• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 07 Тамыз, 2017

Семих Ипек: Домбырада түркі әлемінің әуені сақталған

935 рет
көрсетілді

Қазақтың қасиетті қара домбырасының бауырлас Түркия елінде де қадірі артып келеді. Бүгінде Анадолы жерінде арнайы үйірмелер ашылып, ол жердегі ұстаздар жергілікті жастарды қазақтың дәстүрлі аспабымен жақынырақ таныстырып келеді. Солардың бірі – Семих Ипек. Орайын тауып, ғаламтор арқылы байланысқа шығып едік, сұрағымыздың бәріне толық жауап берді.

– Семих, өзіңізді қазақ халқына таныстырып өтсеңіз.

– Мен 1990 жылы Ерзурумда туып, осында өстім. Қазіргі таңда тарих мамандығы бойынша магистратурада білім алып жүрмін. Көне түркі тарихы, түркі әлемінің әуендері, соның ішінде қазақ әндеріне қатты қызығамын. Ата-бабаларым, Кавказдың солтүстік аймағынан келген қыпшақтар.

Осыған дейін біраз аспаптарды зерттедім. Түріктің ұлттық аспаптарына баса мән бердім. Ізденіс кезінде қазақ халқының ұлттық аспабы домбыраға деген қызығушылығым пайда болды. Алғаш ізденіп жүргенімде Моңғолиядан келген қазақ досым осы аспапты сыйға тартты. Үнінің, әуенінің әдемілігі сондай мені бірден елітіп ала жөнелді.

– Домбыра мен түрік халқының ұлттық аспаптарында ұқсастық бар ма?

– Әрине, бар. Домбыра әлемдегі ең алғашқы шекті аспап. Ал гитара, лютня секілді өзге де шекті аспаптар кейіннен шыққан. Сол сияқты түріктің ұлттық аспаптары саналатын балама, уд, таңбур да домбырадан кейін шыққан. Олардың сыртқы көрінісі, яғни шанағы мен ішек құрылымы қатты ұқсайды. Үндерінде де домбыраға келетін жері бар.

– Қазақтың ән-күйлері жайлы өз ойыңызбен бөліссеңіз.

– Домбыраға көбірек көңіл бөлгендіктен қазақ халқының азды-көпті ән-күйлерін үйренгенім бар. Мәселен, Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», әйгілі Ақан Серінің «Балқадишасын», қазақтың халық әні «Ай бозым», «Балапан қаз» әндерін жиі орындаймын. Қазақтың дәстүрлі әндері туралы ізденгенімде олардың нақты санына жете алмадым. Өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор. Қазіргі замануи, яғни мағынасы жоқ әндерден осындай дәстүрлі бағыттағы әндер әлдеқайда жақсы. Жаныңды тебірентіп, әсем әуені ерекше бір күйге бөлей жөнеледі.  

Ал күйлерден «Аңшының зары», «Мереке» жүрегіме қатты жақын. Әрқайсысының өзіндік терең тарихы бар. Оларды тыңдап отырып, өзге әлемге еніп кеткендей боламын.

– Соңғы жылдары Түркияда домбыра мектептері ашылып жатыр екен...

– Иә, ол рас. Анадолы жерінде екі домбыра мектебі бар. Оның біріншісі Ыстанбұл қаласында орналасқан. Оны Седат Солаколу ағамыз басқарып отыр, ал екіншісі мен тұратын Ерзурум қаласында. Оған қазір өзім жетекшілік етемін. Оны «Қоңыр домбыра мектебі» деп атауды жөн көрдік.

Қолым бос уақытта қазақтың ән-күйлерін тыңдап, үйреніп қана қоймай, домбыраны өз қолыммен жасауды да үйреніп жүрмін. Әзірге біреуін бітірдім (төменгі фотода). Қазір өзім пайдаланамын. Оңай емес әрине. Нағыз шеберлер секілді дайындаймын деп айта алмаймын. Дегенмен үйренгісі келетін адам үшін бұл да бір ләззат алып, рахатта істейтін жұмыс екен.

