«Алаш барысы» республикалық турниріне Астана қаласынан, Ақтөбеден және Батыс Қазақстан облысының аудандарынан 40-тан астам балуан қатысты.
Турнирге қатысқан салмағы 90 келіден жоғары 15 балуанның жетеуі – жыл сайын ел Президентінің жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» турнирінің шешуші белдесуіне қатысқандар еді. Сондықтан сайыс аса тартысты өтті.
Салмағы 90 келіге дейін тартатын балуандар арасында жергілікті Сырым ауданының жігіттері дес бермеді. Финалдық белдесуде Айбол Оразғалиев пен Нұрымжан Ғаббасов кездесті. Нәтижесінде, Нұрымжан Ғаббасов 90 келіге дейінгі балуандар арасында жеңімпаз атанды. Келесі орындарды Айбол Оразғалиев пен Айбек Ғабдешов бөлісті. Ал 90 келіден жоғары топта қаратөбелік Дархан Темірханов пен жәнібектік Ерназар Хамзин финалға шығып, боз кілемнің шаңын қақты. Жарыстың бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші, Батыс Қазақстан облысы Қазақ күресі федерациясының вице-президенті Артур Шерғалиев жарыстың бас жүлдесі – 1 миллион теңгені Е.Хамзиннің қанжығасына байлады. Екінші-үшінші орын қаратөбелік Дархан Темірханов пен бөрлілік Темірлан Көлбаевқа бұйырды.
– «Алаш барысы» турнирінде кәсіби төрешілік құрам жұмыс жасады. Жарыс барысында дау тудырған тұстардың бәрін төрешілер елдің қақ алдына қағылған LED экраннан қайталап қарап отырды. Жалпы, турнирдің ұйымдастырылуы, әсіресе соңғы музыкалық технологиялар мен жарық аппараттарының пайдаланылуы өте керемет болды, – дейді әріптесіміз Бауыржан Ширмединұлы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы