КҮЛ ҮЙІНДІЛЕРІ КІРПІШКЕ АЙНАЛДЫ
Жуырда Екібастұзда керамикалық кірпіш шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Кеншілер қаласының тұрғындары үшін жаңалығы мен жақсылығы бар кірпіш зауытының ашылуына облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі келіп қатысып, өндіріс тетігін іске қосты. Егер осындай өндіріс орындары бірінен соң бірі ашыла берсе бұрыннан бері айтылып, жауыр болған кеншілер қаласының кіреберісіндегі күл үйінділері, яғни жиналып қалған көмір қалдықтарының азаюына әсер ететіні сөзсіз.
Расында да, кеншілер қаласына келе қалсаңыз, тау болып үйілген бәленбай жылғы күл үйінділері қарсы алады. Ауаға ұшып жатқан көмір қалдықтарының кесірінен, әрине, ауылдары айнала қоршаған өндірісті қаланың жалпы, өңірдің экологиялық жағдайы да күнге-күнге нашарлап барады. Оны Екібастұзға, Солнечный кентіне жолыңыз түсіп бара қалғанда жаңа ғана жауған аппақ қардың бетіне түскен күл-қоқыстардан-ақ байқай аласыз. Мысалы, бір ғана ГРЭС-2 стансасындағы жұмыс жасап тұрған бес блокқа бір жылда 6 миллион тонна көмір жағылады екен. Ал, Екібастұздың көмірінің отыз пайызға жуығына дейін күл шығаратынын ескерсек, бұл стансаның блоктары қаншама қоқыс қалдықтарын шығаратынын есептей беріңіз. Сондықтан жергілікті және келіп-кететін шетел ғалымдары қалауын тапса қар жанар деп көмір қалдықтарын тұрмыстық қажетке жаратып, одан зор пайдаға да кенелуге болады деп түйін жасады.
Мәселен, титтей түймеден түйедей жаңалық аша қоятын жапондықтар Екібастұзға келген бір сапарларында тау-тау күл үйінділеріне көздері түсіп, сатып алуға қыруар қаржы ұсынған да көрінеді.
Жапондық ғалымдар үйіліп жатқан көмір күлінің құрамында көптеген заттар темір, алюминий, галий, рений, германий секілді сирек кездесетін заттар барын білген. Олар күлдің құрамындағы рений мен германийдің алтыннан да бағалы түсті металға жататын айтып кетіпті.
Қытайлықтар болса, көмір күлінен цемент өндіріп, кафель жасап шығарады екен. Жергілікті ғалымдар да бос қарап жатқан жоқ. Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының ғылыми мәселелер жөніндегі проректоры, профессор Евгений Максимовтың басшылығымен “Екібастұз өңірінде техногендік материалдарды және минералдық шикізаттарды кешенді пайдаланудың әдістері” атты арнайы жоба жасалды. Ал, өткенге үңілсек, бүгінгі ғалымдарға сабақ болған бұл жолды академиктер Иван Бардин, Қаныш Сәтбаевтар жалпы шикізаттар мен техногендік материалдарды тиімді пайдалану әдісін, яғни көмір қалдықтарын қайта өңдеу жобасының негізін салып кетті. Соғысқа дейінгі жылдары сол кездің өзінде Қаныш ағаларымыз ауаға ұшып шығатын қалдықтардың құрамында өте сирек кездесетін металдар болатынын дәлелдеп берген. Бірақ, заманына қарай бар ықылас-зейін ашық әдіспен өндіріліп алынатын тас көмір тасқынына ауды да, ал тау-тау үйілген күл үйінділері қаланы айнала қоршай бастады. Күлді қайтадан өңдеуге назар аударылмады. Екібастұздық ғалым Евгений Максимовтың айтуынша, бұл жағдай шетелдерде басқаша көрініс тапқан, мысалы, оларда көмір кеніштерінің жанында арнайы ғылыми орталықтар жұмыс жасайды.
Олар біздегідей тау-тау күл үйіп тастамайды, шағын зауыттар арқылы көмір қалдықтарын өңдеп, бірі цемент, бірі плита, әк кірпіш, құрыш өндірумен айналысады. Экологияға, айнала қоршаған ортаға еш зияны да тимейді.
Күл үйінділерін өңдесе, осы жердегі орта және шағын кәсіпкерлік те жақсы жолға түсер еді. Сол айтқан күндердің беті бері қарап келе жатқан сияқты. Шетелдіктер сияқты қалдықтарды да іске жарататын алғашқы өндіріс орны іске қосылды. Сең қозғалды. Жоғарыда айтқан керамикалық кірпіш зауыты енді қалдықтарды өңдеп, отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің қатарына қосылды. Бұл биылғы жылы іске қосылған облыстағы төртінші кірпіш зауыты, қалдықтарды да іске жарататын сәт келді.
