Оны Астанаға атбасын бұрған шетелдік қонақтар мен көрмені қызықтауға келген өз отандастармыз тамашалау үстінде. Осы орайда, көрменің соңына дейін жалғасатын спорттық шараны ойдағыдай ұйымдастырып, абыроймен атқарып келе жатқан Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Мұратбек Қыпшақбаевпен әңгімелескен едік.
– Мұратбек Сұлтанбекұлы, өзіңіз басқарып отырған орталықтың құрылғанына да көп бола қойған жоқ, десе де, сіздер ЭКСПО көрмесін өткізу шарасына бір кісідей ат салысып жатырсыздар. Жұмыстарыңыз толық жүйеленді ме?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдардағы Жолдауында, «бұқаралық спорт және дене шынықтыруды дамыту мәселесі ұлт саулығын қамтамасыз етеді» деп мәлімдегеніндей, осыдан жарты жыл бұрын ұлттық спорт түрлерін дамыту және оны ғылымиландыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы құрылған болатын.
Орталықтың жаңадан пайда болуымен ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуі дәлме-дәл сай келді. Міне, екі айдай уақыт болды қаланың шетінде орналасқан «Қазанат» атшабарында ұлттық спорт түрлерін – шетелдік қонақтар мен еліміз тұрғындарына насихаттау ісімен уақытпен санаспай айналысып жатырмыз. Басында аздап қобалжулар болды. «Көш жүре түзеледі» демекші, қазір жігіттердің тақымы шыңдалды, бойдағы алаңнан арылды, жаттығу жүйеленді, кімге болсын ұялмай өнер көрсететін дәрежеге жеттік.
– Көрерменге ұлттық спорттың қандай түрлеріннен ұсынып отырсыздар?
– Қазіргі таңда орталық құзырына ұлттық спорттың 10 түрі қамтылып отыр. Атап айтқанда, көкпар, бәйге түрлері, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, классикалық ат спорты түрлеріне жататын – конкур, үш сайыс сияқты түрлері бар. Осылардың ішінен ат үсті ойындары («жигитовка»), теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелері өздерінің өнерін көрсетуде. Қойылым әрі кетсе бір жарым, екі сағатқа созылады. Шараға ұлттық құраманың жастар және жасөспірімдер тобы тартылған. ЭКСПО айдынында өнер көрсетіп жүрген де осы азаматтар. Көрменің алғашқы айында бір күнде екі дүркін көрсетілім ұйымдастырдық. Қазір бұл кесте өзгерді. Қазір күніне бір дүркін кешкі сағат 18.00-де өткізіп жүрміз. Бірақ сенбі-жексенді күндері бұрынғыдай екі мезгіл өнер көрсетеміз. Шабандоздар қатарында ұлттық спорт түрлерінен еліміз чемпиондары мен жүлдегерлері бар.
– Болашақта ұлттық спорт түрлері бойынша әдістемелік оқулықтар жасау, оқу-жаттығу жиынын өткізу талабы қарастырылған ба?
– Әрине, онсыз болмайды. Айта кету керек, ұлттық спорт рухымызды асқақтатады. Орталықтың жұмыс атқару жарғысында «оқу-әдістемелік құрал жасау» туралы бап жоқ еді. Жуықта жарғыға өзгеріс енді. Бұдан былай орталық оқу-әдістемелік құрал жасайтын мүмкіндікке қол жеткізді. Оның сыртында келесі жылдан бастап мекеменің құзыры кеңеймек. Ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін барлық ресми жарыстар осы орталықтың құзырына берілетіні жайлы шешімді күтіп отырмыз. Нақтырақ айтқанда, ересектер, жастар мен жасөспірімдер құрамасының ресми жарыстарын бақылайтын және өткізетін боламыз. Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы құрамындағы ұлттық спорт түрлері бойынша команда жетекшісінен бастап, барлық бапкерлер орталықтың қарамағына өтеді.
Ал оқу-жаттығу жиынына келер болсақ, «Қазанат» атшабарында күнделікті өтіп жатқан шаралар бір жағынан ұлттық спортты насихаттау болса, екінші тараптан оқу-жаттығу жиыны деуге толық негіз бар. Қазақша айтқанда, «бір оқпен екі қоян атып» жатырмыз.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Бәзбір ұлттық спорт түрлерінен, мысалы, жамбы ату, аударыспақтан жылына бір рет өтетін ресми чемпионаттан басқа ешқандай жарыс жоқ. Қандай бір спортты дамыту үшін кем дегенде жылына үш-төрт турнир күнтізбелік кестеге қойылуы тиіс. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында шілде айының 27-28 күндері орталықтың ұйымдастыруымен теңге ілу, жамбы ату және аударыспақтан «ЭКСПО кубогы» өткізілді. Оған барлық облыстар және Астана, Алматы қалаларының командалары қатысты. Жарыс Астана қаласында өтті.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»