Қазақ әдебиеті орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 77 жасқа қараған шағында аса көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев дүние салды.
Ол 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсу ауылында туған. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 1956-1959 жж. “Пионер” журналында әдеби қызметкер, 1959-1971 жж. “Жазушы” баспасында редактор, аға редактор болған. 1971-1973 жж. “Балдырған” журналында жауапты хатшы, 1973-1984 жж. “Жалын” альманахында бас редактор, 1984-1986 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында хатшы болып қызмет жасаған. Өмірінің соңына дейін “Балдырған” журналының бас редакторы болып жемісті еңбек етті.
Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы “Студент дәптері” деген атпен жарық көрген. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы оқырман қолына тиді. Орыс және батыс классиктерінің, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлеңдерін ана тілімізге сәтті аударды. 1968 жылы “Жаңа дәптер” жинағы үшін Республика комсомолы сыйлығының, 1982 жылы “Жүректегі жазулар” кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 1957 жылы “Тың жерді игергені үшін”, 1970 жылы “Еңбектегі ерлігі үшін” медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған.
1992 жылы Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы сыйлығына ие болды. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстанның халық жазушысы. «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері.
Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің, басқа да танымал композиторлардың “Құстар әні”, “Құстар қайтып келеді”, “Бақыт құшағында”, “Әнім сен едің”, “Шақырады көктем”, т.б. жүздеген әндерге өлең жазған. 2007 жылы «Құстар қайтып барады» атты ән текстерінің жинағы жарық көрді.
Ақынның қаламынан туған «Студент дәптері», «Кәмила», «Құралай», «Алатау қызы», «Зулайды күндер», «Жаңа дәптер», «Шақырады жаз мені», «Қош, көктем», «Жүрек ояу қашанда», «Хаттар, хаттар», «Махаббат оты сөнбейді», «Мен де жиырма жаста едім», «Құстар қайтып келеді», «Таудан түскен сәуле», «Жиырма бесінші көктем», «Жүректегі жазулар», «Тынық мұхит дәптері», «Сарыала күз келгенде», «Туған елім — тірегім», «Сағындырған көктемдер», «Шыңдағы гүлдер», «Қар жауып тұр», «Ұмытпа мені» сияқты жыр жинақтары – ондаған ғасырлық тарихы бар қазақ жырына олжа салған, оқырман қауымның жүрегіне жол тапқан, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған өлмес шығармалар. 2002 жылы жарық көрген ақынның 14 томдық шығармалар жинағы осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Қазақ жырының ары мен абыройын арқалап, ұлттық поэзиямызды әлемдік биікке көтерген, санаулы саңлақтарымыздың біріне айналған көркемсөз шеберінің өзгеше бітімі мен өрісті поэзиялық әлемі туған халқымен бірге жасары даусыз. Ақынның тұмадай тұнық жыр жаратқан ұлтжанды болмысы мен ақжарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталады. Қазақ әдебиетінің көрікті бір дәуіріндей болған Тұманбай Молдағалиевтің шынайы классикалық үлгідегі поэзиясы халқымен бірге жасай береді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі.
* * *
ӨЛЕҢДЕГІ ТҰНЫҚ БҰЛАҚ
Ойпырмай, өмірден Тұманбай өтті деген не сұмдық?! Тұмашым-ау, мына мені, ағаңды, өзіңнің Мұзағаңды дүние жалғанда жападан-жалғыз қалдырып кете барғаның қалай. Мен сені мектеп қабырғасында оқып жүрген шағыңнан біліп, алпыс жылдан астам уақыт Тұмашым, өлеңдегі тұнық бұлағым деп келе жатыр едім ғой. Мен Мұзаға болсам, кейінгі барлық толқынның Тұмағасы сен едің ғой. Қайран Қадыр екеуің қос қанатым едің ғой. Енді сол қос қанатым бірдей қайырылып, поэзия айдыны қос аққуынан айырылғандай күй кешіп отырмын ауруханада.
Біз көрісіп-біліскеннен-ақ бауыр болып кеттік. Ол кезде сен студент едің. Одан сені «Балдырған» журналына поэзия бөлімінің меңгерушісі етіп қуана-қуана қызметке алғанбыз. Сосын тілегіңді тілеп, жауапты хатшылыққа жоғарылатқанбыз. 60 жыл шәй деспедік, бір туғаннан артық тату-тәтті, сырлас та мұңдас болдық. Еш айтары жоқ, орны толмас, өкініші кетпес ауыр қаза. Бір ғана жұбаныш сол, менің Тұмашымның артында өлмес өлеңдері қалды. Оның қайталанбас сұлу сазды, айрықша әсем, назды өлеңдері қазақ халқымен бірге мәңгі жасай беретініне құдайдай сенуге болады деймін.
