Бірнеше жылдан бері «Еуразия» кинофестивалінің аясында қысқаметражды және толықметражды фильмдер байқауы қатар өткізіліп келеді. 13 фильм енген биылғы халықаралық толықметражды фильмдер байқауына Сулейман Сиссе (Мали), Кирилл Разлогов (Ресей), Талғат Теменов (Қазақстан), Эльчин Мусаоглы (Әзербайжан), Русудан Глурджидзе (Грузия), ал 30 фильм енген халықаралық қысқаметражды фильмдер байқауына Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан), Иман Камель (Мысыр), Киро Руссо (Боливия), Сергей Дворцевой (Ресей), Луна Ван (Қытай) секілді белгілі кинематографистер қазылық етті. Бұлардан өзге ФИПРЕССИ және НЕТПАК-тың құрамына енген қазылар алқасы да жұмыс істеді.
Сонымен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген фильмдер туралы нендей ой түйдік? Еуропа мен Азия елдерінің кинематографистерін қандай мәселелер мазалайды? Бүгінгі тіршілік, әлем, ондағы адамның орны туралы ол фильмдер не дейді? Осынау маңызды мәселелердің түйінін тарқатуда Еуропа мен Азия киносында ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар ма? Шын мәнінде, конкурстық бағдарламаларда көрсетілген фильмдермен танысқанда, бізді мазалаған да осы сұрақтар болды.
Ең алдымен, сеніммен айта алатынымыз – толықметражды фильмдер байқауында үздік деген шығармалардың өте көп болуы. Он үш елден келген бұл фильмдердің әрқайсысында, мейлі ол қандай кинематографиялық стильде түсірілсін, өз еліндегі маңызды деген әлеуметтік, ұлттық, моральдық, психологиялық мәселелердің көрінісінен хабар беретіні байқалды. Мысалы, «Бір күн» (2017, реж. Ли Юн-ги, Оңтүстік Корея) фильмі бір қарағанда, корей киносы мен телесериалдарында өте жиі көрініс табатын о дүниелік болған адамның елесі туралы секілді көрінгенімен, бүкіл атмосферасы жақыныңды жоғалтудың қасіретіне, қимастық сезімге тұнып тұрғанын байқайсыз. Фильм өлім мен қоштасу туралы баяндайды. Режиссердің айтуынша, фильм үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяда апатқа ұшыраған «Сеул» кемесінде қаза тапқан адамдардың рухына арналған. «Қаза тапқандардың арасында кішкентай балалар да өте көп болды. Корей қоғамы әлі күнге дейін сол апаттың қасіретін ұмыта алмай келеді. Фильмімде осыны көрсеткім келді», дейді режиссер.
«Жол бекеті» (2017, реж. Фам Хонг Ан, Вьетнам) атты тағы бір фильм Вьетнам еліндегі, әсіресе оның алыс өңірлеріндегі отбасыларда жиі орын алатын ер адамдардың тарапынан әйел мен балаларға жасалатын қиянат, қатыгездік, зорлық-зомбылық сияқты мәселелерді баяндайды. Режиссердің айтуынша, вьетнамдық отбасыларда әйелден гөрі ер адам ерекше ықыласқа ие. Яғни, отбасы өмірі ер адамның орнатқан қағидаларына толық бағындырылған. Фильмде осындай отбасылардың біріндегі трагедияны көрсетеді: мүгедек қызының өліміне өзінің туған әкесі себепші болады.
