Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің Австрия Республикасына сапары аяқталды
Алдымен уәде етілгеннен бастайық. Кешегі нөмірдегі «Парламентаризм парасаты» атты мақалада «Дөңгелек үстел басында жалпы парламентаризм төңірегінде қызғылықты пікірталас өрбіді. Австрия Парламентінде өткен ол кездесу жайында газеттің ертеңгі нөмірінде сәл толығырақ жазатын болармыз деген едік. Ол пікірталас «Қазақстанның саяси дамуы және парламентаризм» тақырыбында Австрия Федералды жиналысының ғимаратында өткен, біз Сенат Төрағасы Қайрат Мәми сөзін қысқаша баяндап берумен шектелгенбіз.
Австрия парламентіндегі пікірталас шынында да қызғылықты өтті. Қайрат Әбдіразақұлы кіріспе ретіндегі шолу сөзін айтып шығысымен-ақ Федералды жиналыс депутаты Стефан Женах бірден Сенат ұғымының әр елдегі пайымдалуы әр түрлі екендігі жайындағы топшылауларын бастап жіберді. Бұл тектес институттың Германиядағы, Швейцариядағы, Австриядағы үлгілері, олардың өзіндік артықшылықтары жайындағы алғашқы сұрақтың астарын аңғарған Сенат Төрағасы салған беттен Қазақстанның әлгі аталған елдерден басты айырмашылығы унитарлы мемлекет екендігін, Сенат депутаттарының басым бөлігі өңірлерден сайланатынын, олардың алмасуы көптеген елдермен салыстырғанда жиіректігін көлденең тарта қойды. Бұл тақырып солай тез жабыла қалды. Қайрат Әбдіразақұлының осы сұраққа жауап бере келе, «Парламенттің бірпартиялылығы» деген айып алдымыздан шықпай тұрып, сол мәселе мұндайда қозғалмай қоймайтынын білгендіктен де, осы тақырыптың алдын орап кеткендігі де ұтымды шықты. Иә, жасыратыны жоқ, шетке бара қалсаң-ақ осы жай бетіңе шіркеу бола кетеді. Төраға келесі жылы өтеді деп күтіліп отырған Мәжіліс сайлауында ол палатаның міндетті түрде кем қойғанда екі партиялы болуы заң жүзінде қарастырылғандығын айта отырып, жалпы Қазақстан Парламентін тұтастай бірпартиялы деу онша дәл еместігін ескертті. Иә, Мәжіліс бір партия мүшелерінен түзілді. Халық қалауы солай болды. Басқа партиялардың сайлауалды тұғырнамалары халық тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Алған дауыстары сол кездегі белгіленген белдеуден аса алмады. Оған биліктің қандай кінәсі бар? Ал Сенат бір партиялы емес. Онда басқа партияның өкілімен қатар, жалпы партияда жоқ депутаттар да бар. Мысалы, Төрағаның өзі ешқандай партия қатарында жоқ. Сондықтан Мәжіліс сайлауы өтіп, ол палата көппартиялы болмай тұрғанға дейін де біздің Қазақстан Парламенті бірпартиялы деген айыпты толық мойындамайтын жөніміз бар. Әңгіме әрі кеткенде «Қос палатаның бірінің – Мәжілістің бірпартиялылығы, бірақ оның өзі де уақытша екендігі, бұл мәселенің шешімі заң жүзінде қарастырылғаны» туралы ғана қозғалуға тиіс. Заң ғылымдарының докторы Қайрат Мәмидің айтқанынан осылай ой түюге болатын сияқты. Төраға біздің елімізде қабылданғалы жатқан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның негізгі қағидаттары туралы сұраққа да Қазақстанның зайырлы мемлекет, сонымен бірге, Батыс пен Шығыстың, мұсылмандық пен христиандықтың түйіскен тұсында тұрған ел ретіндегі өзіндік сипатын айта отырып, байсалды түсінік бере кетті. Бұл жауапқа Қуаныш Сұлтановтың: «Сіздерде діни экстремизмге бейім бірлестіктердің тіркелмейтінін білеміз, біз Қазақстанда да дәл сондай жағдай болғанын қалаймыз» деп австриялықтардың өзіне көпшік қоя отырып толықтыру жасағаны да жарасып тұрды.
Сенатор Анатолий Башмаковтың Австрия федералды жерлерінің қандай қағидат бойынша қалыптастырылғаны жөніндегі сұрағына жауап қайтарған Стефан Женах бұл мәселенің Австрия-Венгрия монархиясының ыдырауына байланысты шешілгенін, ол кезде, әсіресе, кешегі соғыстан кейін Австрия жан-жағынан кесіп алынып, тілгіленгенін айта келіп, бір тілдегілердің, бір діндегілердің дәйім бір ділдегілер бола бермейтінін әдемі аңғартты. «Ол кезде Зальцбург австриялық қала емес еді, ал Браунау австриялық қала болатын. Бірақ біз Зальцбургте туған Моцартты австриялық етіп алдық та, Браунауда туған Гитлерді неміс етіп жібердік», деп әзілдеді С.Женах. Австрияда туған, осында білім алған Гитлердің қандайлық қанқұйлы қылмыскер екенін біз жексенбі күні әлемге әйгілі Маутхаузен концлагеріне барғанымызда бұрынғыдан бетер біле түстік. Ондағы барактарды, газ камераларын, крематорийді аза бойың қаза болмай қарай алмайсың. Иіспен тұншықтырылған адамдарды пешке салып өртердің алдында (жалпы мұнда 122 мың адам өлтірілген) ауыздарын түгел қарап шығып, алтын, күмістен салынған тістерді қысқашпен суырып алады екен! Генерал Карбышевті аязды түнде төбесінен су құйып, тірідей мұзға айналдырып жіберген жерді де көрдік. Маутхаузендегі тұтқындардың арасында қазақстандықтардың да біраз болғаны белгілі. Осындағы елшілік өткен жылы отандастарымызға тағзым ететін мемориал тақта орнатып, дұрыс жасапты. Қайрат Мәми бастаған делегация мүшелері тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Сенат Төрағасының екі күндік сапар бағдарламасының кешегі басты оқиғасы Вена дипломатиялық академиясында лекция оқуы болды. Бұл бір бөлекше оқу орны. Даңқты дәстүрлері бар атақты академияда қазір Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері де дәрістер тыңдап, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының магистранттары тәлім алып жүргенін біліп, қуанып қалдық. Солардың бірі Темір Асанов деген жігіт бізге келіп, амандасып жатты. Мәжіліс депутаты Жақып бауырымыздың баласы екен.
Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының дәрісін тыңдауға осындағы саяси партиялар мен іскер топтардың, сондай-ақ дипкорпустың өкілдері жиналыпты. Дипломатиялық академияның ректоры Ганс Винклер кездесу кезінде оқу орны жайлы қысқаша мағлұмат бере келіп, Қазақстан осы академияда оқуға өз қызметкерлерін жіберетін елдердің бірі екендігіне ризашылығын білдірді. Г.Винклер Астанада болғанын, жас мемлекеттің жаңа елордасына қай жағынан да көңілі толғанын разылықпен айтты.
«Мен сіздермен әлемдегі ең беделді альма-матерлердің бірі – Вена академиясында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. 1754 жылы Шығыс елдерінде – Түркияда, Персияда, араб мемлекеттерінде жұмыс істейтін дипломаттар дайындау мақсатымен құрылған Академия қазіргі таңда еуропалық білім кеңістігінде көшбасшы орындардың бірін иеленеді», деп бастады дәрісті Қайрат Әбдіразақұлы.
Үстіміздегі жылдың желтоқсанында Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл толады, деді сөзін ары қарай жалғастырған Сенат Төрағасы. Егемен даму жылдарында Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ажырағысыз бөлшегіне айналды. Адам құқы мен бостандығына басымдық бере отырып, еліміз демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құндылықтарына жақындығын конституциялық тұрғыдан бекітті.
Қайрат Мәми келесі кезекте мемлекеттіліктің қалыптасуы оның құқықтық жүйесінің мазмұнды және құрылымдық табысты дамуымен айқындалатыны белгілі екенін атап көрсетті. Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында Қазақстанның құқықтық жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігі өткір тұрды. Біз демократиялы, нарықтық экономикаға, гуманизм мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына негізделген сапалық жағынан жаңа мемлекет құруға тиіс болдық. Осы орайда Қ.Мәми өтпелі кезең қажеттіліктеріне жауап беретін тиімді басқару жүйесін құру міндеті туындағанын атап көрсетті. Мұның қатарында экономикаға түбегейлі реформалар жүргізіп, инфляцияны ауыздықтау, әлеуметтік ахуалды тұрақтандыру, оның үстіне, бұл мәселелердің барлығын іс жүзінде бір мезгілде шешу қажет болғанын айтты.
Саяси трансформацияның, шынайы азаматтық қоғам қалыптастырудың және экономиканы түбірінен реформалаудың аса маңызды негізі 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануы болды. Конституцияда ел Президенті бастамашылығындағы Еуропа симбиозы мен Азия дәстүрлері үйлесім тапқан еуразиялық тұжырымдама негіз ретінде көрінді. Бұл Шығыс үшін қажетті президенттік билік пен Еуропа дәстүрлеріне сай Парламенттің болуы еді. Қазақстан халқының еуразиялық менталитетіне сәйкес келетін мұндай ұстаным уақыт сынына төтеп беріп, іс жүзінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.
Қ.Мәми Қазақстанның бүгінгі таңда адам құқықтары саласындағы халықаралық қағидаттар мен ұлттық стандарттарға қол жеткізу мақсатында жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп келе жатқанына тоқталды. 1948 жылдың 10 желтоқсанындағы Адам құқының жалпыға ортақ декларациясы ережелеріне сәйкес еліміздің адам құқы мен бостандығының іргетасын айқындайтын негізгі халықаралық құжаттарды ратификациялағанын көлденең тартты. Осы үдерістер аясында Конституцияға өлім жазасын қолдануды шектеуге, тұтқындауға санкцияны соттарға беруге қатысты өзгерістер енгізілді, деді Сенат Төрағасы. Елімізде 2003 жылдан бері өлім жазасына мораторий жарияланған болатын. Қазір өлім жазасын толық алып тастау мәселесі күн тәртібінде тұр.
Негізгі Заң Парламентті екі палатадан – Сенат пен Мәжілістен тұратын жоғары өкілетті орган ретінде айқындады. Бүгінде Парламенттің екі палаталы құрылымы өзіне жалпыреспубликалық және өңірлік мүдделерді біріктіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кең ауқымды парламенттік үнқатысу мен қолданыстағы заңнамаларды жетілдіруге барлық жағдай жасалған, дей келіп, Қ.Мәми жиналғандардың назарын елімізде жалпыға ортақ, теңдік, баламалылық және дауыс беру құпиялылығы қағидаттарына сүйенетін сайлау жүйесі құрылғанына аударды.
2007 жылы конституциялық деңгейде бірқатар салмақты саяси реформалар жүзеге асырылды, деп сабақтады сөзін Сенат Төрағасы. Соның нәтижесінде Парламенттің өкілеттілігі кеңейіп, саяси партиялардың рөлі жоғарылады, жергілікті өзін өзі басқарудың арқаулық өлшемдері айқындалып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың кепілдігі күшейтілді. Тұтастай алғанда, елдің барлық саяси жүйесі реформалауға ұшырады.
