• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Шілде, 2017

Ақтауда ҰҚК шекара қызметінің 25 жылдығы аталып өтті

339 рет
көрсетілді

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 25 жылдыққа арналып мамыр айының соңында Алматы қаласында бастау алған эстафета символы үш айда 15 мыңнан астам шақырым жерді жүріп өтіп, Маңғыстауға келіп жетті.

Теңіз жағалауында ҚР ҰҚК «Батыс» ШҚ басқармасы эстафета символын аймақтық Жағалау күзеті басқармасына табыстады. Бұл салтанатты сәтке 250 теңізшіні қосқанда барлығы 350 жеке құрам, әскери кемелер мен тікұшақтар қатысты. Теңізде әскери кемелер сап құрса, тікұшақтар көк аспанда қалықтады, ал жағалауда шекарашылар тұрғындарға қоян-қолтық ұрыс көріністерін көрсетті.

ҚР ҰҚК аймақтық Жағалау күзеті басқармасының бастығы полковник Ә.Каюповтың айтуынша, жағалау күзетінің гарнизон құрамы Қазақстанның 2480 шақырым шекарасын күзетсе, оның 1595 шақырымын теңіз жағалауы құрайды.

«Біздің мақсатымыз – мемлекеттік шекараның бұзылуына жол бермеу және еліміздің аймақтық тұтастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ оның биологиялық ресурстарын қорғау», – дейді полковник.

ҚР ҰҚК шекара қызметінің 25 жылдығына арналған эстафета 2017 жылы 18 тамызда Астана қаласында өз мәресіне жетеді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Фото: Серік МАЙЕМЕРОВ Маңғыстау облысы