Не дейін, Тұмашымның алды жарық болсын. Пейіштің төрінен орын тапсын. Қош, Тұмашым!..
Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.
* * *
ҚҰСТАРМЕН БІРГЕ ҚАЙТЫП КЕТТІ-АУ...
Тұмашпен таныстығымыз 1955 жылдан басталады. Мен ол кезде консерваторияда комсомол комитетінің хатшысымын. Бір жас жігіт келіп тұр. «Сізбен сөйлесейін деп едім», дейді.
– Не айтайын деп едің? Өнердің қай түрінен хабарың бар? – деп сынай қараймын.
– Ешқандай түрінен хабарым жоқ, – дейді ол да жасырмай.
– Онда бара бер, – деп әлгі жас журналисті кері қайтарып жіберген едім. Сол қылығымды әлі күнге дейін кешірмей отырамын. Қайдан білейін, сондағы жас баланың кейін қазақтың ақиық ақындарының бірі боларын. Міне, қайран осы Тұмашымыздан ойда-жоқта айырылып қалғанымыз бәріміздің қабырғамызға батып кетті. Жақында ғана үйде қонақ болып еді. Ағалы-інідей сырласып, ұзақ әңгімелестік. Дәл осылай одан сарыала күзде көз жазып қалатынымызды жүрегім ерте сезгендей екен-ау.
Құстарды жырлап еді. Енді дәл осы мезгілде Тұманбайдың рухы жыл құстарының қанатына ілесіп жылы мекеніне ұшып бара жатқанына таңғаламын. Күні кеше Қадыр кетті, ортамызды ойсыратып. Қазақ елі енді мына Тұманбайын қара жердің қойнына тапсырып, қайғыдан қан жылап жатыр. Қазақтың қос ұлы ақынын сұм ажалдың бірінен соң бірін қатар алып кеткенінен есеңгіреп қалдық. Ұлылық алыстағанда ғана білінеді деген осы. Жатқан жері жәннатта болсын, Тұмашымның!
Еркеғали РАХМАДИЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
* * *
БАҚҰЛ БОЛ, АҒА!
Жуырда ғана теледидардан көріп едім. Өз сөздеріне жазылған әсем әндерді еліте тыңдап отыр еді. Сонда есіме түскен-ді. Сонау 50-ші жылдары Қасымнан айырылып, есеңгіреп қалған қазақ жұртын өзіне бірден жалт қаратқан «Студент дәптері» атты жұп-жұқа кітап еді. Ол кезде оқтау жұтып қойғандай омыраудың отыз түймесі түгел түймеленіп, сыптықтай болып сықиып тұратын ақын пақырдың адам болып кісі бетіне тіке қарап, әзіл-қалжың айтқанын алғаш сол кітаптан көріп едік... Ылғи жымия күліп, жадырай қарайтын ақжайраң аға Тұманбай жан баласына жамандық ойламайтын ақпейіл мінезін алғашқы жырларынан-ақ жарқыратып жайып салған-ды. Жоқтық пен жетімдік діңкелеткен балалық шаққа бой бермей, оның өлеңдерінен жастық жігер, албырт арман, оттай ыстық махаббат лебі шарпып тұратын-ды. Оған ілесе шыққан Еркеш пен Сағидың ерке жырлары, Қадыр мен Жұмекеннің ойлы өлеңдері қосылған бұл жылдарғы жастар поэзиясы туралы ұлы Мұқтар Әуезов «жыл келгендей жаңалық сеземіз» деген. Ол бүгінгі Мұқағалидың ақберен асыл қаламынан тасты бұзып тауды жарғандай жойқын қуат алып, әдебиетіміздің барша құдіретін танытар асау арнаға айналды. Тұманбай сондай жаңа ұрпақтың төлбасы болды. Қазақ лирикасының сарыауыз балапандай балғын кезінен азуы алты қарыс самұрыққа айналғанына дейін ұлы шерудің алдын бермей ылғи көш басында жүрді. Жан жолдасы Қадыр Мырзалиев ақын өлгенде қабырғасы қайысып айтқан ыстық лебізі әлі есімізде. Мәңгілік даңқ биігінде қатар жатқан қос арысқа артындағы елі егіле бас иеді. Жырлы дәуренді, нұрлы дәуренді жақсы өткіздің Тұманбай. Жайлы жатып, тыныш ұйықта. Бақұл бол, аға!
