Спикер «Тамыз кеңесі» барлық мұғалімдер үшін аса маңызды шара екенін атап өтіп, жиын аясындағы секциялық жұмыстар әр облыс орталықтарында өткізілетіндігін баяндады.
«Ең үлкен секция бұл – білім саласын жаңартылған мазмұнға көшіру секциялары. Бұл секциялар әр облыс орталықтарындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің базасында өткізілетін болады. Өздеріңізге белгілі, біздің саламызда былтырғы оқу жылынан бастап жаңартылған мазмұн енгізіліп жатыр. Бұл бірқатар өзгерістермен байланысты. Айта кететін тағы бір жайт, 2, 5, 7 сыныптар биылғы жылы осы жаңарту мазмұнына көшіп, олар үшін жаңа оқу бағдарламалары, оқулықтар және сыни тұрғыдан ойлау мәселелері қарастырылған. Осы сұрақтар облыс орталықтарында өтетін секцияларда мұғалімдер, білім саласы өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен, қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен жете талқыланады», деді Ш.Каринова.
Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті директорының айтуынша, тамызда болатын кеңесте былтырғы оқу жылының негізгі мәселелері талқыланып, алдағы оқу жылына жүйелі жоспар жасалынады.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»