• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Тамыз, 2017

Әскери саланың әлеуеті жоғары

185 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда елдер арасындағы достық қарым-қатынасты және әскери саладағы ынтымақтастықты нығайту маңызды болып отыр. Сондай-ақ, жауынгерлік даярлық пен кәсіби шеберлікті арттыру да – күн тәртібіндегі мәселе.

Бүгінде еліміз өзінің әскери әлеуетін, қорғаныс қабілетін дүниеге танытты. Осы мақсатта Қордай ауданының «Отар» 40-шы әскери базасында халықаралық армиялық ойындардың ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов арнайы келіп қатысты. «Армиялық халықаралық ойындарды өткізу шынайы жауынгерлік бауырластық пен адами достықтың негізі болып табылады және Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы тарапынан лайықты қолдау тауып келеді. Армиялық ойындар көлемді әлемдік спорттық біріншіліктерден еш айырмасы жоқ халықаралық ауқымдағы ірі іс-шара. Біз үшін оны ең жоғары деңгейде Қазақстанда өткізу үлкен абырой», деді министр өз сөзінде. Салтанатты шарада қазақ­стан­дық барабаншылар мен домбы­ра­шылардың сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасы Қорға­ныс министрлігінің әскери оркес­трі өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Арлан» бронды-дөңге­лек­ті машиналарының, «Т-72 Б» танк­терінің, жалпы қазіргі заманғы жауынгерлік техникалардың да көрсетілімі болды. Сондай-ақ, көпшілік назарына десантшылар ротасының орындауында қарумен қол жекпе-жегі ұрысының көр­се­ті­лімі ұсынылды. Еліміздің әскерінің жауынгерлік ұшақтары мен ті­к­ұшақтары пилотаждық тобының әуе шоуы армиялық ойындардың ашылуының шарықтау шегі болды. Армиялық халықаралық ойындар шеңберіндегі «Артиллериялық атыс шебері», «Мергендік шебі» және «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының жарысы» байқаулары Қазақстанда 1-9 тамыз аралығында өтетін болады. Жарыстарға қатысу үшін елімізге әлемнің 18 елінен 400-ге жуық әскери қызметші келді. Әскери қызметшілер 28 команданың құрамында өнер көрсететін болады.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы