• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 31 Шілде, 2017

ЭКСПО-да Лесото Корольдігінің Ұлттық күні өтті

257 рет
көрсетілді

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында әлемге өзінің ірі алмас тастарымен танымал Лесото Корольдігінің Ұлттық күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әдеттегідей, ұлттық күн Қазақстан мен Лесотоның мемлекеттік тулары көтеріліп, әнұрандары орындалуымен басталды. Осыдан кейін сахна төріне көтерілген Қазақстан Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев африкалық қонақтарды құттықтады.  

«Лесото - бұл «Аспан Корольдігі». Африкада таулы аймақта орналасқан жалғыз мемлекет саналады. Бүкіл әлем туристерін бұл елдің көркем таулы шатқалдары, көз тартарлық сарқырамалары, балық аулау демалысы қызықтырады», - деді вице-министр.

«Лесото Корольдігі Үкіметінің және өз атымнан «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мүмкіндігін берген Қазақстан Үкіметіне шынайы ризшылығымды білдіремін. Бізге көрсетілген материалдық-техникалық қолдаудың арқасында Лесото әлем халықтарына энергетикалық сектордағы инновациялық мүмкіндіктерін, сонымен қатар «Аспан Корольдігінің» әдемілігі мен көрікті орындарын көрсетуге мүмкіндік алып отыр», - деді өз кезегінде Лесото Корольдігінің Сауда және өнеркәсіп министрі Тефо Мапесела.  

Сонымен қатар ол ЭКСПО қонақтарын «Аспан Корольдігіне» туристік сапармен келуге шақырды.

«Сіздер онда 5 жұлдызды қонақ үйге немесе туристерге арналған жайларға орналаса аласыздар.  Базото әсерлі табиғи көріністерімен, мәдени және табиғи мұраларымен танымал. Біз сесотоға қосымша ағылшын тілінде де сөйлейміз.Туристік көрікті жерлерде атпен серуендеуге, құстарды бақылап, балық аулауға,шаңғымен сырғанап, таулы аймақтарға серуендеуге болады», - деді ол.

Мұнан бөлек африкалық мейман қазіргі уақытта Лесото тау-кен қазба өнеркәсібінде алмас өндіруден әлемде 9-шы орында тұрғанын, биылғы мақсаты  7-орынға көтерілу екендігін баса айтты.

«Біз әлемде жоғары бағаланатын үздік, ең үлкен, сапалы алмастардың бірін өндіреміз. Лесотода өндірілген алмастардың ірілері де бар. Олардың ішінде  Лесото уәдесі 603 карат, Браун Лесото 601карат, Лесото мұрасы 493 карат және Лесели ла Леценг 478 каратты құрайды. Лесото алмастарының 1 каратының құны да жоғары. Ол орташа есеппен алғанда 2500 долларға тең», - деді Тэфо Мапесела.

Лесото ұлттық күнінің ресми ашылу рәсімімен кейін африкалық әртістер баянның сүйемелдеуімен ән салып, өздерінің ұлттық билерін биледі.