С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған» өнертапқыштар марафоны өтті. Мақсаты – мүгедектер үшін кедергісіз өмір жасау. Марафонға еліміздің жоғары оқу орындарынан келген 8 командаға біріккен студенттер, жаңалық жасаушы инженерлер, өнертапқыштардан тұратын қазақстандық мейкерлер тобы қатысты. Осы шара барысында қатысушылар жеңіл жүре алатын арбалар жасау жобасын жүзеге асыруды, автоматтандырылған тамақтандырушы, мамандандырылған пернетақта сияқты басқа да құралдар ойлап табады. Бұл құрылғылар мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартып, сенімділікке жетелейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мейкатонның басты айырмашылығы, қажетті жабдықтарды жасаған кезде оларға шын мәнінде мүмкіндігі шектеулі жандар қолғабыс етіп, өздері үшін жасалатын бұйымдардың кем-кетігін түзеп, тіпті кейде жетілдіретін тұстарын айтып, көмек береді. Аталған прототиптер шын мәнінде пайдалы әрі қолжетімді құралға айналуы мүмкін. Ал, мейкерлер командасы сәтті стартапы бар әлеуметтік кәсіпкерлерге айналмақ.
Tikkun Olam Makers жобасы аясында өтіп жатқан өнертапқыштар марафонында Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тамақтану құрылғысын таныстырды. Тамақтану құрылғысы жүйке жүйесі зақымданған жандарға арналған. Олардың қолдары дұрыс ұстай алмайды, денелері толық жетілмеген. Сол себептен қолдың көмегінсіз автоматты түрде жұмыс істейтін арнайы құрылғы ойлап тауыпты. Ал, өнертапқыштар марафонына қатысқан жергілікті студенттер болса, мүгедек жандар үшін жасаған еден жуатын құрылғыларын таныстырды. Құрылғыға құбырларды шарнирмен біріктіріп, оның табандарына еденде таймас үшін резина кигізеді. Оған еден жуатын жұмсақ қосымшасын орнатады. Өздігімен жүріп-тұра алмайтын адамдар соған сүйеніп тұрып-ақ, еден жуа алады. Астана, Тараз, Өскемен және Семейден келген студенттер бірінші топтағы мүгедек Галина Сычеваға арнап жасанды аяқ құрастыруға кірісті. Астанадағы Назарбаев университетінің робот техникасы мамандығы бойынша білім алатын студент Айкөркем Жұмажанның айтуынша, Галина Сычева протезді қайтадан жеңіл материалдан жасап беруін өтініпті. Ол студенттермен бірлесіп, титан материалынан жасанды жұмсақ протез құрылғысын жасады. Павлодарлық Дмитрий Куричев зағип жандарға арналған шкаф жасаған. Шкафтың тартпалары батырма арқылы өздігінен айналып тұрады. Студенттер өздері жасаған жобаларын қорғап шығатынына үмітті. Өйткені, мүгедек жандардың өмір сүруіне аса қажет жобаларға қаржылық қолдау көрсетіледі.
Мейкатон кезінде әр командаға бекітілген тізімге сәйкес, прототип әзірлеуге қажетті жабдықтар беріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарға прототиптерді әзірлеуге қажетті құралдарды бүкіл әлем бойынша зерттеу жұмыстары мен стартаптарды қолдап келе жатқан Bosch Global. BOSCH компаниясы ұсынып отыр. Неміс компаниялар тобы – өндіріс пен автомобиль технологиялары, қаптау технологиясы мен құрылыс тауарларын өндіретін жетекші компания. Әлемнің 60 елінде 440 еншілес кәсіпорны табысты жұмыс істейді. 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан мейкатонның мақсаты – қолжетімді бағадағы және прототип ретінде болашақта жаппай өндіру үшін пайдаланылатын пайдалы құрал жасау. Мейкатонның ерекшелігі – прототиптерді әзірлеу кезінде өнертапқыштарға мүмкіндігі шектеулі адамдар, оңалту мамандары, психологтар, өнертабыстарды саудаға шығара алатын мамандар, әлеуметтік кәсіпкерлер көмектеседі. Дайын өнімдер мүмкіндігі шектеулі адамдарға сыйлық ретінде беріледі. – Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға арналған «ТОМ: Kazakhstan» жобасы Қазақстанда алғаш рет өтуде. 2014 жылдан бері АҚШ, Аргентина, Ұлыбритания, Израиль, Бразилия, Канада, Австралия мен Вьетнамда ұйымдастырылып келеді, – дейді Тель-Авив университеті кәсіпкерлік орталығының директоры Елена Донец.
Марафон қорытындысында Валерий Литвиновтың командасы жасаған жобалары 1-орынға шықты, Д.Куричев жасаған «қолжетімді» шкаф 3-орын алса, жергілікті студенттердің тағы бір жобасы еден жуғыш 2-орын иеленді.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Суреттерді түсірген Руфина ТОРПИЩЕВА