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері.
* * *
БҮКІЛ ЕЛІМІЗ ҮШІН АУЫР ҚАЙҒЫ
Мен үшін Тұмағаңның қазасы – құлақ естігенмен, әлі көңіл сенбеген ауыр хабар болып отыр. Тұмағаңдай талантты ақынның арамызда енді жоқ екенін сезіну жанға батады.
Жарты ғасыр бойы тамаша композиторлардың әндеріне, тіпті кейінгі буынға да өлеңдер жазды. Тұмағаң музыканы терең түсінетін, оның нәзік иірімдерін терең түйсінетін ақын еді. Өзінің еңбегімен, талантымен сүйкімді адам еді. Үндемей ғана, монтиып жүретін ардақты ағамыз болатын. Қазіргі көз алдымызда жүрген ақындардың еңселісі – Тұманбай ағамыз еді. Ол кісі сияқты сазгердің әуенін, әншінің жанын түсінетін ақындар сирек.
Соңғы елу жылдың ішінде ән жазған қай композиторды алсаң да Тұманбай Молдағалиевтің аты бар. Оның сөздеріне жазылған әндерді орындамаған әнші де сирек. Мен өзім де ол кісінің көптеген шығармаларын орындадым. Біздің де ел көзіндегі әнші атануымызға Молдағалиевтің қосқан мол үлесі бар.
Молдағалиев поэзияда өшпестей, өлместей мұра қалдырды, ән өнеріне өлшеусіз еңбегін сіңірді деп өзімізді жұбатқанмен, ауыр екен. Өкінішті! Күтпеген күні кетіп отыр ғой арамыздан. Шынымды айтсам, төбеме мұздай су құйғандай қиналып отырмын. Денесін ғана қара жерге қоярмыз, дарыны сол дара күйінде өмір сүре береді.
Иә, Молдағалиев сынды ақыннан айырылғанымыз бүкіл еліміз үшін үлкен қаза. Бүгін қазақ мәдениеті үлкен қайғыға душар болып отыр. Өнердегі үлкен бір жайқалған бәйтерек құлап, саясынан айырылдық.
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі.
* * *
ӘР ӨЛЕҢІ ЖҮРЕГІНЕН ТУАТЫН
Тұманбай екеуміз замандас болғандықтан арамыздағы достық қарым-қатынас ешқашан үзілген емес, бірде алыс, ал енді бірде жақын да жүрген жайымыз бар. Бірақ та Тұманбай туралы пікіріміз өзгеріп көрмепті. Басқа көптеген ақындар ақ қағазға көк сиясын малып отырып өлең жазса, Тұманбай тек жүрегімен ғана жазатын еді. Ол өзінің ғажап болмысын бір-екі жолмен ғана айтып түсіндірген адам. Ол өзі:
«Қырда менің бір тойым өтіп жатыр,
Көңілімнің көкпарын ала қашып» –
дейді. Тұманбайдың бар өмірі осы екі жолға сыйып тұрған сияқты. Тұманбай өзін халқымен бірге, қазағының баласымен бірге сезінген адам. Мен тіпті айтар едім: «Тұманбай қалалық болмай кеткен ақын», деп. Осы қаралы хабарды естіген кезде Роза екеуміздің де жүрегіміз шырқырап, есімізден танып отырмыз. Ақын адамның сүрген өмірі санмен есептелмейді ғой. Оны пәлен жасқа келіп дүниеден өткен екен деп айтатындай адам емес. Оның енді жаңа өмірі, таза өмірі, жарық, сәулелі ғұмыры енді басталады деп ойлаймын. Қош, бауырым!
Әкім ТАРАЗИ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
* * *
СЫРЛАСЫМНАН, МҰҢДАСЫМНАН АЙЫРЫЛДЫМ
Тұманбай ағаны екі-үш жас үлкендігі болған соң көке деуші едім. Әрі аға досым санайтынмын. Қатар келе жатыр едік. Мынадай сұмдық та суық хабарды естігенде жүрегім тоқтап қала жаздады. Сенбегендіктен, қатар жүретін азаматтарға хабарласып, анықтап білдім. Шынында да адам сенгісіз жағдай екен. Неге десеңіз, осыдан екі-үш күн бұрын ғана сөйлескенмін.
Өзіміз жағдай айтысып, хал сұрасып күнара хабарласып тұратынбыз. Мұндай жаманат бола қояды деп өзі де, мен де ойламаған едік. Сөйлескен сайын өмір, өлең туралы ұзақ әңгіме шертетінбіз. Кейде таң алдында телефон соғып «түнде бір өлең жазып едім, тыңдап жіберші» деп отыратын еді. Оның үстіне денсаулығы жақсы болатын. Мұқағалидың, Қасымның мерейтойларына барды. Мен телефон соққанымда Екібастұзға жүргелі отырмын деген еді.
