• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Кино 21 Шілде, 2017

Апта фильмі: «Дюнкерк»

289 рет
көрсетілді

Британдық режиссер Кристофер Ноланның «Дюнкерк» атты жаңа фильмі Қазақстан кинопрокатына шықты.

Жыл: 2017

Ел: АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Нидерланд

Режиссер: Кристофер Нолан

Басты рөлдерде: Кеннет Брана, Джеймс Д’Арси, Том Харди, Гарри Стайлс, Киллиан Мёрфи, Марк Райлэнс, Джеймс Блур, Фьён Уайтхед, Дэмиен Боннар, Tom Glynn-Carney, Джек Лауден, Анейрин Барнард

Сценарий: Кристофер Нолан

Продюсер: Кристофер Нолан, Эмма Томас, Джэйк Майерс

Жанр: Драма, Тарихи, Әскери

Әлемдік премьера: 16 шілде 2017

Қазақстандағы премьера: 20 шілде 2017

Ұзақтығы: 106 минут

«Дюнкерк» - режиссердің тарихи оқиға желісі бойынша түсірген алғашқы фильмі. Осыған дейін автор арнаулы сценарийлер мен көркем шығармаларды экранизациялап келген-тұғын.  Картина батыстық киносыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болып, жұртшылық «Ноланның кезекті шедеврі» деп мақтап жатыр. Киносүйер қауымның бір парасы «Дюнкерк» – бұл нағыз импрессионизм шедеврі» десе, енді бір тарап «дәстүрлі емес, таң қалдырарлық әскери фильм» деп таңдай қақты.

Фильм оқиғасы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өрбиді. 1940 жылы мамырда одақтас елдердің әскерлері Францияның Дюнкерк портты қаласының жағалауында неміс әскерінің қоршауында қалады. Саны 400 мыңдай болатын британ, француз, бельгиялық әскерді Ұлыбританияға эвакуациялау кезінде жау қыспағы оларды теңізге қарай ығыстыра түседі. Күн сайын қор азайғанның үстіне, құтқарады-ау деген үміт үзілуге шақ қалады. Өлген күнде қаланың батыс шебінен қашып құтылдық деп ойлай берген жауынгерлер жексұрын жағалауға қайта айналып келе береді. Ал толассыз шабуылдан өліп жатқандардың арасынан кездейсоқ оқ тимей қалғандар жан дәрменмен тірі қалуға ұмтылысады.

Фильм оқиғасы теңізде, құрлықта, ашық әуеде өтетіндігінен соғыстың ұзын құрығынан ешқайда қашып құтыла алмайсың деген астар байқалады. Танымал кинокомпозитор Ханс Циммердің сүйемелдеуімен жазылған музыка толассыз ұрыс майданындағы атыс-шабысты дәл береді. Актерлық құрамды сәтімен таңдай білетін Нолан бұл жолы да Том Харди, Киллиан Мерфи, Кеннет Брана, Марк Райлэнс, Джеймс Д’Арси, Финн Уайтхед сынды таланттардың басын қосты.

Ая ӨМІРТАЙ,

"Егемен Қазақстан"