• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Білім 04 Тамыз, 2017

«Қазцинк» ЖШС мен облыстық білім басқармасы мамандарды бірлесе дайындайды

274 рет
көрсетілді

Бүгін облыстық білім басқармасы мен «Қазцинк» ЖШС техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадрларды бірлесіп даярлау жөніндегі меморандумға қол қойды. Қанатқақты жоба аясында биыл 100 оқушы Риддер аграрлы-техникалық колледжінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп шығады.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бұл жобаның әсіресе әлі қандай мамандық таңдарларын білмей жүрген жастар үшін пайдасы зор екендігін айтады. «Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен 2017 оқу жылында 100 техникалық маманды даярлап шығару үшін бюджеттен 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Негізінен тау-кен, кен байыту салаларына қажетті мамандар әзірленеді», - дейді ол.

«Қазцинк» ЖШС-нің  әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев кәсіпорынға ең алдымен кен-байыту және металлургия саласының мамандары қажеттігін жеткізді. «Риддер қаласының әрбір бесінші тұрғынының тағдыры біздің өндіріспен байланысты. Сол себепті келешекте шаһарды дамытуға қатысты да ойларымыз бар. Ең бастысы  – бұл жерде Қазақстанның еш жерінде жоқ ерекше оқу орталығы  бар. Онда арнайы жабдықталған кабинада отырған оқушы өз бетімен жүретін машинаны басқарып, дағдыланады. Құрал-жабдық  шахтадағы іс-қимылдарды толық қайталайды. Барлық іс-әрекеттер экраннан 3D кескінінде көрінгендіктен, студент өзін шахтада жүргендей сезінеді. Соның нәтижесінде оларға кейін өндірісте жұмыс істеуге жеңіл болады», - дейді А.Лазарев.

Кәсіпорын өкілінің сөзіне қарағанда, оқу орталығының басты жетістігі – жас мамандарды өндірісте пайдаланылатын барлық жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге үйретіп шығарады. Қазіргі таңда өндіріс құрал-жабдықтарының 90 пайызы жаңартылған.

Облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаровтың айтуынша, 2017-2018 оқу жылдарында облыста колледждерде білім алуға алты мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініпті. «Казцинк» кәсіпорны біздің бұрыннан келе жатқан серіктесіміз. Барлық гранттардың төрт жарым мыңы жергілікті бюджеттен, 1,7 орын республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Үстіміздегі оқу жылында 210 бала «Серпін» бағдарламасымен мамандық меңгеріп шығатын болады. Аталмыш бағдарлама бойынша барлығы 400-ден астам жас білім алып жатыр. Бітіріп шыққан 20 түлек қазір «Казцинк» кәсіпорнының Риддердегі өндіріс орындарында жұмыс істейді», - дейді басқарма басшысы.

Меморандум аясында білім алып шыққан жастар тек «Қазцинк» компаниясында ғана емес, сонымен қатар «Қазминералс» сияқты кәсіпорындарда да жұмыс істей алатын болады. Алдағы уақытта бұл жобаны Өскемен қаласында жүзеге асыру жоспарланған.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген - автор