Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Маңғыстаудың бүгінде екінші тынысы ашылғандай. Бұған дейін «қара маржанымен» аты әйгіленген аймақ, енді тараптарды байланыстырып, тонналаған жүк айналымдарының өткізгішіне айналып, сол арқылы ел экономикасының дамуына да, алыс-жақындағы елдермен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға да атсалыспақ. Бұл бағыттағы шаралардың барлығы Елбасының Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін ұлғайтуға қатысты берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
Бағзы дәуірде «Жібек жолы» керуен жолының сүрлеуі шиырлаған дала жаңа заманға сай жаңаша серпіліп келеді. Ғасырлар бойы құлазып жатқан сары сахарада жаңа темір жол желілері тартылып, маң далада жаңа ауылдар бой көтерді. Теңіз жағасынан жаңа айлақтар ашылып, қазақстандық жағалауға келгіштейтін кемелер көбейді. Бұған дейін көбіне сырт әлеммен әуе жолы арқылы байланысатын Маңғыстауда халықаралық маңызға ие автокөлік, су жолдары және темір жол ауқымы кеңейді, желісі ұзарды. Мысалы, Өзен-Болашақ, Шалқар-Бейнеу, Боржақты-Ерсай жаңа темір жол желілері пайдалануға беріліп, 400 шақырымнан астам автокөлік жолы жаңғыртылды. Бұл – тың қозғалыс, үлкен серпін.
Бұл жаңаша түлеудің басында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың барды бағалай білуге бастаған тапсырмалары мен міндеттері тұрғаны белгілі. Әсіресе, «еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру тапсырмасы – өлкеде атқарылып жатқан алуан жұмыстың ұйытқысы болды. Бүгінгі Маңғыстау – жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуға белсене кіріскен өңір. Қазір аймақта теңіз порты жүк айналымын арттыру, өңірдің инвестициялық тартымдылығын көрсету бағытында елеулі жұмыстар жүргізілуде. Портты өңірде логистикалық жобаларды жүзеге асыру – еліміздің Каспий теңізіндегі қуатын арттыруға негізделген. Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын солтүстік бағытта кеңейту және Құрық портын жетілдіру жұмыстары – Қазақстанға екі бағытта тауар тасымалдауға мүмкіндік береді. Бірінші бағытта Қазақстан арқылы Ресейге, одан әрі Еуропа елдеріне жүк тасымалын жүзеге асырсақ, екінші бағытта Қорғастан Ақтау портына дейін, Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға, Грузияға шыға алатын боламыз. Бұл елімізге тауар айналымын еселеп өсіруге жол ашады. Осы мүмкіндіктер Маңғыстаудың өткізгіштік, дәліздік белсенділігін танытып, Қазақстанның ірі логистикалық хабы болуына сеп болмақ.
2016 жылы Құрық паром кешенінің алдыңғы бөлігі – темір жол желісінің және солтүстік бағытта кеңейтілу жұмыстарының іске қосылуы нәтижесінде Ақтаудың өткізгіштік қуатын жылына 19,5 тоннаға арттырып, тәулігіне 5 кемеге қызмет етуге, сондай-ақ, жүк өткізуді жылына 4 млн тоннаға дейін жеткізуге жол ашты. Маңыздылығына сай бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі және қарқынды сипат ала түсетін болады. 2020 жылға қарай су және темір жол арқылы жүк тасымалы артып, темір жолмен жүк тасымалдау 7 есеге көбейсе, биылғы жылға тауар тасымалын 1 млн тоннаға межелеген Құрық портының екінші кезеңі автомобиль өткелін салумен ол көрсеткіш 6 млн тоннаға жететін болады. Яғни, порттың құрылыс жұмыстары аяқталған соң ол әмбебап айлаққа айналып, мұнда барлық жүк түрлері қабылданады және өзге елдерге жөнелтіледі, флоттағы кемелер саны 20-ға жететін болады. Сондай-ақ, Құрық портының екінші кезеңінің аяқталып, пайдалануға берілуі баламалы бағыттар бойынша автокөлік тасымалын дамытуда бәсекелестік ахуал қалыптастырады.
Маңғыстаудағы тауар тасымалына қатысты алуан жобалар шетел инвесторларының жоғары қызығушылығына ие және өңір инвесторларға тек тартымды болып қана қоймай, олардың жемісті еңбек етуіне, өз қиялдарындағы ауқымды жобаларды іркілмей іске асыруына барынша жағдай жасап отыр.
Гүлайым Шынтемірқызы, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы