• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Тамыз, 2017

Батыс Қазақстан кәсіпкерлері Назарбаев бизнес мектебінде оқиды

122 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі шағын және орта кәсіпкерлік саласында қызмет етеді.

Облыстағы 48 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерінің 37 мың 800-і жұмыс істеп тұр. Биылғы 1 тоқсанда өңірде 312 млрд теңгенің өнімі өндірілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында облыста несие түріндегі және инфрақұрылым жеткізу түріндегі 713 жоба мемлекеттік қолдауға ие болып, оның жалпы сомасы 85,6 млрд. теңгені құраған. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраимов Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифинг кезінде хабарлады.

Бірыңғай бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2017 жылы 1,6 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға - 1,4 млрд. теңге, кепілдеме беруге - 94 млн. теңге, гранттық қаржыландыруға - 47 млн. теңге қаралған. 

2017 жылдың басынан бері БҚО Үйлестіру кеңесінің 17 отырысы өтіп, онда екінші деңгейлі банктер берген несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жалпы құны 9 млрд. теңге құрайтын 79 жоба мақұлданды.  

Бүгінгі таңда жас, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер арасында – қайтарымсыз гранттық қаржыландыру үлкен сұранысқа ие. 2017 жылы 19 кәсіпкер жалпы құны 47 млн. теңге грантқа қол жеткізді, оның ішінде 14 кәсіпкер ауылда тұрады.

Индустрияландыру картасы аясында II бесжылдықта (2015-2019 жж) жалпы құны 83,4 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылуда, 1224 жаңа тұрақты жұмыс орыны ашылмақ. Солардың ішінен 2015-2016 жылдары жалпы құны 72,7 млрд. теңге құрайтын 12 жоба іске қосылды. 1800 жұмыс орны, оның ішінде 595 тұрақты жұмыс орындары ашылды.

2017 жылы кәсіпкерлікті қолдау Картасы шеңберінде құны 6,9 млрд. теңге болатын 6 жоба іске қосылмақ. Бұл жобалар:

- электрқалқандары жабдығы өндірісін ұйымдастыру («Урал Электрик» ЖШС);

- Макаров кірпіш зауыты;

- асфальтбетон зауыты («Бірлік» ЖШС);

- құрғақ тағам өндіру цехы («Казкон» кондитерлік фабрикасы);

- жылына 6000 тонна құс етін өндіретін фабрика («Жайык Агро ЛТД» ЖШС);

- макарон өндіру фабрикасы («Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ).

Бұл жобалар іске қосылған кезде 558 жұмыс орыны ашылады, оның ішінде 416 жұмыс орыны тұрақты.

Осы жобалардың ішінде 2 жоба: электрқалқандары жабдығы өндірісін ұйымдастыру («УралЭлектрик» ЖШС) және Макаров кірпіш зауытының құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Картадан тыс жалпы құны 9,1 млрд. теңге болатын 550 жұмыс орыны ашылып, 2017 жылы іске қосылатын 6 жоба қолға алынды:

- есік-терезе өндірісі («СтеклоСервис» ЖШС);

- сэндвич-панель өндірісі («Агран» ЖШС);

- асфальт зауыты («АдалАрна» ЖШС);

- аяқ-киім тігу фабрикасы («Асар» ЖШС);

- БАСК құрылыс көлік-логистикалық орталығы («Еуразиан Логистик» ЖШС);

-мал өнімін өңдеу цехы («Кублей» ЖШС).

Сонымен қатар, 2018-2019 жылдары 491 жұмыс орны, оның ішінде 213 тұрақты жұмыс орны бар жалпы құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын төрт жоба іске асырылады:

- керамикалық кірпіш зауыты («134» ЖШС);

- химиялық өндірістік базасы («Топан» ЖШС);

- БҚО-да минералды ұнтақ, сұйық натрийлі шыны және пеношыны өндірісі зауыты («Foamsil» ЖШС);

- шағын катерлер өндірісін жаңғырту және ұлғайту ( «НИИ «Гидроприбор» АҚ).

2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыру тәжірибесін одан әрі қарай жалғастыру жоспарлануда. Ол үшін облыстық бюджет пен аталмыш қордың әрқайсысынан 300 млн. теңгеден қаралады. Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ екінші деңгейлі банктермен бірлесіп қаржыландыру үшін 700 млн. теңгеден қаржы бөледі.

«Сонымен бірге, мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы арқылы 8 жоба қолға алынды, соның ішінде 4 балабақша, 1 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде, Оралдағы №7 емхананы, №8 орта мектептің асханасын сенімгерлік басқаруға беру мәселесі шешілмек, - деді Б.Ибраимов.

- Өткен 2016 жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында субсидиялау бойынша жалпы құны 20,4 млрд. теңге құраған 111 келісімшарт жасалған. Биылғы жылдың алғашқы алты айында жалпы несие портфелі 8 млрд. 123,7 млн. теңге болатын 69 жоба бойынша сусбсидиялау келісімшартына қол қойылған. Жалпы, бағдарлама басталғалы бері несие портфелі 86,7 млрд. теңге болатын 603 жоба мақұлданды, - дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры Ербол Иденов.

Екінші деңгейлі банктерден несие алу барысында кепілдеме жетіспесе, кәсіпкер субсидиялау бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдемесін ала алады. Яғни, жұмыс істеп отырған кәсіпкердің банкке қойған кепілдемесінің құнынан екі есе артық мөлшерде несие алуына мүмкіндігі бар. Шаруасын енді бастаған кәсіпкерге «Даму» қоры алатын несиесінің 85 пайызы көлемінде кепілдеме береді. Өткен алты айда батысқазақстандық кәсіпкерлерге жалпы құны 490,8 млн. теңге құрайтын 24 кепілдеме берілген.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қаржысыз қолдау шаралары да табысты іске асырылуда. Мысалы, «Назарбаев Университеті» бизнестің жоғары мектебі (Астана қаласы) базасында қолға алынған «Шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқыту» жобасы шетелдік оқыту орталықтарын қатыстыру арқылы білім беруді көздейді. Оқыту тегін. Жоба басталған уақыттан бері облыстағы 64 кәсіпкер осы жерде оқыған.

2016 жыл ішінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы 4 мыңнан аса көмек-кеңес берілген. 2017 жылдың алғашқы алты айында ақыл-кеңес түріндегі қызмет саны 2734-ке жетіпті.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы