Отандыстарымыз ақтық бәсекеде Жапония құрамасымен күш сынасты. Бірінші партияны жапондықтар 25:13 есебімен оңай ұтқанымен, қалғандары тартысты өтті. Екінші партияда Жапония ойыншылары 25:20 есебімен басым түссе, үшіншісін қазақстандықтар 27:25 есебімен өз пайдасына жазды.
Әйтсе де жапондықтар одан әріге мүмкіндік бермей, төртінші партияны (25:23) жеңіспен аяқтады. Сөйтіп олар 3:1 есебімен Игорь Никольченко жаттықтыратын қазақстандықтарды ұтып, Азия чемпионы атанды. Индонезия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірген Оңтүстік Корея волейболшылары қола жүлдеге ие болды.
Осыған дейін Қазақстан құрамасы 1993 жылғы Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған болатын. Ал жаңа ғасырдағы үздік көрсеткіші 2009 жылғы біріншіліктегі бесінші орын еді. Осылайша, қазақстандықтар бұдан 24 жыл бұрынғы жетістігін қайталады.