Қ.Мәми қазіргі кезде Қазақстанда ұлттық мүдде мен саяси дамудың әлемдік үрдісін есепке алатын саяси құрылымның тиімді моделі жасалғанын атап өтті. Мұндай жүйе қоғам мен мемлекетті басқарудың аса тиімді тәсілін қамтамасыз етеді, деді ол. Ал саяси тұрақтылық – Қазақстан табысының кепілі. Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды одан әрі қамтамасыз ету мәселелері заңдар негізінде шешімін тапқан. Сонымен бір мезгілде, оң әлемдік тәжірибелерді есепке ала отырып, сот жүйесін кезең-кезеңімен реформалау жалғасуда.
Сенат Төрағасы Қазақстанның посткеңестік елдер ішінде ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау моделіне көшкен алғашқы мемлекеттердің бірі болғанын да мақтанышпен жеткізді. 1997 жылдың қазанында қабылданған «Қазақстан – 2030» даму стратегиясы ұзақ мерзімді міндеттерге қол жеткізудің жолбасшысы болғанын атап айтты. Оған енгізілген басымдықтарды дәйектілікпен жүзеге асыра отырып, кейінгі жылдары Қазақстан айтарлықтай табыстар биігінен көрінді, деді Қайрат Әбдіразақұлы. Бірінші кезекте республиканың жаңа бюджеттік, салықтық, қаржылық, кедендік жүйесі құрылса, ол кейінгі жылдары тұрақты жетілдіріліп отырды. Жеке өзінің қаржы жүйесінің болуы ел экономикасының тәуелсіздігін айғақтайды. Қазақстанда, сонымен қатар, дамыған банк жүйесі жұмыс істейді.
Сенат Төрағасы елімізде Ұлттық қор құрылғанын да назарға сала кетті. Оған мұнай мен газ сатудан түсетін табыстар бағытталатынын айтты. Дер кезінде қабылданған заңдар дестесі болмағанда, мұндай табыстарға қол жеткізе де алмаған болар едік, деді Қ.Мәми. Бүгінде біздің еліміз аталған салалар бойынша ТМД елдерінің ішінде аса күшті заңнамалық базалардың біріне ие. Мемлекеттің инвестициялық тартымдылығын нығайтуға бағытталған нормативтік-құқықтық базаларды дәйектілікпен жақсартудың арқасында қазіргі кезде Қазақстанда ТМД елдерінің ішіндегі ең жағымды инвестициялық ахуал қалыптасып отыр.
Қайрат Әбдіразақұлы халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және ғылым салаларына қатысты заңдар да тұрақты жетілдіріліп отыратынын көлденең тартты. Азаматтарды әлеуметтік қолдауда зейнетақы жүйесі ерекше орын алады. 1998 жылы Қазақстан Республикасы жинақтаушы зейнетақы қорын енгізді. Орта білім алу міндетті. Мектепте тегін оқыту мемлекет тарапынан кепілдендірілген. Түрлі мамандықтар бойынша жоғары білім алу гранты да бар. Мемлекет тұрғындардың денсаулығына да ұдайы назар аударып отырады. Медициналық қызмет көрсетудің кепілдендірілген тегін шектеулі көлемі белгіленген, деді Сенат Төрағасы.
Оппозициялық партиялар мен қозғалыстар, кәсіподақтар мен өзге де көптеген үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы және мемлекет өміріндегі кез келген мәселелер бойынша өзінің пікірлерін білдіруге толықтай құқылы, деді Қ.Мәми. Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары қызметі саласында түбегейлі өзгерістер жүргізілді. Аталған секторды мемлекеттен алу үдерісі жүзеге асырылса, бүгінде БАҚ-тардың 85 пайызы үкіметтік емес болып табылады. 5 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы тұжырымдама қабылданған.
Сенат Төрағасы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет өзінің алдына әлемнің барлық мемлекеттерімен достық қарым-қатынасты дамыту міндетін қойғанын көлденең тартты. Қазір Қазақстан – Еуразия кеңістігінде тұрақты өңірлік держава және интегратор мәртебесін ісімен дәлелдеген мемлекет. Бұл еліміздің әлемдік қоғамдастықтың сенімді әріптесі болып табылатынының айғағы, деді осы орайда Қ.Мәми. Қазақстанның конфессияаралық және ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету тәжірибесін, оның ядролық қарудан бас тартып, ядросыз әлемді қолдауын, терроризммен және экстремизммен күресті ұйымдастыруын халықаралық қоғамдастық лайықты бағалап отыр және қолдау көрсетуде.
Қазақстанның табысты сыртқы саяси қызметіне 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы дәлел бола алады, деді сөзінің соңында Сенат Төрағасы. Биыл Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етіп жатырмыз. Былтырғы желтоқсан айында Астанада соңғы 11 жылда алғаш рет ЕҚЫҰ Саммиті өтсе, онда Астана декларациясы қабылданғаны белгілі. Тұрақтылық пен толеранттылық, діншілдік, ұлтшылдық және өзге сипаттағы экстремистік көріністерден адалығы біздің еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген маңызды жетістігі болып табылатыны күмәнсіз.
Сенат спикерінің сөзі ықыласпен тыңдалды. Жалпы, қазір қай елде де Қазақстанға қызығушылық үлкен. Жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында да жылына 7-8 пайыздық өсімге қол жеткізе алған біздей ел әлемде сирек бүгінде.
Дәрістен кейін төрағаға сұрақтар қойылды. Оның біріншісі елімізде жақында қабылданған діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға байланысты болды. Спикер қайтарған орнықты жауаптағы бір сөз тіркесіне оқырмандар назарын аудартқымыз келеді. «Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды», деп қадап айтты Қайрат Әбдіразақұлы. Бізде мемлекеттің зайырлық сипатын алға тартып, мемлекет діннен бөлек деп тым қарапайым, анығын айтсақ, қарабайыр түсіндіру кездесіп қалады. Шын мәнінде мемлекеттің шіркеуден, яғни діннен толық бөлектігін кешегі құдайсыз қоғамнан, атеистік мемлекеттің постулаты деп қараған жөн. Мемлекет дін істерін қадағалауға тиіс. Өйткені, дін – мемлекет азаматтары өмірінің маңызды құрамдас бөлігі. Тағы бір сұрақ Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесіне байланысты қойылды. Сұрақ қоюшы әйел: «Орыс тілінің мемлекеттік мәртебесін алып тастау жөнінде мәселе көтеріліп жатыр екен. Осыған қалай қарайсыз?», деді. Сенат Төрағасы Қазақстандағы мемлекеттік тіл бір тіл – қазақ тілі екендігін басын аша айтып, орыс тілінің көпұлтты елдегі өзіндік қызметі жалғаса беретіндігін атап өтті.
Мақаланың соңында Қайрат Мәми дәрісінің басында келтірілген дерекке тағы бір назарыңызды аударғымыз келеді, қадірменді оқырман. 1754 жыл... Дипакадемия... Шығыс елдеріндегі миссияға арналған дипакадемия... Осындай жағдайлар алдымызда мемлекеттіліктің қандайлық ұлан асулары тұрғанын еске салады. Сонымен бірге, біздің тарих сағатының тілі сырт ете қалғандай қысқа уақыттың ішінде осыдан жиырма-ақ жыл бұрын алдымызда алты қыр асып бара жатқан жұрттарға жетеғабыл жүргенімізге, ал кей көрсеткіштер бойынша тіпті теңесіп те қалғанымызға таңдана қарап, мына жердің бетіне ұлтыңның ұлы белестерге бет алған ұлан асуының тұсында келгеніңе, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бастаған сол ұлы көшке ергеніңе шүкіршілік айтасың. Тағдырыңа тәубе дейсің.
Қайрат Мәмидің Сенат Төрағалығына келгелі бергі алғашқы шет ел сапары көңілге осындай ойлар да оралтты. Бұл сапар Қазақстан парламентаризмінің ел тәуелсіздігін тұғырландырған ерен еңбегін Еуропаның бейресми саяси астанасы саналатын қалада тағы да таныта түсті, екі елдің арасындағы байланыстарды бекемдеуге өз септігін тигізетіндей қадамға айналды.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.