Ең әуелі Ақжар ауылының қақ ортасында ұлы Абайдың еңселі ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Биіктігі тұғырымен қоса алғанда 7 метр болатын туындының авторы – Тарбағатайдың тумасы, есімі елге белгілі суретші Әлібек Шоқанов. «Бұл – менің Тарбағатай ауданындағы екінші Абайым. Былтыр Ақсуат ауылында һәкімнің мүсіні қойылған болатын. Ескерткішті қашауға екі ай уақыт жұмсадым. Әрине, оңай болды деп айта алмаймын. Ұлы ақынға бұған дейін қойылған ескерткіштердің барлығын мұқият қарап шықтым. Данышпанның ойлы кейіптегі бейнесін көрсетуге тырыстым. Жүрек тұсында – оң қолы, сол қолында – кітабы. Сондықтан бұл жерге келген адам ақынның өлеңдерін, қара сөздерін еске алып, тұлға рухына бас иеді деп ойлаймын», дейді суретші. Ескерткіштің ашылу салтанатына ақынның туған топырағы – Абай ауданынан әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің рухани інісі болған, қаламгер Кәмен Оразалиннің ұлы Елдар Оразалин мен Әсет Мырзақасым арнайы қатысып, ұлылар елінің лебізін жеткізді. Сонымен қатар Ақжарда белгілі журналист, қаламгер, ұзақ жылдар облыстық «Рудный Алтай» газетінде қызмет атқарған Шәкерхан Әзмұханбетовтің «Үкілі найза ұстаған үш Байжігіт» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, шара соңында кітап авторына «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы табыс етілді.
Дәл осы күні Маңырақ ауылында да бірқатар игі шаралар ұйымдастырылды. Шараның ең үлкені – Қаракерей Қабанбайдың немере інісі әрі үзеңгілес серігі болған, Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында ерлігімен көзге түскен Дәулетбай батыр мен баһадүрдің ұрпағы, ақын Әрімжан Жанұзақұлына еңселі ескерткіштің қойылуы. Ерекше атап өтерлігі, қос ескерткіш те «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында бой көтерген.
Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев елге тұтқа, жерге пана болған ерлердің есімдерін ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғырту Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында қолға алынып жатқанын, Мемлекет басшысының толғамы ауылдағы азаматтардың жігерін жанып, үлкен серпін бергенін, туған жерге деген құрметін арттыра түскенін айтады. Мәселен, Екпін ауылының тумасы, кәсіпкер Дулат Тастекеев туған ауылындағы бір көшені 15 миллион теңгеге толықтай асфальттап беріпті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. «Бұрын аудан орталығы болған, шалғайдағы Ақжар өңіріне әрдайым көңіл бөліп келеміз. Алаштың ғана емес, адамзаттың ақынына айналған Абай ескерткіші Парижде бар, Мәскеуде бар, Бейжіңде бар. Жалпы, ұлы ақынға еліміздің қай қаласына, қай ауданына, қай ауылына ескерткіш қойсақ та артықтық етпейді. Өйткені Абай – барша қазақтың Абайы. Ал ұлы тұлғаның Ақжардың төрінен орын алуы елді мекеннің еңсесін тіктеп, мұндағы игі істердің еселене түсуіне жол ашады деп ойлаймыз», деген аудан басшысы жақын күндері Ақсуатта «Туған жерге туыңды тік» атты халықаралық айтыс ұйымдастырылып, Сасан би мен Тана мырзаға да еңселі ескерткіш қойылатынын жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы