• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Тамыз, 2017

ҚР мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай ақындар мүшәйрасы өтеді

199 рет
көрсетілді

Жарысқа жыр қос жас ақын

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Мемлекеттік рәміздер мақтанышым!» және «Мәңгілік ел – мұратым!» тақырыбындағы ҚР мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған Астана қалалық жас ақындар арасындағы мүшәйрасы жөнінде баспасөз конференциясы өтті.

Ақын Қалқаман Сарин мен Астана қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Ораловтың қатысуымен өткен конферцияда мүшәйра мақсаты мен шарттары айтылып, журналистер тарапынан қойылған өзге де сауалдарға жауап берілді.

Қазылар алқасының құрамы алдын ала жарияланбайтыны, ақындардың бүркеншік атпен қатысатыны туралы айтқан Асхат Оралов, «бұл мүшәйра тастүлек талант, шын жүйрікті анықтайды, барынша әділ өтеді», - деп отыр.

Ал, ақын Қалқаман Сарин: «Тәуелсіздік кезеңінде әдебиетке келген ақындардың азаттықты жырламағаны жоқ шығар, әр кім әр қырынан өзінше және өзгеше өрнекпен жаза білді. Ал, Тәуелсіздік тұсында өмірге келген жастар қалай жырлайды екен? Тәуелсіз елде дүниеге келіп, азат санамен есейген ұрпақтың өлеңі қалай өріледі? Соны көргіміз келеді. Әрине, олар бұған дейін де жазып жүр ғой, бірақ, бұл мүшәйраның тақырыбы ауырлау, талабы да жеңіл емес. Нағыз Тәуелсіздік жемісінің жырларына куә боламыз деп үміттенеміз», - деді.

Мүшәйраға 14 – 29 аралығындағы жас ақындар қатыса алады.

Мүшәйра жеңімпаздары I, II және III дәрежелі дипломдармен және Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ақшалай сыйлығымен марапатталады. I орын – біреу (300 000 тг), II орын – екеу  (200 000 тг), III орын – үшеу (100 000 тг), арнайы жүлде – төртеу (50 000 тг).

Өтінімдерді қабылдау 2017 жылдың 5 тамызы мен 5 қыркүйек аралығында жүріледі. Мекен-жайы: Астана қаласы, Достық көшесі 13, 214 кабинет немесе bm_30@mail.ru электронды поштасы.

Сөйтіп, бесігенен бодандық белгісін көрмей өскен жас өскін ақындар Тәуелсіз елдің мемлекеттік рәміздеріне деген жүрек лүпілін поэзия тілінде жеткізіп, мәңгілік ел мұратын жырға қосады. Жыр бәйгелі болсын жас ақындар!

Айтпақшы, конферцияда алғашқы 25 ақынның өлеңі кітап болып құрастырылатыны, Астанадан өзге қалалардан қатысқысы келетіндер де өтінім беруіне болатыны туралы айтылды.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»