• RUB:
    5.18
  • USD:
    475.7
  • EUR:
    529.12
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 31 Шілде, 2017

Сұрмергендер сайысқа дайын

603 рет
көрсетілді

Алдағы тамыз айының 11-13 күндері Астанада өтетін «Алтын жебе» халықаралық турнирінде еліміз намысын қорғайтын садақшы-мергендер анықталды. 
 Суретте: Жамбы атудан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы – Айкөз Ералхан жаттығу үстінде

 

Олардың қатарында жамбы атудан жастар және жасөспірімдер арасында еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, оңтүстікқазақстандық мергендер –  Айкөз Ералхан мен Айтбек Сарыбай, Қызылорда облысының мергені Бекқали Узденбаев және жамбылдық сұр­мер­гендер – «Ұлы Дала ойындары» фес­тивалінің жеңімпазы Елдос Бадашов пен жас жамбышы Абзал Тулыбаев бар.  «Адырнасын ала өгіздей мөңірету» үшін алыстан ат терлетіп 20 елден келуі тиіс 50-ге тарта садақшымен сайысатын біздің азаматтар қазір «Қазанат» атшабарында оқу-жаттығу жиынын бастап кетіпті.  Мергендердің бас бапкері Нұркен Байбөриев мырзаның айтуына қарағанда, біздің садақшылар осал емес, қазірдің өзінде дәл бәсеке басында жүрген­дей жинақы, сергек, көздегенін қапы жібер­мей, адырнадан атылып ұшқан жебелері нысанаға сарт-сарт қадалуда... Бапкердің сөзі рас екен. Оны біз де көрдік. «Қобланды  батыр» жырында:  Қолына алып толғанып, Қозы жауырын жебені Ат үстінен шіреніп,  Толғап тұрып тартады... – деп жырлағандай  біздің жігіттер құйғы­та шауып өтіп те, ат үстінде тұрып та садақ тартып үйреніп үлгеріпті. Тіпті 10 секун­дта бес жебе атып, барлығын да ныса­наға дөп тигізгенін көрдік. Іске сәт сұрмергендер!

Топтаманы әзірлеген Бекен Қайратұлы, «Егемен Қазақстан»