Осы жасқа келгенше көпті көрдік, көп адаммен араластық қой. Бірақ біздің Тұмекең біреуге қиянат жасапты, жаман сөз айтыпты дегенді ешқашан естіген жоқпын. Кейде өлеңдерін, естеліктерін айтып отырып: «Осы адам жайлы жаман сөз айтып қойғаным жоқ па?» деп үнемі алды-артына қарап жүретін еді. Сонда: «Ой, Тұмаға, пенде болған соң анда-санда айтамыз ғой», дейтінмін. Көрдіңіз бе, осылай көкірегін таза ұстайтын, адамға тек жақсылық болсын деп тұратын адам еді. Жақсылықтың бәрі менде ғана болсын деп емес, өзгеге де тілеп жүретін. Енді, міне, осындай тілеулесімнен, сырласымнан, мұңдасымнан айырылып қалдым.
Жазмыш деген осы. Өлім деген айтқызбай келеді. Тіпті, жөпелдемеде аузыма сөз де түспей тұр. Қатар жүрген бізге, замандастарына ғана емес, иісі қазақтың, алты алаштың қабырғасын қайыстыратын қаза болды. Иә, қазақтың аса дарынды үлкен ақынынан айырылып қалдық. Жаны жәннатта, иманы кәміл, жатқан жері торқа, топырағы жеңіл болсын...
Сәкен ИМАНАСОВ, ақын.
* * *
ҚАЗАҚ ЛИРИКАСЫНЫҢ КОРОЛІ ЕДІ
Осы бір суық хабарды естігенде қазақ поэзиясының тағы бір алтын ұстыны құлап түскендей күй кештім...
Менің бірден көз алдыма Қадыр ағаны жерлеп келгеннен кейін жұрттан оқшау шығып, қамығып, жабығып отырған Тұмағаңның бейнесі келді. Әбден қажып, құлазып қалыпты. Қасына барып, иығына қолымды салып, көңіл айттым. Жалғыз мен емес, көп адам солай етті. Не болғанда да ол поэзия шалқарындағы сыңарынан айырылған аққудай болып қалып еді.
Сонан кейін мен ол кісіні Мұқағалидың тойында да, Қасымның тойында да көрдім. Бірақ Тұмағаңның жүзіндегі кірбің кетпей-ақ қойды...
Тұманбай Молдағалиев қазақ лирикасының королі еді. Тұла бойы тұнып тұрған сезім болатын. Махаббат пен сүйіспеншіліктен жаратылған жан еді. Оның лирикаларынан құс қанатының сусылы, желдің уілі, судың сылдыры, жапырақтардың сыбдыры естіліп тұратын. Дүниедегі тебіреністер мен тербелістердің ақыны еді...
Енді бұдан былай ғұмыр бойы жан жүрегі көктем болып өткен Тұмағаң туралы өткен шақпен сөйлейтініміз өкінішті-ақ.
Қош бол, Тұмаға!
Темірхан МЕДЕТБЕК, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
* * *
ҚОШТАСУ
Еһ, Тұмағам, Тұмағам!
Өлең үшін өкпе айтады кім оған.
Жалғыз жырға автор болсақ деуші едік,
Тұмағаңа тұтасымен ұнаған.
Еһ, Тұмағам, Тұмағам!
Күлімсіреп қараушы еді күн оған.
Жүрегің де таза еді ғой күнәдан.
Сенің сырың ортақ еді қазаққа,
Шөлімізді бастық кәусар тұмадан.
Еһ, Тұмағам, Тұмағам!
Өлең көштің басында едің шұбаған,
Биік едің дүдамал мен шүбәдан.
Жырыңды оқып қуанады қазағың,
Әніңді айтып жұбанады жылаған.
Еһ, Тұмағам, Тұмағам!
Мәңгі-бақи жүретіндей дін аман,
Саулығыңа болды сенің кім алаң.
Сен есікті қақпай кіріп келуші ең,
Сақтаулы еді әр үйдегі сыбағаң.
Шырқау көкке шығып алып, құлады ән,
Ажал мәңгі. Құтылады кім одан.
«Кетерінде жылай да алмай қалыпты-ау»,
Жырлау үшін жаратылған ұлы адам,
Еһ, Тұмағам, Тұмағам!
Жүрсін ЕРМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.