– Бірақ ол айтуға ғана оңай! – дейді Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Есет Ералин.
Шала туған балаға ерекше күтім керек. Тымаққа салып, керегенің басына іліп қоятын баяғы заман жоқ. Құдайға шүкір, қазір перзентханаларда уақытынан ерте туған, түрлі ауытқуы бар нәрестелерге күтім көрсететін медициналық аппараттар бар ғой. Соның өзінде өмір мен өлім арасындағы арпалыстан аман қалған әрбір сәбидің тағдыры – дәрігерлер үшін зор жеңіс, үлкен қуаныш.
Перинаталдық орталықты аралап келеміз. Есет Ғабитұлы бұрылыс-қалтарысы көп ұзын дәлізбен жүріп келіп, бір қабырғаны алып тұрған үлкен суретті тақтаның алдына тоқтады. Тақтада шала туған, дүниеге келгенде салмағы аз болған сәбилердің жаңа туған кезіндегі суреті мен кейін өскен кездегі бақытты бейнесі ілінген екен.
– Мынау Андрюшина, дүниеге келгенде салмағы 763 грамм ғана болған еді. Қазір 2,5 жаста. Ал мынау – апалы-сіңлілі Құрмашевалар, өмірге келген кезде үшем қыздың бірі – 1280, бірі – 1320, үшіншісі – 2400 грамм болған еді, мына суретте би көйлегін киіп, бой түзей қалғанын көрмейсіз бе?! Өмірге 817 грамм болып келген Берниязова, 718 грамм болған Беккер де бой жетті. Салмағы 1 келіге жетер-жетпес болып келген Қажымұратова – қазір оқу озаты. Жарық дүние есігін небәрі 876 грамм болып ашқан Ғайнуллин да жігіт болып қалды, – деп таныстыра бастайды Есет Ғабитұлы. Дауысынан мақтаныш сезіледі.
Есет Ғабитұлы – 2002 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясын бітірген акушер-гинеколог. Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында, Орал қалалық №2 перзентханада акушер-гинеколог, босандыру бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарған. 2015 жылғы маусымнан бері Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталығы директорының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары.
Есет Ғабитұлын әріптестері жоғары білікті санаттағы дәрігер акушер-гинеколог ретінде ерекше сыйлайды. «Жедел акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуде акушерлік жәрдемнің барлық түрін, жүкті әйелдер мен босанатын әйелдерді консервативтік емдеудің тактикасын меңгерген. Өз жұмысында жаңа медициналық технологияларды пайдаланады. Бірнеше рет ана мен бала өміріне қауіп төндірген жағдайларға қатысып, мұндай жағдайлардан әрқашан сәтті нәтижемен шығып келеді. Директордың орынбасары лауазымында еңбек ете отырып, кәсіби ұжым құра білді. Акушерия мен гинекологиядағы сыни жағдайлар кезінде кезек күттірмейтін көмек көрсетудің барлық түрлерін меңгерген, өзінің кәсіби деңгейін үнемі арттырып отырады» делінген екен кейіпкерімізді жоғары мемлекеттік награда ұсынған құжатта.
– Былтыр Ақсай қаласында оқыс оқиға болды. Бір келіншектің үстіне қоқыс контейнері құлап кеткен. Қол-аяғы сынып, басына зақым келген әйелдің құрсағында алты айлық баласы бар еді, - деп еске алады Есет Ералин.
Науқас бірден Ақсай ауруханасына жеткізілген. Ол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң Орал қаласына әкелінді. Нейрохирургтер мен травматологтер оталарын жасап, әйел өз-өзіне келген соң акушер-гинекологтар болашақ ананы қамқорлыққа алды.
– Біз құрсақтағы сәбидің жетілуін, ана мен баланың денсаулығын мұқият бақылап, қолдан келгенше жағдай жасадық. Сөйтіп, уақыты келгенде кесар тілігін жасап, сәбиді дүниеге әкелдік. Құдайға шүкір, ана да, бала да аман! Бұл оқиға дәрігер қауымына үлкен сын болды, абыроймен өткенімізге қуанамыз, – дейді Есет Ғабитұлы.
Кейіпкеріміздің осы салада еңбек етіп жүргеніне 14 жылдан асып барады. «Кіндігін кескен балаларым 2 мыңнан асқан шығар», дейді ол күліп. Құдайға шүкір, жыл басынан бері перзентханада ана өліміне жол берілген жоқ. Бала туу көрсеткіші де жыл сайын өсіп келеді. Орталық мамандары жедел дәрігерлік көмек қажет болса, облыстың кез келген түкпіріне аттанып кетуге даяр. Санитарлық авиация арқылы акушер-гинекологтар 2016 жылы 55 мәрте жолға шығыпты. Биылдың өзінде 16 шақырту болған.
– Бүгінде ғылым дамыды, технология жетілді. Интернет арқылы ауыл-аудандағы әріптестерімізге кәсіби кеңес беру, ақылдасу оңайлады. Санавиация көмегі де кез келген уақытта дайын. Сондықтан, өз тарапымыздан ана мен балаға кәсіби медициналық жәрдем көрсетуге әрқашан дайынбыз. Тек біздің болашақ аналарымыз тарапынан да жауапкершілік керек-ақ. Жүктілік кезеңінде уақытымен тіркеуге тұру, УЗИ-ден өту, өз денсаулығын күту туралы болашақ аналарға айтудан, қайталаудан жалықпаймыз. Өйткені өмірге перзент әкелуден, жаңа адам әкелуден артық жауапты нәрсе жоқ қой, – дейді Есет Ғабитұлы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