Сондай-ақ, жиын барысында білім беру саласының сыбайлас жемқорлыққа бейім келетіні айтылды. Соның алдын алу мақсатында оқушылармен тәрбие жұмысын жүргізетін «Адал ұрпақ» клубтары құрылып, мемлекеттік грантқа құжат қабылдау автоматтандырылып, жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстары атқарылған. Бірнеше жоғары оқу орындары адалдық қағидатын қатаң ұстанатын білім ордасы ретінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартияға» қол қойды.
Мәжіліске қатысушылардың пікірінше, ең әуелі сыбайлас жемқорлықтың экономикалық негіздерін жойып, бюджет қаржысын пайдалануға, мемлекеттік сатып алуға, мемлекеттік мүлікті қолдануды бақылауды күшейту, академиялық адалдық негіздерін енгізіп, рұқсат беру процедураларын қысқартып, ЖОО-ларда студенттерге қызмет көрсету орталықтарын ашып, мектеп және мектепке дейінгі тәрбие мекемелері директорларын конкурстық іріктеу процедураларының ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдерінің санаттар, қосымша жүктеме мен оқу сағатын алу барысында кездесетін кейбір деректер де талқыға түсті.
Сондай-ақ, жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйытқы болған «Абыройлы ұстаз» жобасының тұсауы кесілді. Аталған жоба шеңберінде адалдықтың үлгісі саналған ұстаздар бағалы сыйлықтарға ие болады.
«Егемен-ақпарат»