Сондықтан да жиын барысында қазақ жастарының форумы өтті. Форумға шетелдік бауырларымыз және өзіміздің «Жас Отан», «Жасыл ел» сияқты жастар ұйымдары, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқып жүрген студенттер қатысты. Үшінші ерекшелік – туғанына 100 жыл толып отырған дінтанушы-ғалым Халифа Алтайдың мерейтойына орай «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілуі. Құрылтайдың төртінші ерекшелігі – оның баламалы энергия бойынша жер жүзінің инновациялық жетістіктерін паш ететін ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтуі. Өйткені бұл көрме Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын өзіне аударып отырған үлкен шара болып табылады. Тәуелсіздіктің 25 жылында дүниежүзілік қоғамдастық алдында зор беделге қол жеткізген Қазақстанның әрбір қадамы сыртта жүрген ағайынды қуантады, мақтаныш сезіміне бөлейді. Бұл оқиғалардың сәйкес келуі қай жағынан қарасаңыз да барлық тараптан үйлесімін тапқан берекелі де баянды істің көрінісі екені анық.
Алқалы жиында сөз алған Мемлекет басшысы ең алғашқы құрылтай өткен 1992 жылдан бері елімізде қол жеткізілген жетістіктер туралы баяндады. «Еліміздің болашаққа бастар бағыты мен мақсаты да айқын. Алдымызда тұрған «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі мақсаты – өркендеген, дамыған ең озық елдердің қатарына қосылу», деді Елбасы.
Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселелер осы белгіленген жұмыстардың өзегі болатынын жеткізді. Бұл қоғамдық сананы түбегейлі өзгертіп, жаңа ұрпақ қалыптастыруға бағытталған алты жобаны қамтиды. Солардың бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам болып табылады.
«Туған жер» бағдарламасы әрбір азаматтың туған еліне, жеріне қамқор болуын көздейді. Әр азамат өзінің тарихи Отанына жақсылық істесе, ол бүкіл халықтың берекесіне айналады» дей келіп, Елбасы қандастарымызды осы жобаға белсене қатысуға шақырды.
Өткен ХХ ғасыр қазақ халқы үшін қияметке толы өте ауыр жылдар болғаны аян. Сталиндік режім қазақ үшін сөз айта алатын бас көтерер қайраткерлердің барлығын жойып жіберді. Қиын кезеңде қаншама қазақ бас сауғалап жан-жаққа шашырап кетті. Қазіргі таңда миллиондаған қандасымыз шетелде тұрып жатыр. Үштен бір бөлігі әлемнің 40-тан астам еліне тарыдай шашырап кеткен жер бетінде бірде-бір халық жоқ шығар. Тәуелсіздік жылдарында 1 миллионнан астам қандасымыз елге көшіріліп алынды. Бұл Елбасының тарихи ұлы істерінің қатарына жатады. 1991 жылы еліміздегі қазақтың үлесі 40 пайыздай болса, қазір бұл көрсеткіш 70 пайыздан асады. Құрылтайдағы сөзінде Президент елге бағытталған ұлы көш тоқтамайтынын, жалғаса беретінін қадап айтты.
Мемлекет басшысы шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» атты қор құруды және оған елдегі қалталы азаматтарды тартуды тапсырды.
Құрылтайда Елбасы айтқан тағы бір маңызды мәселе – шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда білім алуларына бар жағдайды жасау. Қазір олар грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады. Қандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді Үкіметке тапсырды. Демек, ендігі жерде Қазақстан тарапынан шетелдегі жастарға бөлінетін жоғары білім гранты 4 пайыз деңгейінде болады.
Аталған мәселе М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінде айрықша ризашылық сезімін тудырды. Бүгінгі таңда факультетте 12 елден келген 700-ден астам студент және дайындық бөлімінде жүзге тарта тыңдаушы оқып жатыр. Олардың басым бөлігі – өз қандастарымыз. Сонымен қатар Елбасының шетелдегі қазақ балалары үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу туралы Үкіметке берген тапсырмасы да қуанышқа бөлеуде.
Шет елдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыру мәселесі де Елбасы сөзінде айтылды. Мемлекет басшысы Үкіметке осы мәселеге қатысты да тапсырма жүктеді. Көршілес Өзбекстан Республикасында 1 миллион 400 мың қандасымыз тұрып жатыр. Қазақ диаспорасының қалың шоғырланған өңірі – Ташкент обылысы. Міне, осы жағдайды ескере отырып, Ташкент қаласында ОҚМУ-дың өкілдігін ашу мәселесі де қолға алынып отыр.
Бүгінде егемен ел, тәуелсіз мемлекет болып ту тігіп отырған Қазақстан Республикасы – қазақ атты халықтың төрткүл дүниедегі бірден-бір Отаны, арқа сүйер сүйеніші. Жақында өткен құрылтай осыны тағы да дәлелдей түсті деп ойлаймыз.
Сейдехан ӘЛІБЕК, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Шет ел студенттерімен жұмыс жүргізу және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы