарап қарекетін қамдау қазақ халқының ежелгі әдеті. Бабаларымыздың сөздік қорында осыған байланысты түрлі сөздер мен сөз тіркестерінің, терминдердің қалыптасқаны белгілі. Т.Жанұзақов бұл салада да өзіндік пікір айтқан ғалым. Оның зерттеулері тек жалқы есімдермен шектелмей, тілдік жүйесін жан-жақты талдайды. Бірінің орнына бірі қолданылып жүрген космоним мен астроним терминдерінің аражігін ашып, түсінігін жасады. Қазақ ұғымына тән Ай фразалары: Жаңа Ай, Толы Ай яки Ай толысы, Ай арасы, Ай орағы, Ай тұтылу, т.б. секілді тіліміздегі көптеген ұлттық ұғым ретінде қалыптасқан тұрақты тіркестерді аспан денелері туралы халықтық білімнің аясында қарастырады.
Аспан денелері атауларының көне түркі жазбаларында сақталған түрлеріне тоқтала отырып, жазба мұралар тілінде ХІ-XІV ғасырларда молынан кездесетін, ал қазіргі тілімізде қолданылмайтын түрлерін көрсетеді. Қазақ тіліне тән төл атаулар мен араб, парсы тілінен келгендерін, кейінгі астрономия ғылымының дамуымен бірге орыс тілінен тікелей аударылған немесе аударылмай қабылданған және орыс тілі арқылы шет тілдерінен енген атауларды талдап, түсіндіріп береді. Ғалымның түркілік кеңістіктегі жан-жақты білімі аспан денелерінің атауларына талдаулар жасағанда айқын көрініп тұрады. Қай атаудың түркі тілдерінің қайсысында қалай дыбысталатынын нақты атап көрсетіп, түпкі негізінің ортақтығына мән береді және соған сүйеніп көптеген атаулардың шығу кезеңін көне түркі дәуірлерімен байланыстырады. Аспан денелері атауларының этимологиясын ашуда да ғалымның ғылыми болжамдары нақты деректер мен дәлелдерге сүйенеді.
Қазақ қолданысындағы космонимдер негізінен халықтық аңыздарға негізделеді. Әрқайсының шығуы туралы мифтік таныммен сабақтасып жатқан ауыз әдебиетінде аңыз-әпсаналар бар. Т.Жанұзақов этимологиялық талдаулар жасағанда оларды да назардан тыс қалдырмайды. Сөйтіп, тіліміздегі лексикалық қоры аса мол емес космонимдердің тілдік табиғатын әр қырынан қарастыра отырып, ғылыми тұрғыдан жүйеленген, талданған, ғылыми қауымға да, жалпы білуге құмар қарапайым көпшілікке де түсінікті зерттеу ұсынады. Космонимдер бойынша зерттеулері көлемі шағын болса да, жүйелілігі, мазмұндылығы, деректілігі мен дәйектілігі жағынан бағалы.
Т.Жанұзақовтың зерттеулері, сөз басында айтып кеткеніміздей, аспан мен жердің арасындағы қазақ баласы ат қойып, айдар таққан барша жаратылыс атауларын қамтыды. Оларды өзара сабақтастықта тани отырып, әрқайсының өзіндік мәртебесін айқындады, яғни ұлы жүйесін қалыптастырды. Атаулардың табиғаты арқылы қазақ баласы, даласы, ұлттық әлемі үштігінің бірлігі анықталды. Осы үш саланың тізгінін тең ұстап, талай белестерден асқан Телағаң бүгінде мерейлі биігінде.
Т.Жанұзақов көп жылдар Тіл білімі институтының ономастика бөлімін басқарды. 1979 жылы жабылып қалған бөлім 1981 жылы қайта ашылып, осы күннен бастап жетекшілікті қолға алған ғалым 1994 жылға дейін табан аудармай тынымсыз еңбек етті. Ономастиканың түрлі салалары бойынша 300 мыңнан астам аса бай картотекалық қор жасалды, көптеген ономаст-мамандар дайындалды. Бөлім жұмысы жүйелі, жоспарлы қалыпқа түсіп, қызметкерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстары қазақ ономастикасын жаңа деңгейге көтерді.
Саналы ғұмырының 70 жылын қазақ ономастикасына арнаған ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаздың әлі де айтары аз емес.
Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры