• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Шілде, 2017

Даму көкжиегі кеңейе түсті

201 рет
көрсетілді

Ақтөбе өңірінің экономикалық мүмкіндігі зор. Мұнда жер асты қазба бай­лық­та­рының мол қоры бар. Өңірде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып ке­леді. Соң­ғы жылдары бұл салада егіншілік және мал шаруашылығымен қатар жол­ға қой­ылған құс, қоян, ешкі өсіру, жеміс-жидек өндіру сияқты дәстүрлі емес ша­руалар да қайтарым бере бастады. Шаруашылықты жүргізудің нарық­тық жүйе­сін игеру, жаңаша жұмыс істеуге төселу облыстың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық дамуы жағынан көшбасшы өңірлердің қатарынан көрінуіне ал­ғы­шарт жа­сап отыр.

Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапар­баев өңірдегі барлық бұқаралық ақпа­рат құралдары басшылармен, редакторлар­мен және журналистермен кездесуінде дәй­ек­ті дәлелдер келтіре отырып, нақты ба­ян­дады. 

Айта кетейік, экономиканың белсенді өсімі облыстың республикадағы шапшаң да­ми­тын өңірлерлердің бестігіне кіруі­не мүмкіндік берді. Есепті кезеңде өнер­кә­сіп­тік өнім өндірісінің көлемі 4,9 пайыз арт­ты. Өнер­кәсіп кәсіпорындары 700 млрд тең­генің өні­мін өндірді. Өңдеу өнеркәсібі 111,4 пай­ызға өсті. Аталмыш көрсеткіш бойынша об­лыс еліміздегі өңірлер арасында екінші орын­ға көтерілді. Негізгі капиталға құйылған инвес­тиция 131,8 пайызды құрады. Бұл өзге өңірлермен са­лыстырғанда анағұрлым жо­ға­ры көр­сет­кіш болып табылады. Өңір эко­но­ми­ка­сына 160 млрд теңгеден астам қар­жы тар­­тылды. Ағымдағы жылы 1700 жаңа жұ­­мыс орнын аша отырып, жалпы құны 33 млрд тең­ге болатын 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Жалпы, осы кезеңде өңірде 8,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды. 

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі де 103,7 пайызға өсті. Облыста «Коопе­ра­ция туралы» заң тиімді жүзеге асырылуда, қа­зір­дің өзін­де 171 кооператив құрылды, та­ғы 26-сы осы жылдың соңына дейін жұ­мысын бастайтын болады. 

Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі 111 пайызға өсіп, 242 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін кем дегенде 650 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Жеке тұр­ғын үй құрылысын дамыту аясында осы жылы 15 мың жер телімін беру жос­пар­лануда. Айта кету керек, Ақтөбе – Қазақ­стан­дағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясын­да «таун­ха­ус» типіндегі үш қабатты не­сие­лік және тез тұрғызылатын жеке тұрғын үй­­лер­дің құ­рылысын жүргізіп жатқан қа­ла­­лар­дың бір­ден-бірі. Бірінші кезеңде 210 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2952 пәтер, соның ішін­де 2017 жылы 914 пә­тер са­лын­бақ. Белс­ен­ді тұрғын үй құры­лы­сы­мен қа­тар қа­ла­ны көркейту және кө­гал­дан­дыру жұмыс­та­­ры жүр­гізілуде.  Өңір басшысының айтуынша, 2017 жылы облыста салынып жатқан 23 мек­теп­тің 14-і пайдалануға беріліп, 5450 орындық мек­тепке дейінгі балалар мекемесі ашылатын болады.Өңірде сапалы әрі қолжетімді меди­ци­на­ның дамуына да баса назар аударылуда. Ақтөбеде батысқазақстандық меди­цина клас­т­ерін дамыту жұмыстары жал­ға­суда. Осы жылдың өзінде 29 денсау­лық сақ­тау ны­­са­нын, соның ішінде аудандар­да салу қа­рас­­ты­рылған.  Өңірде сондай-ақ, көлік-логистика саласын белсенді дамыту жалғастырылады. Осы жылы барлығы 141 шақырымдық рес­пуб­ликалық маңызы бар жолдар 2,3 млрд тең­геге, 298,5 шақырымдық облыстық және жер­­гілікті маңызы бар жолдар 8,8 млрд тең­геге орташа жөндеу жұмыстарын қа­жет етеді. «Ақтөбе-Ор» көлік жолын қайта қал­пына келтіру, Ақтөбе қаласынан шығатын жол­дағы өтпежолды салу секілді т.б. ірі жобалар­ды жүзеге асыру басталды. 

Облыста мал азығын дай­ын­дау да қар­қын­ды жүргізілуде. Жалпы, өңірде қол жет­кен биіктен аласармаудың барлық ал­ғы­шарттары бар. 

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