Облыс орталығында қолжетімді медициналық қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, сапасының қанағаттандырмайтыны біраздан бері айтылып келеді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бюро мәжілісіндегі талқылау, тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама бұл саланың әлі ақсап тұрғанын тағы бір айғақтап берді. Былтыр науқас жандар үш ай бойы жеңілдікті дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмаған. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владимир Безлер жағдайдың биыл да күрделі күйінде қалып отырғанын, оның басты себебі қаражат тапшылығына келіп тірелетінін жеткізді. Препараттарға қажетті қаржы 2,5 миллиард теңгені құраса, республикалық қазынадан бөлінгені – 1,5 миллиард. Жергілікті бюджеттен қарастырылғаны – 132 миллион. Бір сөзбен айтқанда, қолжетімді дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз ету жайы басы ашық күйінде қалып отырғаны анық. Ал облыстық мәслихаттың депутаты, ересектер ауруханасының бас дәрігері Юрий Белоногтың пікірінше, медицина саласындағы түйткілдерді шешудің бір жолы – тендерге қатысты заңнамалар мен ережелерге өзгерістер енгізу. Конкурс өткізудің нақты мерзімі белгіленуі керек. Әйтпесе, түрлі бюрократтық кедергілер мен қағазбастылықтар салдарынан процесс ұзаққа созылып кетіп жүр.
«Авгийдің ат қорасынан бастайық!» (Ғ.Мүсірепов) демекші, облыс тұрғындарының «бас ауруына» айналып отырған мәселелерді түзетудің жолдарын жергілікті жерлерде іздестірудің орнына бар кінәні республикалық ведомстволар мен заңдардың «шикілігіне» аудару қаншалықты ойға қонымды бола қояр екен? «Таяқтың екі ұшы болатынын» ескермейтініміз қалай? Әрине, тендер өткізуде қағазбастылық, жемқорлық көлденең көк аттыдай көлбеңдеп шыға беретіні рас. Бірақ, қалай десек те, қабылданған заң бар. Оның ережелерін бұлжытпай орындап, қарамағындағылардан талап ету, тәртіпті орнықтыру арқылы тендерден тентіремей шығып жүрген мысалдар көп-ақ. Олай болса, қордаланған проблема атаулыны бір заңға ысырып тастап, жауапкершіліктен ат-тонды ала қашу қаншалықты қисынды? Біздіңше, дімкәсі жанына батқан науқасқа ең керегі – нақты іс, түпкі нәтиже, яғни сапалы медициналық қызмет, қолжетімді баға. Қаражатсыз-ақ кемшіліктерді түзетудің жолдары аз емес. Мәселен, бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Екатерина Ильина дәрі-дәрмек бағасының қымбаттылығы жөнінде қанша дабыл қақса да, «баяғы жартас – бір жартастың» кебін құшып келеді. Қатарлас екі дәріханада бір препараттың құны әрқилы, айырмашылығы әжептәуір. Міне, қолында бақылау, айыппұл төлеттіру құқығы бар мекемелер осы жағын індете тексерсе, талай былық пен шылық әшкереленер еді.
В.Безлердің мына «жаңалығы» да таңдандырмай қоймайды. Оның биыл өңірге келетін 90-ға жуық жалпы тәжірибедегі жоғары білімді мамандарды қысқа мерзімді курстарда оқыту арқылы тар шеңбердегі салалық дәрігерлер мәселесін шешу жөніндегі ұсынысына сену қиын. Өңірде 300-дей дипломды кадр тапшы. Аса зәру саналатын лор, педиатр, окулист, фармакологты қай мамандық есебінен «дайындайтыны» түсініксіз.
Сол сияқты мектептердегі медициналық пункттер санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмегендіктен, 25-не лицензия берілмеуі көп жайтты аңғартса керек. Осылайша бірі тендердің «тентіретіп» бара жатқаны жайлы дабыл қағып, екіншісі қаражат жетіспеушілігін көлденең тартып, жауапкершілікті өзгеге ысырып тастаудың амалына көшкен тәрізді.
Өмір Есқали, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы