Күміс қанат ұшақ Внуково әуежайына келіп қонғанда ымырт үйіріліп қалған еді. Қас-қағым сәтте-ақ қараңғылық қоюланып шыға келді. Сумаңдаған суық жел алып ұшақтың жылы салонынан шыққан жолаушылардың қойын-қонышын кеу- леп, денесін тітіретті. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. «Алматыда ауа райы ашық, күн жылы еді, – деп ойлады ол. – Мәскеу аспанын қорғасындай ауыр, қарақошқыл бұлт торлап алыпты. Осындай көз байлайтын бұлыңғырлықты жаным сүймейді. Табиғаттың да, оның ең ғажайып туындысы адамның да ашық, жайдары болғанына не жетсін. Жүрегім асау аттай тулап, атқақтай соққаны несі? Сезімім алдамаушы еді, бұл ненің белгісі?.. » – Нұрсұлтан Әбішұлы, саламатсыз ба? – Ол ой орманынан шығып, дауыс шыққан жаққа қарады. – Саламатсыз ба? – Мен Борис Николаевичтің тапсырмасымен сізді тосып тұрмын. – Жайшылық па? Аспан түстес көгілдір көзді, сұңғақ бойлы, сұлуша жігіт жарықшақ дауыспен жасқана сөйледі: – Борис Николаевич шұғыл хабарласуыңызды өтінді. Екеуі жүре сөйлесіп аса мәртебелі жолаушылар аяқ суытатын бөлмеге келіп кірді. Ельциннің өкілі Беловежге қоңырау шалды да, телефон трубкасын Назарбаевқа ұсынды. – Нұрсұлтан Әбішұлы, дәл қазір шұғыл түрде Беловежге ұшып келуіңді өтінемін, – деді Ельцин. – Не үшін? – деді Назарбаев Ельциннің асығыс сөйлеген даусынан әлдебір абыржушылықты аңғарса да, қашанғы әдетімен сабыр сақтап. – Ресей, Украина, Белоруссия үштігі шұғыл түрде аса маңызды құжат әзірлеп, тап осы жерде соған қол қоямыз. Соған Қазақстанның төртінші болып қосылуын қалаймыз. Шушкевич пен Кравчуктың да өтініші осы. – Ол құжат не туралы? – Кеңес Одағын тарату туралы. Ельциннен соң Белоруссия басшысы Шушкевич те, Украина президенті Кравчук та Назарбаевпен телефон арқылы тілдесті. Ресей, Белоруссия, Украина президенттері Қазақстан Президенті Назарбаевқа үшеулеп салмақ салғанда бәрінің айтатыны бір сөз: шұғыл түрде Беловежге ұшып келіп, аса маңызды құжатқа Қазақстан атынан қол қою. Жаратылысынан кеңпейілді болса да, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ұсынысты қабылдай алмады. «Үш бірдей ірі мемлекеттің атынан сөйлеп тұрған аса мәртебелі, биік беделді ескі достарымның көңілін қанша қимасам да, қиналсам да, ел сенімін ақтауым керек. Маған халқымның қамынан қымбат ештеңе жоқ!» Қас-қағым сәтте осыны ойлап үлгерген Қазақстан басшысы шұғыл шешім қабылдады. – Елмен ақылдасып, кеңесіп алмай ондай аса жауапты құжатқа қол қоя алмаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президентінің кесімді сөзінен кейін үштік одақ өз істеріне кірісіп кетті. Ал ол қайтадан ой орманына оралды.
«Сонда бұл қалай болғаны? Тұйықтан шығуға жанталасқан Горбачев елде қалыптасқан жағдайды талқылау үшін Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақстан президенттерін Кремльге шақырған жоқ па еді? Сол сәтте емес пе, Ельциннің маған телефон шалып: «Мен Белоруссияға ұшпақпын. Кравчук та сонда келмекші. Сол жерде ақыл қосып, Горбачевқа нақты ұсыныспен келеміз» дегені.
«Сонда бұл қалай болғаны? Тұйықтан шығуға жанталасқан Горбачев елде қалыптасқан жағдайды талқылау үшін Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақстан президенттерін Кремльге шақырған жоқ па еді? Сол сәтте емес пе, Ельциннің маған телефон шалып: «Мен Белоруссияға ұшпақпын. Кравчук та сонда келмекші. Сол жерде ақыл қосып, Горбачевқа нақты ұсыныспен келеміз» дегені. Горбачев Одақтық шарттың барлық нұсқасында өзінің жеке билігін сақтап қалуға жанталасып бағуда. Ал Ельцин бастаған топ оған жол бергісі жоқ. Осының соңы саяси тайталасқа апарып соқпаса жарар еді. Горбачевтің бұлаңқұйрық саясаты күмәнді көбейтіп, тұманды қоюлатып барады. Соның салдарынан елдегі экономикалық қана емес, саяси реформалар да тұйыққа тіреліп тұр. Тұйықтан шығар жол қайда? Ельцин, Кравчук, Шушкевичтің ойында не бар? Қазақстан үшін қай жол тиімді? Менің қандай байлам жасағаным жөн. Саясат та егін сияқты, не ексең, соны орасың. Әліптің артын да баққан жөн шығар, әйтсе де, қапы қалуға хақым жоқ. Өмірдегі өзгерістерге орай уақытпен бірге адымдайтын батыл да шұғыл шешімдер керек. Өрең жетсе оқиға мен уақыттың алдын орап кет. Саясатта асығуға да, кешігуге де болмайды...»
Айнымас серігіне айналған ауыр ойлар Нұрсұлтан Әбішұлына түн ортасына дейін ұйқы бермеді. Қанша кеш жатса да қанға сіңген қашанғы дағдысымен ерте оянып, төсектен сергек тұрған ол ертесіне күнілгергі келісім бойынша Кремльге, Горбачевқа келді. Нұрсұлтан Назарбаев Горбачевтің жеке өзімен көзбе-көз сөйлесермін деп ойлаған, әйтсе де, Ельцин де сонда екен.
Үшеуінің арасындағы қиюы қашқан қиын әңгіме екі сағаттай созылды. Горбачев пен Назарбаевтың сұрақтарына Ельцин толыққанды жауап берді. Беловеж қорығында бас қосқан үштіктің атынан Советтік Социалистік Республикалар Одағының таратылғаны және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жарияланғаны айдан анық болды. Сол сәт Горбачевтің жалтыр басы сол жақ шекесіндегі қалына дейін тершіп, сұрғылт жүзі онан әрі сұрланып шыға келді...
Кремльден шыға салысымен Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіне келген Нұрсұлтан шетел жорналшыларының үлкен тобымен баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өзінің Мәскеуге уағдаластық бойынша Одақтық шарттың жобасын талқылау мақсатында Ресей, Украина, Белоруссия басшыларымен кездесу үшін келгенін, алайда, күтпеген жағдайға тап болғанын, Беловеж үштігіне ешқандай қарсылығы жоқтығын айта келіп, ұлттық, этникалық белгілермен саяси топтасудың аса қатерлі екенін қадап айтты.
– Атом қарулары шоғырланған Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан бір саяси одақта болғаны жөн. Мұның өзі бұрынғы кеңестік кеңістіктен ядролық қауіп-қатер болмас па екен деген дүниежүзілік қауымдастықтың күдігін сейілтер еді, – деп атап көрсетті. КСРО құрамында болған республикалардың тәуелсіздігін танып, саяси жаңаруды өркениетті жолмен жүзеге асыра отырып, олардың Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке өтуіне де жол ашуы- мыз керек деген ой баспасөз мәслихатының өзегіне айналды.
Желтоқсан айының оныншы жұлдызында Алматыда Нұрсұлтан Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деген атауды Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.
Бірауыздан мақұлданған Мәлімдемеде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру барысында кеңестік кеңістіктегі республикалардың құқықтық теңдігі сақталуы қажеттігі қадап айтылды. Сонымен бірге, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тең дәрежелі құрылтайшысы болайық деген ұсыныс та күн тәртібіне қойылды.
