• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Жазғы спорт 02 Тамыз, 2017

Спорттық оқ ату федерациясына жаңа басшы келді

228 рет
көрсетілді

Бұл бастама қазақ спортының алға қарай жылжуы үшін жасалған маңызды қадам болмақ. Бүгін «Сарыарқа» велотрегінде спорттық оқ ату федерациясы қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс есептік сайлау конференциясы өтті.

Алқалы жиында федерацияның есеп беру кезеңінде атқарылған жұмыстары тыңдалды. Оған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Бұдан бөлек, жиын барысында федерацияның жаңа құрамы бекітілді.

Басқосуда дауыс берушілердің бірауыздан шығарған шешімі бойынша Қазақстанның спорттық ату федерациясына басшы болып Арыстанбек Мұхамедиұлы сайланды. Сонымен қатар, федерацияның атқарушы комитеті бекітілді. Атқарушы комитеттің төрағалық етушісі, федерацияның бас хатшысы лауазымына Олег Почивалов, вице-президент қызметтеріне Нұрлан Оразалиев пен Анвар Юнусметов, атқарушы директоры болып Оксана Середа, стендтік ату бойынша атқарушы директорына Татьяна Давыдова, мылтық ату бойынша атқарушы директоры болып Татьяна Табакаева сайланды.

Жиында сөз алған Арыстанбек Мұхамедиұлы спорттық ату еліміздегі негізгі Олимпиадалық спорт түрі екендігін ерекше атап өтті.

– Құрметті, жиналған қауым, маған үміт артып, осы міндетті сеніп тапсырғандарыңызға алғысым шексіз. Шыны керек, елімізде спорт күннен күнге дамып барады. Оған дәлел ретінде соңғы Олимпиада ойындарын алуыма болады. Бразилияда жампоздарымыз 17 медаль жеңіп, Қазақстан тарихындағы ең жоғарғы көрсеткішті жасады. Бұл біздің спортқа деген көзқарасымыздың, бағытымыздың айқын екендігін білдіреді, – деді Мәдениет және спорт министрі.

Ол сондай-ақ, бірер жыл бұрын елімізде спорттың бір түрінен бірнеше федерация болғанын, алайда халықаралық талаптарға сәйкес, олардың арнайы тіркеулерден кейін біріктірілгенін де еске салып өтті.

Бұдан бөлек, министр қазіргі уақыттағы басты мақсат отандық спортшылардың нәтижелерін жетілдіру және Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алу екенін айта келе, әлемдік қауымдастықта үлкен нәтижелерге жетіп, алдағы Олимпиа ойындарында айтулы жетістіктерге қол жеткізетіндігіне сенімін білдірді. Ол спорттық ату федерациясының 2016 жылғы қызметі, яғни ұлттық құрама командалардың дайындығы, өңірлердегі спорт түрін дамыту, республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар спорт шараларын ұйымдастыруда, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытудағы жұмысы жемісті болғанын мәлімдеді.

– Бүгін маңызды жиын өтті. Спорттық оқ ату федерациясына жаңа басшы сайланды. Өздеріңіз білесіздер, бұл спорт түрінде көбірек медаль сарапқа салынады. Алдағы уақытта осы саланың деңгейі бұрынғысынан да көтеріліп, қызығушылық танытқан жастарымыздың да қатары арта түседі деп үміттенемін. Тағы бір айта кетерім, бірер күннен кейін Астанада ату спорт түрлеріне арналған кешен ашылады. Оның да жастарымыз үшін пайдасы зор болмақ, – деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.

Айта кетейік, бүгінде ату спорт түрі бойынша елімізде 2 мыңға жуық адам қызмет етеді.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»