Режиссердің өзі көрерменмен болған кездесуде «Жол бекеті» фильмінің толығымен Вьетнам елінің қаржысына түсірілгенін және түсірілім тобына енген барлық мамандардың вьетнамдықтар екенін мәлімдеді. Мемлекеттік киностудияларда жыл сайын 10-нан астам көркемсуретті, 20 деректі және оншақты анимациялық фильм түсірілетінін, оған қоса жеке компаниялардан шығып жүрген фильмдердің саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын ескерсек, бүгінгі Вьетнамда кино өндірісіне ерекше назар аударылып отырғаны байқалады. Киноөндірістің дамуы көркемдік сапасы жоғары фильмдердің жиі түсірілуіне және олардың халықаралық кинофестивальдерде айтулы жүлделерге ие болуына ықпалын тигізіп жүр. Мысалы, «Қорықпа, Би» фильмі 2010 жылы Канн фестивалінің «Сын апталығы» бағдарламасына шақырылып, екі жүлдеге ие болды. Немесе белгілі режиссер Данг Нят Миньнің «Отты жылдар» фильмінің Вьетнамда, басқа елдерде өткен фестивальдерде ерекше назарға ілінгенін атап өтуіміз керек. Енді міне, «Жол бекеті» фильмі де бүгінгі Вьетнам киносының жақсы деңгейде екенін дәлелдеп, «Еуразия» кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленді.
Жалпы, байқауға қатысқан барлық толықметражды (қысқаметражды фильмдердің де басым көпшілігі) фильмдердің негізгі лейтмотиві – шаңырақ, отбасы және ондағы құндылықтар. Бір фильмдерде отбасылық құндылықтар арқылы халық менталитетінің қаншалықты өзгеріске ұшырағанын көрсетсе, енді бір фильмдерде жеке адамның ішкі, сыртқы әлемдегі орны туралы баяндайды. Осы тұрғыдан алғанда, әсіресе, «Анар бағы» (2017, реж. Ильгар Наджаф, Әзербайжан), «Менің бақытты отбасым» (2017, реж. Нана Эквтимишвили, Саймон Гросс, Грузия) фильмдерін ерекше атап өтуіміз керек.
Тбилисиде үш бөлмелі пәтерде 25 жылдан бері ата-анасымен, күйеуі және ер жеткен балаларымен, күйеу баласымен бірге тұрып келе жатқан орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Манананың ішкі сезімдеріне құрылған «Менің бақытты отбасым» фильмінде ғасырлар бойы мызғымай келген грузин отбасындағы құндылықтардың, ұлттық болмыстың өзгергені өте нәзік иірімдермен көрсетіледі. Кинематографиялық форма, стиль тұрғысынан тамаша берілген бұл отбасындағы хикая ондағы тұрып жатқан үш буын өкілдерінің арасындағы рухани байланыстың ажырағанын баяндайды. Отбасындағы алдыңғы буынның (сексенге таяп қалған қариялар) орны өткеннің жаңғырығы секілді ғана әсер қалдырады. Қариялардың үні әлсіз. Балалары мен немерелері олармен санаспайды, сөзін өткізе алмайды. Ал орта буын өкілдері (Манана мен күйеуі) томаға тұйық, күн сайын қайталанатын бірқалыпты өмірге үйреніп қалғаны соншалық, оны еш өзгерткісі келмейді (күйеуі). Бірақ, отбасындағы бірқалыпты өмір Манананың кенет басқа пәтерге көшуімен бұзылады. Жас буынның (қызы мен ұлы, күйеу баласы) алдыңғы буын өкілдерімен ара-қатынасында да анау айтқандай рухани жақындық сезілмейді. Үш буынның өзара қатынасы әртүрлі дауыста айтылып жатқан хорды еске түсіреді. Бірақ, дауыстар бұзылған, тембр, бояуы тұрғысынан бірімен бірі үйлеспейді. Тіпті грузиндер үшін тек отбасылық қана емес, ұлттық құндылықтардың да керемет үлгісі болып саналатын дастарқан басындағы дәстүр де бұзылған.
Осы фильмнің тақырыбымен үндес тағы бір «Анар бағы» атты фильмде отбасы құндылықтарының күйреуі тіпті жақындарына ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жеткен аманатқа қиянат жасалатын (12 жыл хабар-ошарсыз кеткен ұлы әкесінің өмір бойы бағып-баптаған анар бағын сатып, ақшасын алып, Ресейдегі жаңа отбасына аттанады) трагедиямен ұласады. Фильмнің өн бойынан А.Чеховтың «Шие бағы» пьесасының тақырыбымен, атмосферасымен үндестігі байқалады.
