Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі құнды жәдігермен толықты. Абай ауданының іргетасын қалаушылардың бірі, Шәкәрім қажының көзін көрген Кенжетілеу Доланбекұлының баласы Айдар ұлы ақынның екінші әйелі Әйгерімнің Бәтет Әзімханқызына сыйға тартқан қобдишасын музей қорына тапсырды. Бұл сыйлықтың иесі Бәтет апамыз – руы Жігітек, «Абай жолында» аты аталатын Бөжейдің ұрпағы екен. «Бізге құнды жәдігерді әкеліп тапсырған Айдар Кенжетілеуұлының айтуынша, Бәтет Әзімханқызы Ырғызбай ауылына келін болып түскенде бұрынғының салтымен ағайын-туыс кезектесіп, есік көрсету үшін жас келінді қонаққа шақырған. Сол кезде Әйгерім де Бәтетті өз шаңырағына шақырып, дәм таттырып, соңында осы қобдишаны сыйға тартқан. Онысы – «қуыс үйден құр шықпасын», игілікке бастаған ырым болсын дегені болар», – дейді Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева. Абайдың асыл жары Әйгерімнің аялы алақанының табы қалған қобдишаны музейге тапсырған Айдар Кенжетілеуұлының анасы Ақлия – Бәтет Әзімханқызының туған сіңілісі екен. 1967 жылы Бәтет апамыз қобдишаны Айдар Кенжетілеуұлының әйелі Бақытқа берген көрінеді. Семейдегі музей қызметкерлері көненің көзіндей болған қобдиша жуық арада жұрт назарына ұсынылатынын айтады. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