• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Білім 25 Шілде, 2017

Еуразия ұлттық университеті әлемдік рейтингте едәуір ілгеріледі

454 рет
көрсетілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік қос бірдей рейтингте қазақстандық ЖОО арасында көш бастады.

Испанияның ең ірі қоғамдық ғылыми-зерттеу институты –  (ConsejoSuperiordeInvestiqacionesCientificas (CSIC) ғылыми-зерттеу  жөніндегі Жоғарғы кеңесі Webometrics «TRANSPARENT RANKING: Top Universities by Gooqle Scholar Citanions» рейтингісінің қорытындысын жариялады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті екендігін тағы да дәлелдеп, әлемдегі үздік 4 982 университет арасында 725-орынға көтерілді. Бұл рейтингке республикамыз бойынша алты жоғары оқу орны қатысқан: екінші орында – Назарбаев Университеті (1 382 орын), үшінші орында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (3 559 орын). Сонымен қатар Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті – 4 077 орынды, Қазақ-Британ техникалық университеті – 4 932 орынды, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті 4 961 орынды иеленді.

Еуразия ұлттық университеті Қазақстан мен Орта Азияны былай қойғанда, ТМД елдерінің ЖОО-лары арасында озық жетістікке жетіп отыр. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, өте қысқа мерзім ішінде әлемнің ең үздік университтері қатарына еніп, осындай жетістікке жету – нағыз әлемдік феномен және қарқынды түрде алға ілгерілеу. Бұл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұжымының кәсіби деңгейінің жоғары екенін және жұмысты жұмылып атқарып отырғанын дәлелдейді.

Cондай-ақ ең ірі қоғамдық ғылыми-зерттеу институты – (ConsejoSuperiordeInvestiqacionesCientificas (CSIC) Жоғарғы кеңесі Webometrics Rankingof World Repositories рейтингісінің шығарған қорытындысы бойынша Еуразия ұлттық университеті әлемдік деңгейде 878, Қазақстан бойынша І орын иеленді.

Webometrics рейтингісінде бағалаудың маңызды критерийі – ғаламтор желісінде ұсынылған ғылыми мақалалар, ЖОО ғалымдарының зерттеулері мен олардың дәйексөз көрсеткішінің болуы. Айта кеткен жөн, 2017 жылғы шілдедегі рейтинг бойынша қазақстандық 8 электронды ғылыми мұрағат ұсынылса, қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік сатыда 1 973, республика бойынша 4-ші орынға тұрақтаған болатын.

Бүгінде «еуразиялықтардың» электрондық ғылыми мақалаларға ашық қолжетіміділік мүмкіндігімен қамтамасыз ететін Еуразия ұлттық университетінің репозиторий қорында 10 000-нан астам материал бар. Бұл ретте Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақстандық ЖОО арасында алғаш болып шетелдегідей мақалаларға еркін қолжетімділік мүмкіндігін тәжірибеде қолданып келеді.