• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Шілде, 2017

Дауға іліккен Жапония қорғаныс министрі отставкаға кетті

138 рет
көрсетілді

Бүгін Жапония қорғаныс министрі Томоми Инада баспасөз конференциясы барысында Оңтүстік Судандағы жапон бітімгерлерінің құжаттары жариялануына байланысты туған даудан кейін отставкаға кету туралы өтініш жазғанын мәлімдеді. Бұл туралы ria.ru хабарлады.   

Томоми Инада Оңтүстік Судандағы бітімгерлердің күнделік жазбаларын жұртшылықтан жасыру мәселесі бойынша министрлік жүргізген тергеу жұмыстарының нәтижелерін мәлім етіп, құжаттарды жариялау жөніндегі ереженің бұзылғанын растады.

«Қорғаныс министрі ретінде болған оқиғаға жауапкершілікті өз мойныма алып, отставкаға кету туралы шешім қабылдадым. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ өтінішімді қабылдады», – деді министр.

Сондай-ақ ол бұдан бұрын мәлімдегендей, аталған құжаттар жөнінде хабарсыз болғанын және оларды жасыруға тапсырма бермегенін атап өтті.

Былтырғы күзде оппозиция өкілдері қорғаныс министрлігінен Оңтүстік Судандағы кең ауқымды қақтығыстар кезінде жапон бітімгерлерінің күнделік жазбаларын көрсетуді сұраған болатын. Министрлік Өзін-өзі қорғау күштерінің құрлық әскері ол құжаттарды жойып жібергенін айтқан. Кейіннен аталған құжаттар Өзін-өзі қорғау күштерінің біріккен штабынан табылды. Күнделік жазбаларды жұртшылыққа жариялауға дайындық жүргізілгені де белгілі болды. Алайда, бұл әрекет министрліктің одан бұрын берген мәлімдемесіне қайшы келетін болғандықтан, құжаттарды жою жөнінде тапсырма берілген көрінеді. Бірақ қорғаныс министрі ондай тапсырма бермегенін алға тартады.   

Бітімгерлердің жазбалары жөніндегі мәселе Томоми Инада айналасындағы жалғыз дау емес. Наурыз айында ол 13 жыл бұрын жеке білім беру ұйымында қорғаушы болғаны үшін сынға ұшыраған болатын. Аталған білім беру ұйымының жер бағасына байланысты айла-әрекеттер жүргізуге, сондай-ақ мемлекеттен заңсыз субсидия алу амалдарына қатысы бар екені анықталды.

Оппозиция өкілдері былтыр шілде айында Оңтүстік Судандағы қақтығыстар кезінде жапон әскерилерінің өміріне тікелей қауіп төнген деп есептейді. Жапонияның басқарушы партиясы бұл ақпарды жоққа шығарғанымен, Оңтүстік Судандағы әскерилердің қызметін тоқтату жөнінде шешім қабылдады.