Бiлiм және ғылым министрлiгi Балалардың құқын қорғау комитетi әдетте жаңа оқу жылының басталуына бiр ай қалғанда «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын өткiзедi. Биылғы акция 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Менiң таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өтедi. Екі ай бойы жүргізілетін ауқымды шараның мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қараусыз қалған балаларды мектепке дайындап, қажетті құрал-жабдықтарын алып беру.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім жылдан жылға акцияның ауқымы кеңейіп, тұрақты демеушілер мен меценаттардың қатары артқанын жеткізді. Былтыр 320 мың балаға жалпы сомасы 2 млрд 468 млн теңгенің көмегі көрсетіліпті. Көмекке мұқтаж балаларға көмектесу жағынан Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе облыстары көш бастаған. Бұл өңiрлерде 30 мыңнан астам бала «Мектепке жол» акциясына қатысып, мектепке қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етіліпті. Ал акция аясында қаржы тарту жағынан Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстары алдыңғы лектен көрінген. Әр өңір шамамен 500 млн теңгеден астам қаражат тартып, көмекке зәру жеткіншектерге мектеп құралдарын алып берген.
Мәншүк Әбдікәрімнің айтуынша, биылғы акция барысында оқушылардың жаппай мектепке баруына айрықша көңіл бөлінбек. Былтыр көрінген жерде түнеп, қараусыз қалған 280 бала анықталған екен. Биыл осындай әлеуметтік себепке байланысты сабақтан қалу жағдайларын болдырмау үшін рейдтік шаралар ұйымдастырылатын болады. Тиісті мамандар пәтерлерді, саяжайларды аралап, ата-анасының бақылауынсыз қалған балаларды іздестіреді.
Әлбетте, балалардың қуанышы – қуаныштардың төресі. Жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмектесіп, сауап алғанға не жетсін?! Бірақ жылт еткен жақсылығын жұртқа жариялап, соның есебінен өзіне жарнама жасағысы келіп тұратын адамдар да жоқ емес. Былтыр осы акция аясындағы қайырымдылығын жариялы түрде жасаймын деп, балалар мен ата-аналардың намысына тиіп кеткен оқиғалар болғаны есімізде. Осыдан сабақ алған министрлік өкілдері енді қайырымдылық көмек ешқандай салтанатты түрде немесе мектептегі сап түзеуде тапсырылмау жөнінде өңірлерге нұсқау хат жолдапты.
Негізі, «Мектепке жол» акциясына кез келген жағдайы жоқ отбасылар қатысып, көмек ала алады. Ол үшін 8-7172-74-25-28 нөмірлі жедел желіге хабарласуы керек. Ал әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға көмектесемін деген ақ ниетті азаматтар болса, 8-7172-74-21-40 телефонына хабарласып, қол ұшын беруге болады.
Брифингте еліміздегі мектептердің жаңа оқу жылына дайындық барысы, мектебі жоқ ауылдың балаларын орталықтарға тасымалдау мәселесі де айтылды. Министрліктің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Зейнеп Мақсұтованың мәліметінше, республика бойынша биыл 369 мың бала бірінші сыныпқа барады деп жоспарлануда. Жаңа оқу жылына мектептердің материалдық-техникалық базасы да, кадрлар құрамы да дайын. Бүгінде барлығы 325 мың педагог болса, 1 қыркүйекте 10 мыңға жуық жас маман мектептерге жұмысқа қабылданбақ.
Жалпы, биылғы 27 шілдедегі көрсеткіш бойынша, 46 мектеп жабылса, есесіне 16 жалпы білім беретін мекеме ашылған. Жаңа оқу жылында еліміз бойынша 75 жаңа мектеп іске қосылады деп күтілуде.
Бүгінде 22 мың 278 оқушы автобуспен мектепке тасымалданады. Осы мақсатта 768 автобус дайын тұр екен. Оның 42 пайызы соңғы бес жылда жаңартылса, былтыр 23 жаңа автобус сатып алыныпты.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»