• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика 04 Тамыз, 2017

Марафонға шетелден мың адам келеді

179 рет
көрсетілді

27 тамыз күні халықаралық ма­ман­дандырылған ЭКС­ПО-­ 2017 көрмесі аясында Шан­хай ынтымақтастық ұйымы мен Азия­дағы өзара ықпалдастық жә­не сенім шаралары жөніндегі ке­ңестің халықаралық марафоны өтеді. Шараға орай Астана қа­ласында баспасөз мәслихаты ұй­ым­дастырылды.

Мәдениет және спорт министр­лігі мен ШЫҰ бастамасымен қолға алын­ған жеңіл атлетика жарысын биыл құрылғанына 25 жыл толатын Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің форумымен бірге өткізу жос­парланған. Спорт және дене шы­нықтыру істері комитеті төра­ға­сының орынбасары Серік Жара­с­баевтың айтуынша, ШЫҰ-ның бірін­ші марафоны былтыр Қытай­дың Куньмин қаласында өткен екен. «Оған 15 мың адам қатысқан. Ал екінші марафон ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтпек. Бұл жолы ұйымдастырушылар шарада 5000 адамды қамтитын болады. Оның ішінде мың адам шетелден келмек. Сондай-ақ, ШЫҰ-ның әрбір елінен 30 кәсіби спортшы тарту көзделген.Тіркеу жұмыстары арнайы ашылған сайтта 15 шілдеде басталып, жүргізілуде», дейді ол. 

Баспасөз мәслихатында марафон­ның ресми түрде жүгіру аймақтары таныстырылды. Олар – арнайы символдық 2017 метр, бұл қашықтық EXPO RUN деп аталады; әуесқойлар үшін 10 шақырым; толық марафон – 42 шақырым 195 метр. Жарыс желісі Астананың сол жағалауындағы басты көшелерді қамтиды. Старт ЭКСПО көрмесінің автотұрағы аймағынан, яғни «Mega SilkWay» сауда орталығы жағынан 27 тамыз күні  басталады. 42 шақырым 195 метрге қатысушылар сағат 7:30-да, 10 шақырымға қатысушылар 8:00-де, 2017 метрге қатысушылар 8:30-дан бас­тап жүгіреді.  Үміткерлер марафонның ресми «www.scomarathon2017.com» сайты арқылы тіркеле алады. Содан кейін қатысушыларға сайт арқылы тіркеу нөмірлері беріледі. Сондай-ақ, ресми сайтта ақпараттық-жарнамалық материалдармен (фото, видео, афиша) және тіркеу ережелерімен оффлайн түрде танысуға болады. 

25 және 26 тамыз күндері ЭКСПО көрмесінің оңтүстік қақ­па­сы жағынан тіркеуден өткен қат­ы­су­шыларға бастапқы пакеттер бері­леді. Онда жүгіруге арналған жейде мен әрбір қатысушының жеке нөмірі бар. Пакеттерді тарату кезінде танымал марафоншылардың қатысуымен шеберлік сағаттары өтеді. Олар әуес­қой жүгірушілерге марафонға қалай дай­ындалу керектігін көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтатын болады. 

Қазақстан Жеңіл атлетика фе­де­рациясының вице-президенті Эльдар Табановтың айтуынша, 10 ша­қырымға жүгіретіндер 3000 теңге, 42 шақырым 195 метрге жүгіретінде 5000 теңге көлемінде жарна төлеуі тиіс. Ал 2017 метрге жүгіру тегін. Сонымен қатар зейнет жасындағы және мүмкіндігі шектеулі жандар тегін қатыса алады. 

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"