– Күл үйінділері де пайдаға жарап, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге енді. Жалғыз кірпіш емес, басқа да құрылысқа керекті материалдарды енді қалдықтарды іске жарату арқылы жасап алуға болады. Бұған көзіміз жетті. Зауытта жылына 25 миллион кірпіш шығарылады. Жылына осыншама тонна кірпіш шығару үшін өндіріске кемінде 250 мың тонна көмір қалдықтары қолданылады. Біздің зауытқа бұл шикізатты “Ангренсор” компаниясы жеткізеді. Ал, зауыттың жалпы қуаты жылына 50 миллион кірпіш шығаруға жетеді. Мұндай зауытты салуға 9,5 миллион АҚШ доллары жұмсалды, – дейді зауыт директоры Әлібек Қуанышұлы.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.
ҚОРДЫҢ МАҚСАТЫ – АУЫЛДЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУ
Қазақстанда халықтың 47 пайызы ауылдық жерде тұрады. Соған орай ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бірнеше мәрте айтылған басым міндеттердің бірі болып отыр. Ауылдарымыздың өмірін сапалық жағынан көтеру, ондағы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қалуда. Осындай міндеттерді басшылыққа алған “Ауыл шаруашылығын қаржылық жағынан қолдау қоры” акционерлік қоғамы өз ұстанымын белсенді түрде жүргізіп, осы мақсаттарға қол жеткізу бағытында жұмыс істеп келеді.
Мемлекеттік қаржылық қолдау қорының негізінде 1994 жылы құрылған бұл Қор даму барысында бірқатар өзгерістерге ұшырады. Арада 15 жыл өткеннен кейін бүгінде мемлекеттің қаржылық қолдауы аясында ауылды шағын несиелеу саласындағы өз қызметін табысты жүзеге асырып келе жатқан ірі құрылымдардың арасында лайықты орнын алып отыр.
Мемлекеттік саясатты жүзеге асыра отырып, Қор елеулі нәтижелерге жетті. 2009 жылдың қорытындылары бойынша Қордың несие мүмкіндігі 9,8 млрд. теңге болды. 53,0 мың теңгелік шағын несиелер берілді. Ал 2005 жылы Қордың несиелік аумағы небәрі 9,3 миллион теңге болғанын және 9504 теңгеге ғана шағын несие берілгенін ескерсек, бұл үлкен жетістік екені даусыз. Ауыл шаруашылығын шағын несиелеудің жалпы құрылымында мал шаруашылығына 58 пайыз, егін шаруашылығына 38 пайыз, ал бизнес түрлеріне 5 пайыздай қолдау көрсетіліп отыр. Гендерлік саясатты жүргізу бағытына да көңіл бөлінуде. Барлық берілген шағын несиелердің жалпы көлемінің 37 пайызы әйелдерге тиесілі.
Мұның өзінде Қор жұмысының маңызды қыры әлеуметтік саламен астарласып жатыр. Ол өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласындағы кедейшілік деңгейін ауылдағы жұмыс орындарын құру және шағын бизнесті дамыту жолымен төмендетуге бағытталған.
Әлеуметтік міндеттерді орындау тиімділігін арттыруға арнап Қор үстіміздегі жылы халықаралық рейтингтік агенттікті шақыруды жоспарлап отыр. Бұл агенттік – әлеуметтік рейтинг алу үшін шағын қаржылық ұйымдар қызметін бағалауға маманданған құрылым. Мұндай рейтинг түрі шағын қаржы ұйымдарының әлеуметтік мақсаттарды орындау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әл-ауқат деңгейін жақсарту және басқа әлеуметтік сипаттағы көрсеткіштерді арттыруға негізделген.
Өз мүмкіндіктерін кеңейте отырып, Қор 2009 жылы ауыл шаруашылығын шағын несиелеу жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруға арналған жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттарды тарту жөнінен орасан зор жұмыстар жүргізді деуге болады. Осының негізінде 12 өңірдің жергілікті атқару органдарымен 1,45 миллиард теңгеге келісімдер жасалып, 500-ден астам шағын несиелер берілді.