Сол тарихи күні бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қызметіне кірісуіне арналған Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісі болды... Нұрсұлтан салтанатты мәжілістен кеш қайтса да, жатар алдындағы желпініске шықты. Түнгі Алматыны самаладай жарқыратып жіберген электр жарығы ашық аспанда жымыңдаған сансыз жұлдызбен жараса жарқырайды. Алатаудың мына бір тұсы алға қарап атылғалы тұрған тау тағысы – барысқа ұқсайды. Әне бір алқаракөк шыңның ұшар басына қона қалған ақшарбы бұлт қыз мойнына оралған ақ орамал сияқты. Айнала төңірек кешкісін жауып өткен жылы жаңбырмен шайынып, шаң, тозаңнан тазарып қалыпты. Тау жақтан соққан таза ауамен кеуде кере демалып, айналаға сүйсіне көз тастаған Оны сауалы көп, жауабы жоқ самсаған сан ойлар билеп алды.
«Қазақстан мұхитта жүзген алып кеме. Ал оны мекендеген сан ұлт пен ұлыстан тұратын республика тұрғындары сол кемедегі шығарда жаны бір, тағдыры ортақ жолаушылар. Халық маған сол кеменің штурвалын ұстатты. Бұл кеме социализм жағалауынан ұзап кетті. Әзірге аты белгісіз арғы жағалауға жеткенше алда ұзақ жол жатыр. Оның қауіп-қатері көп, қиындығы да аз емес. Күні кеше жай ғана толқыған мұхит бүгін арыстан жалды ақшулан толқындарын аспанға атып, жүген-құрық тимеген шу асаудай тулайды. Көбіміз асау толқынның алғашқы дүмпуіне шыдамай, сыр бере бастадық. Кеудесін күнге сүйгізген көкала мұхит төсінде екпіні қатты дауыл тұрып, алып кеменің өзін асықтай атып, қақпақыл ғып қақпасына кім кепіл? Сондай шторм кезінде штурвалда кірпік қақпай тұруға шыдаймын ба?! Шыдауын шыдармын-ау, Теміртаудың темір пешінде екі мың градустық отты көсетіп, өмірдің талай тезінен өткізген қайсар тағдырым төзімділікке де тәрбиелеген жоқ па? Мәселе тек қажыр-қайратта ғана ма екен, күрмеуі қатты күрделі ситуациялардан адастырмай алып шығатын ақыл-айла да керек емес пе? Ел тағдыры шешілер тұста жағдайлы жерде жанай, жағдайсыз жерде жарып өту парыз. Қандай қиын кезде де жол табуым керек. Қателесуге қақым жоқ…»
Ащы ішектей шұбатылған ой желісін үзбей үйге кірген Нұрсұлтан Әбішұлына Сара Алпысқызы телефон тұтқасын ұстата қойды. – Кеш мазалағаныма кешірім, – деді алыстан сөйлесе де дауысы ап-анық естілген Түрікменстан президенті Сапармұрад Ниязов. – Оқасы жоқ, – деді Нұрсұлтан, – қазір уақыт санайтын кез бе? – Оның рас. Мына славяндар Одақ құрып, осқырып тұр. Біз, мұсылмандар бір әрекет жасамасақ болмас. Ақыл қосайық. Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын Алматыға шақыр. – Ақылдасайық дегеніңіз жөн. Әйтсе де Алматыда емес, Ашхабадта жиналғанымыз дұрыс болар еді. – Неге? – Парсы тілінен енген Ашхабад деген сөз «ғашықтар қаласы» деген ұғымды білдіреді. Бірін-бірі сағынған ортаазиялық бауырлар ыстық сезімдерін ыстық жерде, ғашықтар қаласында айтса өртке тиген дауылдай өтімді болады. – Нұрсұлтан Әбішұлы, қысылтаяң шақта да әзіл-қалжыңың қалмайды-ау. – Әзіл – көңілдің ажары, Сапармұрад Ниязович. Ал сөздің шынын айтып, мәселенің мәнісіне үңілсек те, тап осы кездесудің Алматыда емес, Ашхабадта өткені өте орынды. – Неге? – Себебі, жорналшы ағайындар қазірдің өзінде «Назарбаев мұсылман блогын құруға кірісті» деп жазып жатыр. Алматыда кездессек сондай жел сөзге жем боламыз. Дұрысы, біз сізге барайық. – Онда келістік. Келіңдер, күтемін.
Осы әңгімеден кейін арада екі күн өткенде Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан Президенті Рохман Нәбиев Ашхабадқа ұшып келді. – Ашхабадта күн ыстық, – деді Асқар Ақаев. – Адамдардың жүрегі күннен де ыстық, – деді Ислам Каримов. – Ғашықтар қаласында кездескен бауырлардың жүрегі бәрінен де ыстық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Әзіл-қалжыңмен басталған басқосу бүкпесіз пікір алысқан ашық әңгімеге ұласты. Бірауыздан мақұлданған Мәлімдемеде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру барысында кеңестік кеңістіктегі республикалардың құқықтық теңдігі сақталуы қажеттігі қадап айтылды. Сонымен бірге, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тең дәрежелі құрылтайшысы болайық деген ұсыныс та күн тәртібіне қойылды. Назарбаев бұл жолы да қателескен жоқ. – Славян одағына қарсы мұсылман мемлекеттер блогын құрсақ, оның соңы Балқан тауы мен Қарабахтағы қақтығыстан да асып түсетін қасіретке апарады, біз өз республикаларымыздың тұрғындарын ғана емес, Ресей мен өзге мемлекеттердегі қандастарымыздың да тағдырын, олардың ағат шешімнің құрбаны болмауын ойлауымыз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев отты жанары жан-жағына сәуле шашып. – Жүдә, дұрыс, – деп қостады Назарбаевты қуанса да, ренжісе де түсін билеп, сыр бермейтін Каримов қашанғы әдетімен сабырлы қалпын сақтап. – Шоң қазақтың мына сөзі шовинистерді шоңқитып кетеді, – деді манадан бері қайта-қайта басын шұлғып үнсіз отырған Ақаев қоп-қою қап-қара қасын керіп.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген осы. Ашхабад мәлімдемесіне қол қойып, түрікмендердің шөл басатын көк шайын ішіп, көңілдерін бір демдеген Орталық Азия мен Қазақстан мемлекеттерінің басшылары Памир тауларын ғана емес, сол таулардан да биік саяси қиын асулардан асып, өз елдеріне оралды.
Ашхабад сапарында көңілін бір демдеген Нұрсұлтан Әбішұлының ойына жаңа бір идея келе қалды.
«Ашхабад Мәлімдемесі кеңестік кеңістікте ғана емес, бүкіл дүние жүзінде жылы пікірлер туғызды. Осы орайы келіп тұрған оң өзгерісті ұтымды пайдаланып қалу керек. Сәті түсіп, мұсылмандар одағына славяндар одағын тарта алсақ ол қазақ үшін ғана емес, кеңестік кеңістіктегі барлық халықтардың бақытына қызмет етері анық. Тайталас отын тұтатпайтын ең тиімді тәсіл осы. Халықтарды қарулы қақтығысқа соқтырмаудан, ел тыныштығын сақтаудан қымбат ештеңе жоқ. Қалған шаруаларға рет-ретімен кірісеміз. Мақсат айқын, міндет көп. Жедел іске кірісу керек!.. ».
Осы ойға мықтап табан тіреген Нұрсұлтан Әбішұлы Ашхабад Мәлімдемесінде көтерілген мәселелерді славяндармен бірлесіп талқылау үшін Алматыда кездесуді ұсынды. Басым көпшіліктен қызу қолдау тапқан бұл ұсынысқа басында күдікпен қарағандар да болды. Соның бірі Ресей Президенті Б.Ельцин. Бір қарағанда, ызаға толы көзімен сұп-суық ызғар шашып тұратын, қандай қиын сәттерде де сыртқы жүнін дүрдитіп сыр бермейтін даланың азулы да айбынды, қайратты да қайсар қасқырын көзге елестететін, өзінің шалт қимыл, шалымды іс-әрекетімен де нағыз көкжал көкбөріні еске түсіретін Ельциннің бойында ұлы державалық астамшылық дарытқан менмендік те, өзінің ақыл-қайратына арқа сүйеген сенім де, елінің қуатына табан тіреген серпін де бар еді. Соншалықты сом қасиеттермен сомдалған Ельцинді ұшақ баспалдағынан Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қарсы алды. Нұрсұлтан Әбішұлының жымиған жылы жүзі мен орайын тауып айтқан орынды әзіл-қалжыңынан соң Ельциннің қасаң тартқан қасқыр жүрегі жіби бастады…
Қазақстан Республикасы Президентінің Алматыдағы резиденциясы сыртынан қарағанда, онша ажарлы да, аса айбынды да емес. Алғашында күн көсем Лениннің мұражайы болады деген жобамен салынған осынау төрт қабатты ғимараттың құрылысы аяқталып қалған тұста Нұрсұлтан онсыз да жетпей жатқан қаржыға аз да болса үнем болсын деген оймен «Президент үшін жаңа резиденция салғызбай-ақ, осыны пайдаланайық» деген еді. Сол резиденцияның ішіне шетелдік әріптестерімен бірге кірген тісқаққан сақа жорналшы сән-салтанаты шетел мемлекет басшыларының сарай- ларынан қалыспайтын кең де биік мәжіліс залындағы үлкен хрусталь люстраға қызыға қарады.
