Білгенге бұл – ұлттық мүдденің ұлт мұраттарын айқындайтын жаңа идеологиялық тұжырымдама. Қазақстан дамудың жаңа сапалық деңгейіне жетуді көздейтін стратегиялық бағдарламасын Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан кейін іске асыруға кіріскені баршамызға белгілі. Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру – үшінші жаңғырудың басты мақсаты. Бұған дейін екі жаңғыру жүзеге асырылды. Яғни жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы бірінші жаңғыруды жүзеге асырса, «Қазақстан-2030» Стратегиясы арқасында Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына кірді. Осының өзі жүйелі дамуды қамтамасыз ететін мемлекеттік саясаттың сабақтастығын танытып отыр.
Соңғы жылдары мәдениеттің ең негізгі өзегі – рухани салада түбірлі жаңғырулар жүргізілген емес. Президентінің бұл мақаласы – елдің бүгінгі өмірінде ұлттың ұстанымдарын айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық еңбек. Ұлттық тұтастық, мәдениет, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр, рухани мұраларды сақтау, латын әліпбиіне көшу, білім берудің маңызын арттыру, мақсатқа жетудегі прагматизм, саламатты өмір салты қамтылған мақала кіріспе және «ХХ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екі негізгі тарау мен қорытындыдан тұрады. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, жаңғырудың 6 бағытын белгілейді: Олар 1. Бәсекеге қабілеттілік; 2. Прагматизм; 3. Ұлттық бірегейлікті сақтау; 4. Білімнің салтанат құруы; 5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; 6. Сананың ашықтығы. Бұл бағыттардың барлығы өзекті және уақыттың талаптарына барынша нақты жауап береді. Екінші тарау – «Таяу жылдардағы міндеттер» бірінші кезекте Қазақстанның алдағы ұзақмерзімді дамуын айқындайтын стратегиялық сипатқа ие. Осы тараудағы негізгі жоба – қазақ жазуын латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшіру мәселесі. Латын әліпбиіне көшу мәселесі тек бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Бұл мәселе ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары қолға алына бастады. Яғни түркі дүниесінің ортақ әліпбиін жасау мәселесі Кеңестер одағының ыдырауы қарсаңында күн тәртібіне енген еді. Осы орайда алғашқы нақты шешім 1991 жылы 18-20 қазан күндері Ыстанбұлдағы Мармара университеті жанындағы Түріктану институты ұйымдастырған «Қазіргі түрік әліпбиі» атты симпозиумда тілші-ғалымдар тарапынан қабылданған-тұғын. Осы жиында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түрікменстан сынды елдерден қатысқан 28 тілші ғалым Түркі дүниесі үшін 34 әріптен тұратын латын негізіндегі әліпби жүйесін белгілеген болатын. Бұл жүйе 29 таңбадан тұратын Түркияның әліпбиіне өзге түркі халықтарындағы дыбыстар үшін қосымша бес қаріп енгізумен ерекшеленді. Ол бес әріп: Ä ä, Х х, Q q, Ñ ñ, W w.
1991-1993 жылдар аралығында алдымен Әзербайжан, сосын Түрікменстан, артынан Өзбекстан латын графикасына көшті. Қазақстан мен Қырғызстан бұл мәселені кейінге қалдырды. Оның өзіндік себептері де болды. Қазақстанның геосаяси жағдайымен, көршілес орналасқан алпауыт мемлекеттердің ықпалымен де санасу керек. Осыны ескере отырып Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев латын графикасына өтуге жан-жақты дайындықпен келу керектігіне тоқталып, 2025 жылы Қазақстан латын әліпбиіне толық өтетіндігін мәлімдеді. Түркі мемлекеттерінде қабылданған латын графикасының тиімді жақтары мен кемшін тұстарын саралай отырып қорытынды жасау қажеттілігі назарға алынды. Бүгінде тілші-ғалымдар латын әліпбиіне көшкен тұста қазіргі қазақ тілінің дыбысталу ерекшеліктеріне нұқсан келмеу жағын қарастыруда.
Латын алфавитіне өтуді қызу қолдаған ұжымның бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болатын. 2002 жылы университет жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған І Халықаралық түркология конгресінде әлемнің жиырмадан астам елінен келген түрколог-ғалымдар бас қосты. Осы конгресс қаулысының 5 тармағында «Латыншаға көшкен, көшетін түркі халықтарының жазу таңбасы ортақ белгіге құрылып, бірін-бірі кедергісіз оқи алатын бағыт ұсталсын, бірақ шама келгенше, ата жазу таңбалары негізінде жасау назарда ұсталсын», деп көрсетілген. Түркі жұртының мәдениетін өзара жақындастыру мақсатында қолға алынған іс-шараның бұл бір парасы ғана. Бүгінде Халықаралық түркология конгресі екі жылда бір рет Түркістан қаласында өтіп тұрады. Дүние жүзінің белгілі түрколог ғалымдарын Түркістанға шақырып, келелі ғылыми кеңес өткізіп отыру үрдіске айналған.
2009 жылы өткен ІІІ Халықаралық түркология конгресі «Бүгінгі түркологияның өзекті мәселелері мен келешегі (ортақ тіл, тарих және әліппе)» деп аталды. Бұл басқосу түркітану ғылымының өткені мен бүгінін саралап, келешекте атқаратын жұмыстары туралы өзекті мәселелерді шешуге арналды. Конгресте ортақ тіл, тарих және әліппе жасау мәселелері қаралып, кеңінен талқыланды. Түркі дүниесінің жанашырлары өз ойларын ортаға салып, түркі дүниесінің өткен тарихын талдап, таразылады. Басты мақсат – бүгінгі түркі халықтарының рухани тұтастығын насихаттау. Сол кездегі Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев: «Түркология ғылымын жандандырып жатырмыз. Бұл салада тер төгіп жүрген ғалымдарымыз жетерлік. Туыстас түркі халықтарының тілдерін зерттеуге атсалысып, халықаралық деңгейге шығуы қажет. Бүгінгі түркі халықтарының тілінде қалыптасып отырған өзекті мәселелерді бүкіл түркі әлемі болып шешуміз керек», – десе, ғалым Ә.Жүнісбек түркі тілтанымының ғылыми реформаны күтіп тұрғанын, ол реформаның фонетикадан басталу керектігін қадап айтқан болатын.
Түркология ғылыми-зерттеу институтында қазір де Елбасы мақаласында айтылған идеялар насихатталып, айтылған бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асыруда жоспарлы, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Дүйім түркі жұртының барлығына бірдей ортақ графикаға көшудің түркі мәдениетінің дамуына қосатын үлесі мол. Қазіргідей жылдам ақпарат алмасу дәуірінде түркі жұрты бірінің жазған еңбектерін бірі қиналмай оқи алатын деңгейге көтерілсе, түркі интеграциясының қарқын алуына үлкен серпін берген болар еді.
Қорыта айтқанда, Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз Қазақстанды, қазақ елін дамытуға бағытталған өзекті мақала екені дау тудырмас шындық. Аталған мақала халықты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, қоғам үшін игі іс жасауға, жаңашыл ойлап, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндейді.
Сердар Дағыстан, Жұпар Танауова,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институты