Шағын жылыжай кешендерін сатып алуға, олардың құрылысы мен пайдалануға арналып 2008 жылы қабылданған жобаны іске қосу жұмыстары өткен жылы да жалғасын тапты. Оларға арналып 293,1 миллион теңгенің қосымша қаражаты бөлінді. Егер 2008 жылы 56 жоба мақұлданса, 2009 жылы олардың саны 93 жобаға дейін артты. Мұның өзінде қамтылған алаңның көлемі 1,93 гектардан 6,06 гектарға дейін көбейді. 2009 жылы оңтүстік өңірлерден басқа еліміздің батыс аймақтары да қосымша қаражаттармен қамтылды.
“Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін несиелеуге арналған шағын несиелеу ұйымдары желісін дамыту тұжырымдамасын” жүзеге асыру шеңберінде Қор 2007-2008 жылдары 94 ауданның ауылдық елді мекендерінде жұмыс істейтін осындай 51 шағын несиелеу ұйымдарын құрды. 2009 жылы Қормен бірлесе құрылған шағын несиелеу ұйымдары арқылы 5128 ауыл тұрғынына шағын несие көмегі берілді. Ауылдық жерлерді қаржыландыру нарығын бәсекелестік түрде сауықтыру мақсатымен Қор қоғамның белгілі бір үлесін сатып ала отырып, оны өзін-өзі ақтайтын әдіспен жеке адамдарға беру үшін шағын несиелеу ұйымдарын дәл осы бағытта жұмыс істеуге бағдарлап отыр. Мысалы, 2009 жылдың өзінде ғана 3 шағын несиелеу ұйымы өз үлестерін сатып алып, бәсекелестік кеңістікке еркін енді.
Ауыл тұрғындары арасында өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру бағдарламасы жақсы қолдау тауып отыр. Республика бойынша сақтандырылған алаңдардың жыл сайын артып келе жатқандығы осының айғағы болса керек. 2005 жылдан бастап 2009 жылға дейін сақтандыру компаниялары мен өзара сақтандыру қоғамдары ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге сақтандыру төлемі ретінде 5 миллиард теңгеден астам қаржы берді. Қор жалпы төлемдердің 50 пайызының орнын толтырып отыр. Мұның өзі ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге елеулі түрде қолдаушылық көрсетіп, олардың тәуекелдік шығындарын төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі сақтандыру қызметі нарығын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Елеулі нәтижелерге қол жеткізу арқылы Қор Қазақстан нарығындағы өз ұстанымын нығайтып қана қоймай, сонымен бірге мүмкіндіктерін кеңейте отырып, халықаралық деңгейдегі құрылымға айналуға көкжиектер аша түсуде. Мәселен, 2008 жылы Бүкіләлемдік банктің жүргізген зерттеулері шеңберінде Қор өзінің қызмет жылдарында алғаш рет Шығыс Еуропа және Орта Азия елдері арасында қарыз алушылар саны бойынша банктік емес ұйымдар арасында алғашқы ондықтың қатарына кірді.
Қор халықаралық жаһандық MІX Market “4 бриллиант” ақпараттық порталының сертификатын алды. Қор қоғам қызметінің транспаренттілігін, сапасын және берілетін барлық ақпараттардың шынайылығын растайды.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде 2010 жылы Ислам Даму Банкінен 10 миллион АҚШ доллары көлемінде ұзақ мерзімді жеңілдетілген қарыз алуды жоспарлап отыр. Ол ауылдық жерлерді шағын несиелеу жүйесін дамытуға бағытталмақ. Мұндай қарыз алу арқылы Қоғам исламдық қаржыландыру тетіктерін ендіру бойынша бірегей тәжірибеге қол жеткізе алады. Ал жобаны жүзеге асырудың өзі араб елдерінен инвестициялар тартудың көкжиегін кеңейте түспек.
2010 жылы жүргізілетін шағын несиелеу жүйесіндегі маңызды шаралардың тағы бірі – бұл Шағын қаржыландыру орталығының (Польша) жыл сайынғы 13-халықаралық конференциясы. Конференция бұрынғы кеңестік кеңістікте алғаш рет Астана қаласында өткізілмек. Бұл сала үшін де, сондай-ақ бүкіл Қазақстан экономикасы үшін де маңызды шара болып табылады. Басқосуда шағын қаржыландыру саласына мемлекеттік қолдау көрсету, мұның өзінде ауылға да көмек берудің қазақстандық бірегей тәжірибесі жинақталмақ.
Конференцияға қатысатын инвесторлар, нәрлендірушілер, шағын қаржыландыру ұйымдары осы саладағы еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысып, кедейшілікпен және жұмыссыздықпен күрес жөніндегі бағалы тәжірибелерін ортаға салады деп күтілуде.
Гүлнәз АТАМҚҰЛОВА, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ Басқарма төрайымы м.а.