• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Шілде, 2017

Лагерь алауы – бала қалауы

208 рет
көрсетілді

Тоғыз ай мектепте білім алған оқушылардың үш ай жазғы демалысын сәтті ұйым­дастыру қазір Отанымызда өз дәрежесінде жалғасын табу­да деуге негіз бар.

Айта­лық, 1-10-сынып оқушылары арасындағы жазғы лагерьлерде еліміз бойынша 1 млн 655 бала демалыпты. Бұл барлық оқушылардың 61 пайызы деуге болады. Сонымен қатар, 600-ден астам олимпиадалық мектеп, 2 мың тілдік мектеп, 10 мың шығармашылық орталық, 14 мың спорттық-туристік бағыттағы ұйым, 15 мың еңбек және демалыс орманшылық лагерьлері мен топтары жұмыс істеуде. Жалпы, мемлекетіміз бойынша үстіміздегі жылы 85 пайыз немесе әлеуметтік осал отбасыларда өмір сүріп жатқан 429 мың бала сауықтыру орындарында болған.

Отанымыз бойынша жүз­деген шағын лагерь бар екені белгілі. Соның ішінде тәуелсіз еліміздің артегі ретінде бағаланып отырған «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының жөні бөлек. Бұл кешенде балаларды белсенді азаматтық ұстанымға, олардың шығармашылық қабілеттерін ашып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өмірдегі өз орнын дұрыс таңдауына барлық мүмкіндік жасал­ған. «Бурабай» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі аумағында, Шортанды көлінің жағалауына орналасқан бұл мекеме жыл бойы оқушылардың демалысы мен оқуын ұштастыра отырып жүргізеді. Ауысым ұзақтығына келер болсақ, жаз мезгілінде оқушылар – 15 күн, сабақ уақытында – 20 күн болады.

Орталық тарапынан берілетін үйлестірілген 5 рет тамақтанудың өзіндік бірегей ерекшелігі бар. Барлық өнімдер табиғи, дәрумендерге бай және тіпті ішінара орталықтың аумағында өсіріледі. Кешеннің бесінші қабатында толық жабдықталған бөлмелер бар. Онда бір мезгілде 350 демалушының тұруына мүмкіндік қарастырылған.

Елімізде ірі «Балдәурен» секілді кешендер ұйымдас­тыру, тіпті сол кешендерді «Балдәуреннің» бөлімшесі ретінде бекіту мәселесін бас басылым әлденеше рет көтер­ген еді. Егер бұл игілікті іс өз шешімін тауып жатса, тәуел­сіз елдің артегі қалыптасар еді. Жергілікті жерлердегі лагерьлерден таланттарды «Бал­дәурен» – қазақ артегіне жіберу үрдісі үйлесім тауып, миллиондаған балалардың ішінен нағыз мықтылар сонда баруға талпынары күмәнсіз.

Қазір осы «Балдәурен­нің» бір бөлімшесі Алматы облысының аумағынан – «Балдәурен-Қапшағай» ба­қытты балалық шақ мекені екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл сол өңірдегі оқу­шы­лардың демалуына мол мүм­кіндік беруде. Қазірдің өзін­де лагерь заманауи құрал-жаб­дықтармен толық жарақ­талған. Жиырма мың кітап қоры бар кітапхана ашылған. Бала­лардың шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында шеберхана, студия, үйірмелер, компьютерлік сыныптар жұ­мыс істейді. Айталық, биыл­ғы жаздың негізгі тақырыбы ЭКСПО-2017-ге арналыпты.

Еліміздегі миллиондаған ұл мен қыздың жазғы дема­лысын ұйымдастыру ісін әлі де жетілдіре берсек, ұрпа­ғымыз­дың мектеп табал­дыры­ғын көңілді аттап, жыл бойы білім нәрімен сергек сусындары сөзсіз. Лагерь алауы – бала қалауы деуіміздің мәні осында жатыр.

Сүлеймен Мәмет, «Егемен Қазақстан»