Жоғарыда аталып өткен екі фильмнің тағы бір ерекшелігі – актерлік құрамының мықтылығы. Басты кейіпкерлерді сомдаған актерлердің «Үздік ер адам рөлі» («Анар бағы», Гурбан Исмаилов. Фильм бұдан өзге қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды), «Үздік әйел рөлі» («Менің бақытты отбасым», Ия Шульяшвили) жүлделерін иеленуі екі елдің киносында да тамаша актерлік мектептің дәстүрі үзілмегенін тағы бір дәлелдеді.
Жалпы, адам баласы үшін үй сыртқы әлем тудыратын үрей мен қорқыныштан сақтайтын, басына қауіп төнсе қорғана алатын мекені болуы керек қой. Бірақ «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламасында көрсетілген фильмдер бұл қағида туралы басқаша пікір туғызады. Яғни, тыныштық бұзылған заманауи әлемде тіпті үй де кейіпкерлеріне қорған бола алмайды. Кейіпкерлер тек сыртқы әлемде ғана емес, үйде де қорғансыз. Өмірдің қиындықтарымен бетпе-бет келгенде олар үнемі жалғыз. Әрқайсысы өз бетінше қорған іздейді, бірі жеңіліп жатса, енді бірі рухани қорғанысты діннен, махаббаттан т.б. іздейді. Бұл әсіресе, «Ақымақ құс» (2017, Қытай, реж. Хуан Цзи, Рюдзи Оцука), «Тыныштық дауысы» (2017, Үндістан, реж. Биджукумар Дамодаран), «Қарақшы қыз» (2016, Израиль, реж. Хагар Бен-Ашер), «Аритмия» (2017, Ресей, реж. Борис Хлебников) фильмдерінен көрініс тапты.
Италиялық неореализм киносының стилін еске түсіретін «Ақымақ құс» фильмінің кейіпкерлерін негізінен қаланың тар, лас көшелерінен көреміз. Тіпті олар мекендейтін тар үйдің ішінде де көшедегідей үрей, қорқыныш қатар жүреді. Атасы мен әжесінің қолында өскен Линн атты жасөспірім қыз үшін сыртқы әлем де, үй ішіндегі кеңістік те қорған бола алмайды. Қыздың ішкі әлеміндегі мазасыздық үйдегі үлкендердің шарасыздығымен үнемі астарласып жатады. Немесе «Тыныштық дауысы» атты үнді фильмінде табиғаты жайқалған ну орманның ішінде орналасқан, құстың ұясы секілді шағын үй де маскүнем әкесімен бірге тұрып жатқан жас бала үшін бақыттың мекеніне айнала алмайды. Мұнда да әкенің балаға деген жылуы жоқ. Ал бала үшін жұпыны үйде жылы сезімге бөлейтін жалғыз сәт бар: үстел үстіндегі қорапшадағы ойыншықтар, дәптер. Осы қорапшаны жиі-жиі ашып, ішіндегі заттарды қолына ұстауы – сағым болып алыстан елестейтін балалық шағының жалғыз куәсі іспетті. Ол үшін үй – осы шағын корапша. Бірақ бұл фильмде алдыңғыға қарағанда, үйдің, отбасының жылуын көрмеген бала үшін қорған бола алатын жалғыз мекен – будда монастырын ұсынады. Жалпы, соңғы жылдары «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламасынан қоғам, ондағы жеке адамның орны, әлеуметтік жағдайы, ішкі психологиялық күйі кәдуілгі дәстүрлі үнді фильмдеріне мүлдем ұқсамайтын шығармаларды жиі көріп жүрміз. «Тыныштық дауысы» сондай фильмдердің қатарынан екенін айтуымыз керек.
