• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Күрес 30 Шілде, 2017

Бесқарағай ауданында «Әлем Барысы» турниріне іріктеу өтті

575 рет
көрсетілді

28-29 шілде күндері Бесқарағай ауданының орталығы Бесқарағай ауылында қазақ күресінен ересектер арасындағы абсолюттік ел чемпионаты өтті.

Дүбірлі додаға еліміздің түпкір-түпкірінен есімдері жұртқа етене таныс Мұхит Тұрсынов, Руслан Әбдіразақов, Саят Шәмшиев, Айбат Сейтен бастаған, Бекзат Ахметбеков, Нұрдәулет Жарылғапов сынды балуандар қостаған 24 күрес шебері қатысып, жарыстың көрігін қыздырды.

«Тарихы тереңнен тамыр тартқан, қойнауы қарағайға, алқабы астыққа толы киелі Бесқарағай өңіріне қош келдіңіздер. Бұл дүбірлі доданың әйгілі айтыскер ақын Нұрлыбек Баймұратов, көрнекті сазгер Төлеген Мұхамеджанов, белгілі актер Меңтай Өтепбергеновтей тұлғалы азаматтарды дүниеге әкелген Бесқарағай топырағында өткізілуі бекер емес. Есенгелді Изатов, Тоғайбек Кирибаев, Құмар Мұқашев сынды есімдері елге мәлім балуандар шыққан өңірде мұндай байрақты бәсекенің ұйымдастырылуы заңды деп білеміз. Еліміздің ең білекті де жүректі балуандарының басын қосқан сайыстың Бесқарағай жерінде жалауы желбіреуі – аудан үшін зор абырой, биік мәртебе» деді чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин.

Халықаралық ЭКСПО көрмесі және Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында,бір жағы ел чемпионаты, екінші жағынан халықаралық «Әлем Барысы» турниріне қатысатын балуандарды іріктеу мақсатында ұйымдастырылған жарыс өте тартысты өтті. Бұл сайыста Шығыс Қазақстаннан 6 бірдей балуан сынға түсіп, бір балуан ғана ақтық сынға алқынбай жетті. Мұхит Тұрсынов жартылай финалда ежелгі қарсыласы Руслан Әбдіразақовтан айласын асырып, финалда астаналық Айбат Сейтенді алып ұрып, түйе балуандар арасындағы бәсекенің бірінші орын жүлдесін иеленді. Екінші орын Айбат Сейтенге бұйырса, екі үшінші орынды -  Руслан Әбдіразақов пен маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов өзара бөлісті.   

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Суреттер автордікі