Негізгі мәселе ретінде Елбасының халыққа арнаған Жолдауы мен Ұлт жоспарын жүзеге асыру ісіндегі сот органдарының қызметіне айрықша назар аударылды. Осыған орай аталған алқа отырысына Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Әлия Рақышева, Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьялары, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қатысты.
Елбасы Қазақстан судьяларының VII съезінде сот жүйесін жетілдіру ісі бойынша алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтып, сот төрелігін дамытудың негізгі бағыттарын белгілеген болатын. Онда Президент соттарға заң үстемдігін қамтамасыз ету, судьялардың жауаптылығын күшейту, лайықты судьялар корпусын қалыптастыру, сот істерін қарау тәжірибесінің бірізділігін қалыптастыру және құқықтық ағартушылық міндеттерін жүктеді. Өйткені, қашанда заң үстемдігін қамтамасыз етуде соттар басты рөл атқаратыны белгілі. Судьялардың жауаптылығы артқан сайын олардың тәуелсіздігі де күшейе түседі. Сол сияқты, азаматтардың құқықтық сауаттылығының арқасында сот дауларының санын айтарлықтай азайтуға болады. Міне, бұл бағытта бүгінгі күнде көптеген жұмыстар атқарылды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында сот жүйесін жаңғырту ісі қарқынды жүргізіліп келеді.
Осы жайлар қамтылған аталған отырысты ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми заң үстемдігін қамтамасыз ету жұмысының негізгі қорытындыларын мәлімдеді. Атап айтқанда, ол Ұлт жоспары шеңберінде жүргізілген реформалардың сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігіне оң ықпал еткенін атап өтті. Есепті кезеңде соттарда азаматтық істерді қарау мерзімі екі есеге қысқарған. Істердің 62,5 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралуда екен. Сот бұйрығы, дауларды шешудің баламалы тәсілдері және медиация тәртібінде қаралған істер саны едәуір артқан. Келісімдік тәртіптегі қылмыстық істер саны 43 пайызға, қысқартылған негіздегі істер саны 3,5 есеге артыпты. Сондай-ақ, жаңа ереже бойынша 191 судья іріктеліп, 140 судьяның кәсіби қызметі бағаланған. Жалпы алғанда, судьялар корпусы өздерінің кәсіби біліктіліктерін көрсеткен.
Бұдан кейін сөз алған Жоғарғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров меншік құқығын қорғау, соның ішінде, мыңдаған азаматтың мүддесін қозғайтын банк және тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу бағытындағы соттардың жұмысы туралы айтты. Ал Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин өз баяндамасында бүгінде сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының дәлелдемелерді жинақтау мен бекіту бойынша қылмыстық-процестік заң талаптарының бұзылуына байланысты соттардың ақтау практикасын күшейту қажеттігін атап өтті. Жоғарғы Соттың Мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева Жоғарғы Сотқа тараптардың бірі шетелдік инвестор болып табылатын 30 іс апелляция тәртібінде түскендігін мәлімдеді. Бұл өтініштердің басым бөлігі құзырлы мемлекеттік органдардың салық, экология, энергетика және т.б. салалар бойынша шешімдері мен әрекеттерін даулаумен байланысты.
Өз кезегінде мінберге көтерілген Жоғарғы Сот Департаментінің басшысы Н.Шәріпов соттардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен электронды сот төрелігі туралы баяндады. Оның айтуынша, биылғы жылы Қарағанды облыстық соты мен үш аудандық сот ғимаратының құрылысы басталған. Жаңа технологияларды қолданудың үлесі айтарлықтай артуда. Мәселен, барлық түскен өтініштер қатарындағы электронды түрде берілгендерінің үлес салмағы 89,8 пайызды құрайды. Бұған қоса, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы А.Смолин, Сот жюриінің төрағасы М.Шегенов, Сот төрелігі академиясының ректоры Т.Қаудыров және бірқатар облыстық соттардың төрағалары сөз сөйледі.
Кеңес жұмысын қорытындылай келе, Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми жаңартылған заңнама жағдайындағы сот жүйесі қызметінің кейбір мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, ол судьялыққа кандидаттардың жас шектелімінің 30 жасқа дейін артқаны, судьялық лауазымдарға жарияланған конкурсқа қатысушылардың жалпы отырыс қорытындысын алуы мен Сот жюриі шешімінің өзгеру тәртібін еске салды. Жоғарғы Сот Төрағасы қылмыстық процесті кезең-кезеңімен жаңғырту мен сотта өкілдік ету институтын кешенді жетілдірудің келелі бағыттарын айқындап берді.
ұрғындардың соттарға сенім деңгейінің артқаны атап өтілді. Мәселен, Демократия институтының деректеріне сәйкес, соңғы 6 жылда Жоғарғы Сотқа деген сенім деңгейі 67,6 пайыздан (2010 жыл) 75,4 пайызға дейін (2016 жыл) өскен.
Осыған орай Қайрат Мәми алдағы бірқатар басым міндеттерді атап өтті. Солардың қатарында, мәселен, сот әкімшілігін реформалау, судьялық кадрларды дұрыс іріктеу және біліктілігін арттыру, судьялардың жүктемесін азайту, сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу, сондай-ақ, тұрғындардың соттарға деген сенімін арттыру бойынша жүйелі жұмысты айтуға болады. Жоғарғы Сот Төрағасы бірыңғай сот практикасын қалыптастырудың маңыздылығын айта келе, алғашқы жартыжылдықта Жоғарғы Соттың 6 нормативтік қаулысы қабылданғанын және бұл бағыттың одан әрі күшейе түсетіндігін жеткізді. Жекелей алғанда, ол соттардың ғана емес, өзге де мемлекеттік органдардың бірқатар негізгі мәселелерін шешуді көздейтін «Болашақтың соты» атты жаңа жобаны іске асыру қажеттігін сөз етті. Қ.Мәми банктік несие, қарыз беру, кеңсежайды жалға алу, коммуналдық қызметтермен байланысты істер бойынша бұйрықтық іс жүргізу институтын кеңінен қолдануды тапсырды.
Еліміздегі Жоғары Сот Кеңесі төрағасының өкіміне сәйкес Алматы мен Астана соттарында нотариалдық жазба институтын қолдану аясын кеңейтудің қанатқақты жобасы іске асырылатын болады. Ахуалдық орталықты құру жұмысы да аяқталуға жақын. Ол соттар жұмысына мониторинг жүргізудің талдамалық мүмкіндіктерін неғұрлым арттырады деп күтілуде.
Кеңес жұмысының соңында «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сот отырысы» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жамбыл облысы Тараз қаласы №2 аудандық соты 1-орынды, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2-орынды, Солтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Қарағанды облысы Жаңаарқа аудандық соты үшінші орынды иеленді. Ал судьялардың осы жолғы жиынының ең басты ерекшелігі – кеңес жұмысының интернетте онлайн режімде көрсетілуі болды.
Александр Тасболат, «Егемен Қазақстан»