Атмосферасы үйлесімсіздік пен суық сезімге тұнып тұрған үйдің (пәтердің, бөлменің) бейнесін «Қарақшы қыз», «Аритмия» (ФИПРЕССИ жүлдесінің иегері), қысқаметражды фильмдер байқауындағы «Үйлесімсіздік» (2017, реж. Виктор Кислов, Ресей), «Саз-махаббат» (2017, реж. Айгүл Ақсамбиева, Қазақстан) т.б. фильмдерінен де көруге болады. Алайда алдыңғыларына қарағанда отандық қысқаметражды фильм соңында байлық пен бақыттың лебі есіп тұрған тағы бір үйдің бейнесін ұсынады. Тек мұндай кеңістік кейіпкерлердің бірін-бірі кешірген соң ғана пайда болады. Яғни, бақытты үйдің кепілі – кешірім деген ой айтылады.
Үй, шаңырақ, отбасы құндылықтарын көрсетуде «Еуразия-2017» кинофестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алған «Оралман» (2017, реж. Сәбит Құрманбеков, Қазақстан) және екі бірдей жүлдені («Үздік режиссурасы үшін», НЕТПАК) иеленген «Кентавр» (2017, реж. Ақтан Арым Құбат, Қырғызстан) фильмдерінің өзгелерден оқшау тұрғанына назар аударуымыз керек. Рух, еркіндік, бауырмалдық сияқты тақырыптарды арқау еткен «Кентаврда» бас кейіпкердің отбасы (мылқау әйелі мен баласы) өмір сүріп жатқан үйдің іші жұпыны болса да, жылылық, үйлесімділік сезіледі. Әйтсе де фильмнің соңында кейіпкер үшін жұмақпен пара-пар бұл мекен қаңырап, бос қалады (әйелі баласын алып, үйден кетеді). Бірақ ауылдағы қыл көпірдің үстімен үйіне оралған анасының жанында келе жатқан балаға тіл бітіп, «Ата» деген сөзді айтады. Яғни, мұның алдында ғана қаңырап қалған шаңырағының отын сөндірмейтін, әкесінің ісін жалғастыратын ұрпағы оралды. «Кентаврдағы» үй, отбасы – ұрпақ жалғастығы деген мағынада көрініс табады.
Бүгінгі қазақ қоғамы үшін ең өзекті тақырыптардың бірін қозғаған «Оралман» фильміндегі алыстағы Ауған жерінен талай қиындықты бастан өткеріп, атамекеніне сағынышпен оралған кейіпкерлердің әзірге жеке үйі болмаса да, бүкіл қазақ даласын, Қазақ елін өздерінің баспанасындай қабылдайды. Олар үшін, ең алдымен, Атамекен қымбат. Жоғарыда аталып өткен фильмдердегідей отбасының күйреуі, психологиялық дағдарыс, күйзеліс секілді сарын бұл фильмде кездеспейді. Керісінше, отбасының ішкі беріктігі, тұтастығы сезіледі. «Оралман» фильмінде үй, шаңырақ – бұл ата-бабаңның кіндік қаны тамған жер, атамекенің деген мағынада ұсынылады.
Байқағанымыздай, екі фильмде де шаңырақ, отбасы мәселелері ұлт тұтастығы, бірлігі сияқты аса өзекті тақырыптармен астарласып, ұштасып жатыр. Яғни халықаралық толықметражды фильмдер байқауының бағдарламасындағы бүгінгі Орталық Азия, соның ішінде қазақ, қырғыз киносы осынысымен ерекшеленді.
Жалпы, биылғы «Еуразия» кинофестивалі жүлде жағынан қазақ киносы үшін жемісті болды. Егер «Оралман» толықметражды фильмдер байқауында Гран-при жүлдесін иеленсе, Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі Мейіржан Сандыбаевтың «Ит» анимациялық фильмі қысқаметражды фильмдер байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Ал жас режиссерлер Шәрипа Оразбаеваның «Сілеусін» және Аян Найзабековтің «Ессіздік» атты жобалары фестиваль аясында өткен «Еуразия спатлайт» питчингінің жеңімпаздары атанды.
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидат