• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика 04 Тамыз, 2017

IAAF Ресейді кеудесінен итерді

177 рет
көрсетілді

Лондонда Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) 51-ші Конгресі өз жұмысын аяқтады. Бүгін көптеген өзекті мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданды.

Есеп беру және өзекті мәселелерді талқылау

Лондонда өткен IAAF Конгресінің екінші күнінде әр құрлықтың ұлттық федерациялары қауымдастығы жеке-жеке баяндама жасады. Өз жұмыстары жайлы бейне ақпараттар ұсынып, жетістіктерін тізіп шықты. Жеңіл атлетиканың қанатын кең жайып, жетіле түсуіне ықпал ететін шаралар туралы айтылып, сонымен қатар шағын мемлекеттерге қалай қолдау көрсетіліп жатқандығы да тілге тиек етілді

Бұдан кейін 2015-2018 жылдар аралығындағы қаржы мәселесі, түсім мен шығын жалпылама түрде жария етілді. Нақты ақпараттар көлденең тартылды. Негізгі, пайда көзі телетаратылымдар құқығы мен демеушілер екендігі мәлімденді. Әрі, Олимпиаданың өткен жылдары IAAF-қа түскен түсімнің басқа жылдардағы шығынының орнын жауып отыратындығы да бүкпесіз айтылды. Содан соң, әлем чемпионаттарынан түсетін пайданың да аз еместігі сөз етілді.

Сондай-ақ, Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының әрбір комиссиясы өз жұмыстары туралы есеп беріп, баяндама жасады. Жарыстар мен сайыстар өткізу комиссиялары да өз жұмыстары туралы ақпар берді. Мәселен, спорттық жүрістен әйелдер арасындағы 50 шақырымдық сынның соңғы сәтте әлем чемпионатына енгізілуі барысында аздаған пікірталастың болғаны да айтылды.

Ардагерлер комиссиясының басшысы IAAF құрамындағы 200-ден артық мемелекеттің жартысы осы жас мөлшерінде ешқандай жарыстар өткізбейтіндігін айтып, мұңын шақты. Жастармен жұмыс жасайтын комиссия өскелең ұрпақпен қарым-қатынасты күшейту, оларды жеңіл атлетикаға тарту өте маңызды екендігін дәлелдеуге тырысты.

Жарыстар мен сайыстар өткізу комиссиясы 18 жасқа дейінгі әлем чемпионаттарын өткізудің аса тиімді болмай отырғандағын алға тартты. Мұнда көзге түсіп, жүлдеге іліккендердің ересектер легіне өтіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүргендері тым аз екен...

IAAF илікпеді, Ресейге есігін ашар емес...

Бұдан кейін IAAF президенті Себастьян Коудың төрағалық етуімен «Ресей мәселесі» жеке қаралды. 2015 жылы қараша айында Ресей жеңіл атлетика федерациясы WADA комиссиясы жүргізген тексерулер негізінде IAAF құрамынан уақытша шеттетілген болатын. Басқаша айтқанда, 20 ай болды, олар Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы мүшелігінен айырылған.

Дүйсенбі күні IAAF кеңесі өтіп, осы мәселені талқыланған. Ресейдің IAAF құрамынан уақытша шеттетілуін сол күйінде қалдырған. Яғни, аталмыш санкция мерзімін ұзартты. Себебі, Ресей тарапы барлық шарттар мен талаптарды түгелдей орындамаған. Конгресте осы мәселе дауысқа салынды...

Әуелі Ресей жеңіл атлектика федерациясының президенті Дмитрий Шляхтинге сөз берілді. Ол 20 айдың ішінде бұл федерацияның толықтай өзгергендігін, бұрынғы басшылар мен қатардағы қызметкерлердің отставкаға кетіп, жаңа ұжым жұмыс істеп жатқандығын, допингке қарсы күрестің мейілінше күшейтілгендігін тәптіштеп айтып шықты. Қатаң шаралар қолданылғанын, сегіз адамның өмір бойына жеңіл атлетика саласынан аласатылғандығын да тілге тиек етті.

IAAF-тың жазғыруларын теріске шығармайтындарын, спортшыларының жиі-жиі допинг-сынақтан өткізіліп тұратындықтарын, енді мұндай жаңсақтықтың ешқашан қайталанбайтындығын айтып, көпшілікті сендіруге тырысты. Тіпті допинг қолданған спортшыларының кесірінен алтын, күміс және қола медальдарынан айырылған жеңіл атлеттерден кешірім сұрайтындығын білдірді.

Себастьян Коу бұдан кейін Ресейдің қайтадан IAAF-қа мүше болуы ісімен айналысатын арнайы жұмыс комиссиясының басшысы Руне Андерсенге сөз берді. Ол әуелі Ресей жеңіл атлектика федерациясының жаңа президенті Дмитрий Шляхтиннің еңбегін бағалап, оның қыруар жұмыс атқарып жатқандығын айрықша атап өтті.

Содан кейін, осы мәселемен тікелей айналысып жатқан арнайы жұмыс комисиясының атқарған тергеу жұмыстарын атүсті тізіп өтті. Бұл комиссия 18 айдың ішінде ресейліктермен 11 рет кездескен. Жеті рет Ресейге барған, қалғаны бұл елден тыс жерлерде өткен. Көптеген кездесулер өтіп, телефон арқылы да байланыста болған.

Ресейді қайтадан мүшелікке қабылдау үшін алты шарт қойылған екен. Соның барлық тармақтары орындалмаған. Орындалғандарының өзі басқалармен салыстырғанда өте баяу жүргізілген. Сондықтан, бұл комиссия Ресейді қайтадан IAAF құрамын қабылдауға әлі ертерек деген шешімге тоқталып, оны дауысқа салуды ұсынды. Мұны біраз елдердің өкілдері қолдады.

Конгреске қатысып отырған 187 ел (ұлтық федерация) дауыс беруге тіркелді. Солардың үштен екісі, яғни 124 мемлекет осы ұсынысты қолдаса, онда Ресей әзірше IAAF құрамына қайтадан мүше бола алмайды. Ал дауыс беру қорытындысында 166 ел Ресейге қойылған санкцияны ұзартуды қолдады. Тек 21 мемлекет бұған қарсы болды.

Сөйтіп, IAAF Ресейге құшағын ашпақ түгілі, есігін де ашпады. Уақытша шеттетілу мерзімі ұзартылды. Ал бұдан кейін Конгресс басқа мәселелерді талқылап, IAAF Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу турасындағы ұсыныстарды дауысқа салды.

Нұрғазы САСАЕВ,

журналист

«Егемен Қазақстан» үшін арнайы Лондоннан