• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Футбол 21 Шілде, 2017

«Қайрат» Еуропа лигасынан шет қалды

113 рет
көрсетілді

Алматының «Қайраты» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Албанияның «Скендербеу» командасымен екінші рет күш сынасып, 0:2 есебімен есе жіберді.

Кездесудің алғашқы таймында гол соғылмағанмен, келесі 45 минутта алаң иелері алматылықтарды екі мәрте қапы қалдырып кетті.

Матчтағы алғашқы голды 50-минутта Сабиен Лиляй салды. Ол «Қайрат» сапынан Шелдон Батоның қателігін ұтымды пайдаланып, албаниялықтарды алға шығарды. Осы голдан кейін алматылықтар ес жиып, ширақ қимылдай бастаған болатын. Ал 75-минутта Сабиен Лиляй екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылғанда үміт оты пайда болғандай еді. Бірақ жерлестеріміз бұл мүмкіндікті жөнді пайдалана алмады. 83-минутта қақпашы Стас Покатиловтың болмашы жерден жіберген қателігі екінші доптың соғылуына әкелді. Бұл голдың авторы – Себино Пляку.

Арада үш минут өткеннен кейін «Қайрат» ойыншысы Арзоның жүйкесі сыр беріп, қарсыласына қарсы дөрекі түрде ойын тәртібін бұзды. Осы әрекетінен кейін бас төреші оны ойланбастан бірден алаңнан қуды. Қалған уақытта осы есеп тіркеліп, келесі кезеңге албаниялық ұжым жолдама алды.

Айта кетейік, Алматыда өткен бірінші матч 1:1 есебімен аяқталған болатын.