Ізденіс ізі
Әңгімені шихта дайындау буынынан бастайық. Өйткені, байыту фабрикасынан келген концентрат осында мыс алатын шикізатқа – шихтаға айналып, одан әрі балқыту цехына жөнелтіледі.
Кәсіпорынның табалдырығы іспетті шихта дайындау цехында концентратты кептіру үдерісін жақсартуға және жабдықтың бей-берекет бұзылуын болдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар техникалық шара жүзеге асырылуда. Жалпы, келешекте мұндағы технология түбегейлі өзгертіледі.
Өндірістік буында күкірт қышқылы цехының өзіндік орны бар. Конвертор мен рудотермиялық пештен бөлінген газды тұту мен осы цехқа жеткізгенге дейінгі аралықтағы үдеріс толық автоматтандырылған. Газды барынша кәдеге жарату арқылы айналаға таралуын азайтуға қатысты көлемді қайта құру жұмысы жүргізілуде.
Біреуі анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай үш бөлімшеден тұратын балқыту цехын «металлургиялық өндірістің өзегі» деп әспеттесек, артық емес. Зауыт өндірісіндегі өркенді өзгеріс балқыту буынынан бастау алып жататыны да сондықтан.
Көпшілік көзбен көрмесе де, көңілінде берік ұялаған күрең қызыл балқыма осында алынады. Одан анод негізін құйып, электролиздеу цехында өңдеуден өткеннен кейін барып Арқадағы Жезқазғанды әлемге танытқан саф алтындай сары мыс тұтынушыға жол тартады.
«Анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай» айтулы үшеудің алғашқысы – электр пеші бөлімшесі. Онда әрқайсысы 168 шаршы метр аумақты алып жатқан үш фазалы, алты электродты, биіктігі – 4,5, ені – 7, ұзындығы 24 метрлік қуатты екі пеш тұр.
Қызуға төзімді бетонмен қапталған, төңірекке бейберекет газ таралмауы қарастырылған оған тиелген шихта мен кремний диоксиді (флюс) оттегі айдау арқылы қорытылып, құрамында мыс, темір мен күкірт бар штейн пештің түбіне шөгеді. Ал, флюспен біріккен қалғанынан шлак түзіледі.
Әдетте құрамында 40%-60% мыс болатын штейн конвертерде балқытылып қара мыс алынады, ол анод пешінде одан әрі тазартылады. Тұнған шлак өндірістік қалдық қоймасына жөнелтіледі. Балқыту буынындағы конвертер мен анод бөлімшесі бүгінде біріктірілген.
Қуатты кәсіпорында алатын өзіндік салмақты орны бар бұл ұжым шуақты шақты да, қиын кезеңді де көрді. Дағдарыстың дүрбелеңін қажымас қажыр-қайратпен, үздіксіз ізденіспен жеңді. Жаңашылдыққа ұмтылды, жетістікке жігерленді. Өндіріс мәдениеті көтерілді, қолмен атқарылатын жұмыс көлемі кеміді.
Түпкі өнімнің тұсауы кесілетін тұс – электролиздеу цехы. Мұнда шақпақ мыстың сапасын арттыруға бағытталған электролит температурасын реттейтін және оның құрамындағы белсенді затты бақылайтын автоматты желі өндіріске енгізілген. Бұл электролизші жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
Соны соқпақ
Тегі темірдің түбі тозатыны түсінікті. Оның үстіне өндірістегі технологияның табандап тұрып қалмай, жетілдіріліп отыратыны тағы мәлім. Демек, уақыт талабына сай заманауи жүйелі жаңғыру – табиғи заңдылық. Жезқазғандық металлургтердің де мақсаты – өндірісті жаңғырту жолымен жаңа жетістікке жету.
2013 жылы қыркүйекте «Қазақмыс» басшылығы Жезқазған мыс қорыту зауытының жұмысын тоқтатты. Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай шешім мыс балқыту қуатын дамыту келешегін зерттеу қорытындысына сүйеніп қабылданды. Дегенмен, осы «консервациялау» кезінде көпшіліктің көңілін күпті қылғанын білеміз.
Бірақ босқа алаңдапты. Кәсіпорынның уақытша тоқтап тұруы жұмысшы жалақысына кесірін тигізбеді. Өйткені қайта құру кезінде оның әлеуметтік әсерін әлсіретпеу үшін «Қазақмыс» басшылығы пәрменді қолдау көрсетіп, орташа жалақы кәсіпорын қайта қатарға қосылғанша сақталды.
Зауыт шақпақ мыс шығармаған шақта жұмыс күшінің бір бөлігі концентрат тиеуге тартылды. Күкірт қышқылы цехы Балқаштан келген шикізатты байыту фабрикасына айдап, залалсыздандырумен айналысты. Қалғаны кәсіпорынды қаңтаруға қатысты шараны атқарды.
Бір жылдың көлемінде зауыт қайта қатарға қосылды. Оған бірнеше фактор ықпал етті. Соның ең бастысы – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау. Сосын металл нарығындағы әлемдік жағдаяттың жақсаруы. Осының негізінде тиісті шешім қабылданды.
Өндірісте оңай шаруа жоқ. Дегенмен, маман біліктілігіне зауытты қайта қатарға қосу кезінде кездескен ағымдағы қиындық кедергі келтіре алмады. 2014 жылы 15 қыркүйекте №2 пеш қыздыруға қойылып, 18 қазанда қара мыс алды. Қарашаның алғашқы аптасында шақпақ мыс шығарылды.
Қысқасы, кәсіпорынды қайта қатарға қосу кестеге сай жүрді.
Қазір кәсіпорын бұрынғы пирометаллургиялық тәсілмен тауарлы өнім шығарады. Түсінікті тілмен айтсақ, алдымен мыс концентраты электр қуатымен балқытылады, сосын алынған балқыма отпен және электролит ертіндісімен одан әрі тазартылып, сосын шақпақ мыс шығарылады.
Құнарсыз шикізат өңдейтін гидрометаллургиялық технологияны өндіріске енгізу жұмысы одан әрі жалғасуда. Кенді кешенді өңдеудің тиімді технологиясын жасаған – ресейлік «РусРедМет» ҒЗБ-мен білек біріктірген «КазГидроМедь» компаниясының ғылыми-зерттеу орталығы.
Келешекте құнарсыз кеннен алынған қара мысты гидрометаллургиялық өңдеудің технологиясын тексеретін әмбебап қондырғы монтаждалып, өнімділігі сағатына 5 тонна концентрат шығаруға жететін тәжірибелік зауыт салынады. Оның жобасын ресейлік «РИВС-проект» жасады.
Гидрометаллургиялық өңдеу технологиясын «соны соқпақ» десек орынды. Ол, ең алдымен, баланстағы және балансқа алынбаған кенді, бұрын есептен шығарылған қорды, ұзақ жыл жиналған өндірістік қалдықты аз шығынмен өңдеуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, кәсіпорынның өндіріс көлемі ұлғаяды.
Жезқазған аймағында жұмыс істеп тұрған кеніш ғұмыры ондаған жылға ұзарады, экологиялық жағдай жақсарады. Шақпақ мыстың өзіндік құны 1,6 есе арзандайды. Келешегі келісті кәсіпорынның ұжымы бо- лашағына селкеусіз сеніммен қарайды.
Әлібек ӘБДІРАШ, журналист