• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Тамыз, 2017

Аягөзде Ақтамберді жырауға ескерткіш орнатылды

747 рет
көрсетілді

Аңыздар мен абыздардың, ақындар мен батырлардың елі атанған Аягөзде «Күлдүр де күлдүр кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз. Күдеріден бау тағып, Ақ кіреуке киер ме екенбіз» деп жырлаған әйгілі жырау, батыр Ақтамберді Сарыұлына ескерткіш орнатылды.

Батырдың кеуде мүсінінің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дархан Жөргекбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Сейілбек Ысқақов, «Қасқалдақ» қоғамдық қорының төрағасы Амангелді Керімтаев секілді азаматтар Аягөз өңірінде бабаларды ұлықтау, өткенімізді ұмытпау бағдарында ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтіп, ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болған дара тұлғаның ұрпақтарына алғыстарын айтты.

«Ақтамберді бабамыз сөз ұстаған ақын ғана емес, айтулы батыр, қол бастаған қолбасы болған. Ол кісінің басшылығымен қазақ жауынгерлері бірнеше мәрте жоңғарларға күйрете соққы берген. Сондықтан жырау ескерткішінің ашылуы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге зор үлесін қосады деп ойлаймыз», - дейді батырдың ұрпағы, Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков.

Қаланың қақ ортасына батырдың өз атындағы көшеге орнатылған ескерткіштің авторы - Нұрбол Қалиев, кеуде мүсіннің биіктігі - тұғырымен қоса есептегенде 2,5 метр.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы