• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Шілде, 2017

Сахнада – Сан-Ремо саңлақтары

112 рет
көрсетілді

Елорда төрінде «Сан-Ремо жұлдыздары – Астанада» атты Италияның эстрада әншілерінің қатысуымен думанды кеш өтті. Құшағын гүлге толтырған тыңдарман қауымның басым бөлігі үлкендер болды.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған концерт Қазақстан мен Италияның дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына арналды. Кеш шымылдығын ашқан Hit Italy тобы Абайдың «Көзімнің қарасы» əнін италия тілінде шырқады. «Арнайы қазақстандық жанкүйерлер үшін жазылған жаңа əн, қабыл алыңыздар!», деген топ əншілері Абайдың әнін нақышына келтіре орындап, тыңдармандардың жүрегін жаулады. Ал сахнаға «Ricchi e Poveri» поп-группасы шыққанда тыңдарман қауым тік тұрып қарсы алды. Бертінге дейін талай қазақтың тойында репертуардан түспеген «Mamama mama Maria ma» әнін тағы бір мәрте орындап, көрерменмен бірге биледі. Топтың музыкалық карьерасы 1968 жылы Генуяда басталған-тұғын. «Соңғы махаббат» (L’Ultimo Amore) әнімен «Cantagiro» фестивалінде топ жарған өнерпаздар бүгінге дейін сахна төрінен түспей келеді.

Ұлттық колориті мен ырғақты әуені әлемді баураған Италия эстрадалық музыкасының жарқын жұлдызы Робертино Лоретти 1980 жылдан бері төрткүл дүниеге танылған хит əндерді орындап, залды дүр сілкіндірді. Қошеметпен соғылған алақандар дарынды музыканттарды сахнадан жібермей, қайталанбас кантиленасымен баураған ретро әуендерді нақышына келтіре бірнеше мәрте шырқады. «Алда шетелдерге жоспарланған 820 концертім тұр. Қазақстанға келгенге дейін үш ай емханада жатып, енді тәуір болған бетім. Сіздердің қошеметтеріңізді көріп, ерекше қуанып тұрмын. Мүмкін бұл менің сахнадағы соңғы орындауым да шығар», деген Робертино Лоретти ағынан жарылды. «Жаңа Карузо» атанған оны белгілі опералық тенор Беньямино Джильмен жиі салыстыратын. Оның 1962 жылы жарық көрген алғашқы синглы O Sole mio әні миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулады. 

Ал Тото Кутуньо сахнаға шығып, әйгілі «L’italiano» әнін шырқап бергенде залдың ішін Италияның «al dente» спагеттиі мен қою кофе, махаббат жұпары кернеп кеткендей болды. Кезінде әйгілі «Сан-Ремо» фестивалінде тұңғыш рет орындалып, бесінші орын алған шығарма бүгінде өнерсүйер қауымның риясыз құрметіне бөленді. «Гүлдер қаласы» атанған Сан-Ремоның жұпарының ортасына апарып тастағандай әнге еліткен тыңдарман қауым Тотомен қосыла шырқады.

«Сан-Ремо» фестивалі – жыл сайын ақпан айында Италияның солтүстік батысында орналасқан курортты қалада өткізілетін музыкалық байқау. Бұл фестиваль 1951 жылдан бері талантты музыканттар мен орындаушыларды танытып келеді. Адриано Челентано, Клаудио Мори жəне Тото Кутуньо сынды əлемге əйгілі əншілер кезінде осы Сан-Ремо сахнасынан түлеп ұшқан болатын.

Ая ӨМІРТАЙ,  «Егемен Қазақстан»