• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2017

Исатай елді мекенінде макарон цехы сағатына 80 кг өнім шығарады

267 рет
көрсетілді

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы кәсіп ашып, іс бастаймын деген алыстағы ауыл халқына да игілігін көрсетіп келеді.

Атырау облысының Исатай ауданында тұратын Зайыпхан Наурызбаева – солардың бірі. Макарон цехын ашқысы келген ол аудандық кәсіпкерлер палатасына барып, мемлекеттен берілетін грантты алуға құжаттар толтырған. Бастамасы сәтті болды. Зайыпхан Наурызбаева аталған бағдарлама аясында 1 млн 700 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды.

«Грант қаражатына Ресейге арнайы барып, макарон цехының технологиялық процестерімен таныстық. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Жолдасым Жамбыл технологиялық колледжінде оқыған, сондықтан бұл сала бізге жақсы таныс. Цех құрылысына ауыл шаруашылығын қолдау қорынан қосымша несие алдық. Қазір макаронның екі түрін шығарамыз, болашақта бизнесімізді кеңейткіміз келеді», дейді кәсіпкер.

Сағатына 80 кг өнім шығарылатын цехта әзірге кәсіпкердің отбасы мүшелері жұмыс істейді. Исатай ауданында бұған дейін макарон цехы болмаған. Жаңа бастамаға қолдау көрсеткен исатайлықтардың жергілікті өнімге сұранысы жоғары.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»