Үкімет алты айда атқарылған жұмысты қорытындылап, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы даму деңгейімізді жариялады. Нәтиже жаман емес, ІЖӨ көрсеткіші 4,2 пайызға артқаны мәлімделді. Дегенмен, нағыз сынақ кезеңі әлі алда сыңайлы. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың Үкімет мүшелеріне «босаңсуға болмайтынын» ескертіп, олқылықтарды түзеуді тапсырғаны да осыған дәлел. Үкімет басшысы кейбір кемшіліктерді көріп отырғанын айтып, бюджет қаржысының шығыс бөлігінің орындалуына мониторинг жүргізу қажеттігін тапсырған еді. Ол қандай кемшіліктер десек, «таяқтың ұшы» бюджет қаржысын игеру жайына келіп тіреледі екен.
Иә, «пәленше пайызы» игерілмей қалған деген сөзден құтылатын күн тумай тұр. Бұл мәселе биылғы жылдың басында Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да біраз сынға алынып, талқыға түскен болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке бюджеттен бөлінген қаржының бір тиынын да рәсуа қылмай, тиімді игеруді ескерткен. Себебі, уақытында игерілмей қалған қаржы жылдың соңында «әйтеуір игерілуі керек екен» деген сылтаумен, орынсыз жұмсалып кету қаупі де жоқ емес.
«Бөлінген қаржыны игеру» деген термин бар. Жыл бойына ақшаны алмай келеді де, жылдың аяғында қаржы игерілмеді деп айтпасын деп қаржыны қайда болса да шашады. Яғни, тек игерілді деген қорытынды алу үшін осындай қадамға барады», деген еді Мемлекет басшысы кеңейтілген жиында. Осы орайда Президент бұл мәселе қадағалауда болуы тиіс екеніне баса назар аударды. «Қаржы игерілмеген жерде бұл ақшаны алып, игеруге қауқарлы бағыттарға жіберу керек. Бюджетті қорғаған кезде әрбір министрлік түрлі бағыттарға қаржы сұрап келеді. Демек, осының барлығы негізсіз талаптар болғанын білдіреді. Оларды қаржыны игеруге мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Келесі жылы осы ведомствоға тиісті сомада қаржыны қысқарту керек», деп тапсырған. Әрине, бұл өткен жылдың соңында игерусіз қалған қаржыға қатысты айтылған. Бірақ биылғы жартыжылдықтың қорытындысында да игерілмеген сомалар анықталып отыр.
Биылғы жартыжылдықтағы бюджеттің орындалуы жайына тағы бір оралайық. Қаржы министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бюджеттердің барлық деңгейлерінде кірістердің өсу қарқыны қамтамасыз етілген. Бірақ бар мәселе сол шығыстарда болып отыр. Шығыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жарты триллионға өскен. Есептеп көріңіз, бұл көрсеткіш 2010 жылдың бюджеті көлемінен 200 млрд теңгеге көп. Енді сол шығыстардың игерілу жайына жекелей тоқталайық. Республикалық бюджет шығыстары 4 406,3 млрд теңгеге, яғни, 99,2 пайызға игерілген. 4,9 млрд теңге үнемделіп, 30 млрд теңге игерілмеген. Бұл атқарылған шығыстардың жалпы көлемінің 0,7 пайызын құрайды.
«Қаражатты игеру кезінде өнім берушілердің шарттық міндеттемелерді орындамауы, өткізілмеген конкурстар және олардың ұзақ өткізілуі, іс-шараларды өткізу мерзімдерін кейінге қалдыру фактілері әлі де байқалады», дейді Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов. Вице-министр бюджет қаржысын неғұрлым көп игермеген мемлекеттік органдардың тізімін де жариялады. Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігі – 7,2 млрд теңгені, Қаржы министрлігі – 7,1 млрд теңгені, Ауыл шаруашылығы министрлігі – 4,1 млрд теңгені, Бас прокуратура – 2,7 млрд теңгені, Энергетика министрлігі 2,2 млрд теңгені игермеген. Ал бұл игерілмеулерді болдырмау үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдар конкурстарды өткізуді, шарттарды жасасуды және оларды уақтылы орындауды созбауға тиістігін ескертті. Әрине, бұл ретте бюджет заңнамасының бұзылмауы тағы бар.
Үкімет отырысында айтылған мәліметтерде, 64 республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша жыл соңында игерілмеу сомалары қалыптасу қаупі бар екені де айтылды. Ол бағдарламалар бойынша 119 млрд теңгеге келісімшарттар әлі жасалмаған. Олардың ішінде 19 млрд теңге халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар бойынша бөлінбеген сома екен. Бұл жағдай мемлекеттік органдардың халықаралық ұйымдармен жұмыс жасауға ынталары жоқ екенін көрсетіп отырғандай. «Оларға бюджеттен тікелей қаражат алған, әрине, оңайырақ» дейді Қаржы министрінің орынбасары Б.Шолпанқұлов.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары да толық қамтылмаған. Мәселен, 474,1 млрд теңге сомасында өңірлерге бөлінген нысаналы трансферттер 96,5 пайызға игеріліп, 15,5 млрд теңге игерілмеген. Оның ішінде, 6,3 млрд теңге – Астана қаласына, 3,6 млрд теңге – Алматы қаласына, 1,7 млрд теңге – Қызылорда облысына, 1,1 млрд теңге Ақмола және Жамбыл облыстарына тиесілі. Игерілмеудің негізгі себебі жұмыс кестесінен қалыс қалу, шарттарды кеш жасасу жағдайларымен түсіндірілген.
Бұл ретте өткен жылдың қорытындысына назар аударған жөн. Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, шығындар бойынша жоспардың орындалмауы – 145,9 млрд теңгені, соның ішінде Үкіметтің пайдаланылмаған резерві – 75,6 млрд теңгені, үнем – 34,3 млрд теңгені, игерілмеу 36 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырысты орындауға бөлінген 12 млрд теңге пайдаланылмай қалған, 2016 жылы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылған сомасы 267,9 млрд теңгені құраған. Бастысы, игерілмеудің негізгі себептері жылда қайталана беретіні де, бұл салаға шынымен мониторинг жүргізіп, нақты шешімдер қабылдауды қажет ететіндей.
Әрине, жалпылай алғанда, бүкіл бюджет шығысының 0,7 пайызы ғана игерілмегеніне шүйлігу «тиын санағандай» болып көрінуі мүмкін. Бірақ жоспарлы түрде бюджеттен бөлінген қаржының әрбір тиынының өз шешетін мәселесі бар екенін естен шығармаған абзал. Тіпті, қазіргідей жаһандық экономика дағдарыс дертінен толық айыға алмай отырған келеңсіз кезеңде арқаны кеңге салуға болмасы анық. Ал өткен жылы әлемдік тауар нарығындағы қолайсыз конъюнктура, мұнай секторында өндіріс көлемдерінің қысқаруы Ұлттық қорға түсетін түсімдердің азаюына әкеп соққанын, Ұлттық қорға түсетін түсімдер 10,8 трлн теңгеге немесе 2015 жылмен салыстырғанда 8 еседен көп
Динара Бітік,
"Егемен Қазақстан"