Аса жоғары мәртебелі мемлекет басшылары төрге озып жайғасып жатты. Дәл ортада Назарбаев пен Ельцин. Нұрсұлтан Әбішұлының жүзі жарқын. Жауар бұлттай түнерген Ельциннің бетіне қан жүгіріп, өңі кіріп қалыпты. Асқар Ақаев садақтай иілген қоп-қою қара қасын керіп, басын қайта-қайта изеп, күлімсіреп отыр. Қаршығадай Кравчук саптағы сарбаздай сыптай боп, Шушкевич қоян алған бүркіттей қазандай басын қақитып, Тер-Петросян бүкшиген екі иығын жазып, Ниязов кеудесін керіп еркін отыр. Өзге президенттердің де қабағында кірбің жоқ. Қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын Каримов қанына сіңген қашанғы әдетімен түсін билеп сыр берер емес. Жүзінен жұмсақ нұр төгілген Нұрсұлтан Әбішұлы жорналшыларға былай деп хабарлады: «Алдын ала мұқият дайындалған құжаттар жобалары жан-жақты талқыланғаннан кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі Келісімнің хаттамасына бұрынғы КСРО-ның құрамына кірген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары қол қойды».
Он бір мемлекеттің басшылары қатынасқан баспасөз мәслихаты аяқталысымен кеңестік кеңістік пен алыс шетелдерден келген ұзын саны бес жүзден асып жығылатын жорналшылар өз елдеріне шұғыл хабарлар жөнелтіп жатты. Сол шұғыл берілген шұғылалы хабарлардың мазмұны бір болғанмен, тақырыбы сан алуан. Ассошиэйтед-пресс тілшісі жөнелткен хабардың тақырыбы: «Ғасырдың ғажайып оқиғасы» . Француздың «Фигаро» газетінің тілшісі былай деп факс жөнелтті: «Тұйықтан шығар жол табылды». «Назарбаевтың көрегендігі». Бұл Франс-престің берген бағасы. «Санди Телеграфқа» «Мұсылмандар мен славяндар достығы» атты мақала жөнелтілді. Ал қазақ жорналшысы өз материалына «Алматы декларациясы» деген сыпайы ғана ат қойып, Ашхабад мәлімдемесімен қандас құжатқа қол қойған Әзербайжан Президенті Ә.Мүтәлибовтан, Тәжікстан Президенті Р.Нәбиевтен суыртпақтап сыр тартты. Бүкіл дүниежүзілік қауымдастықты елеңдеткен ғасырдың ғажайып оқиғасы жайлы небір ажарлы ат қойылып, айдар тағылған шұғыл хабарлар төрткүл дүниеге түгел тарады.
Бұл ХХ ғасырдың соңғы он жылдығы басталған күрделі кезең – бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылғы желтоқсан айының жиырма бірінші жұлдызы еді.
Сол күні көңілін бір демдеген ол үйге көңілді оралды. «Әйтсе де алғашқы сәтті қадамға тоқмейілсуге болмайды. Алда әлі алынбаған қаншама асулар бар. Қиын істердің қиюын табуым керек. Қателесуге құқым жоқ…». Жатар алдындағы желпініске шыққан Нұрсұлтан Әбішұлы қашанғы әдетімен сол күні де ел тағдырын ойлаумен болды.
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» сыйлығының иегері Алматы