Сонымен қатар, қазақ әуені, домбыра туралы бірнеше мақалаларымды жазып, олар республикалық деңгейдегі басылымдарда жарияланды. Осы бағытта еңбектеніп, ізденіп жүргендіктен тек қана ән-күйді үйреніп, оны үйретумен ғана шектеліп қалғым келмейді.

Біз Қазақстанды ата-баба жұртымыз деп есептеп, қадір тұтамыз. Сондықтан болар бүгінде домбыраға қызығушылық танытып жүрген жастар күннен күнге артып келеді. Осы қалпында жалғастыра берер болсақ, алдағы уақытта Түркияда домбырашылар қатары көп болады деген сенімдемін.

– Өзіңіз жетекшілік ететін «Қоңыр домбыра мектебі» жайлы айтып өтсеңіз...

– Ерзурумда домбыра шертуді үйренгісі келетін балалар көп болатын. Бірақ алғаш ашылған кезде екі адам ғана тұрақты келіп, үйреніп жүрді. Бірақ уақыт өте келе олардың қатары қалыңдай түсті. Үйлеріне шақырып дәрісімізді өткізетін кездеріміз болады. Бүлдіршіндерге домбыраны қалай ұстап, шерту керек екенінен бастайтын кезіміз де болады. Олар қазір домбыра шерткенде кәсіби мамандар секілді. Әрине, үйренері әлі көп. Домбыра – ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құнды дүние ғой. Ол ақшамен үйретілмейді. Сол үшін мектебімізде тегін қызмет етеміз.

– Қазақ халқының әрбір күйінің тарихы тереңде жатыр дедіңіз...

– Ол рас. Домбыраның үніне мән беріп тыңдайтын болсақ, ритмінде кейде жылқының дүбірлеген тұяғының, оқырынған дауысы білінеді. Бұл меніңше тек түркі әлемі мен моңғол халқының әуеніне тән дүние. Мұндай ерекшелік өзге ешбір ұлтта, халықта жоқ. Өзім осы салада ізденгеннен кейін көптеген аспаптарды зерттедім. Сонда бір байқағаным, ағылшындар да мұны, яғни жылқының дүбірін өз музыкаларында, әуендерінде қолданғысы келеді екен. Бірақ ол ата-баба жолымен, сонау ғасырлардан сіңбегендіктен, бейне бір жасандылық лебі білініп тұрады. Ал домбыраның 6000 жылдық тарихы бар. Бүгінгі халыққа мирас болып келе жатыр.

Тағы бір айта кетерім, домбыраға қарап отырып ата-бабамыз көшпелі тұрмыс кешкендігін байқауға болады. Себебі, пианино, контрабас секілді аспаптарға қарағанда салмағы жеңіл, көшпелі халық үшін ары-бері көтеріп жүруге ыңғайлы. Кез келген орында отырып, шерте беруге болады. Бұл да бір домбыраның өзіндік құпиясы болса керек.

– Қазақтың домбырасы мен қырғыздың қомызы ұқсас келеді. Қомызды зерттеп көрдіңіз бе?

– Әлбетте, қомыз домбыраға ұқсайтынын білгеннен кейін арнайы алдырып, зерттеп көрдім. Қомыздың да тарихы тереңде, өзіндік сырлары бар. Бірақ маған қазақтың ұлттық аспабындай әсер қалдыра алмады. Домбыра секілді жаныма жақын тарта алмадым. Себебі, кейбір пернелері жоқ, шанағы тарлау, ұзындығы қысқа. Қомызды бәлкім болашақта зерттейтін шығармын.

– Домбыраның қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?

– Алғаш аспаптар туралы ізденіп жүргенімде ең көне түріне тоқталуды жөн көрдім. Ал домбыраның алты мың жылдық тарихы бар дегенде таңдауым бірден осыған түсті. Қолыма алғаннан бастап мені таң-тамаша әсерде қалдырды. Домбыраның шанағында жүздеген жылдарғы түркі халықтарының әуенін байқауға, сезінуге болады. Яғни, домбыра тек қазақ әуенін ғана емес түркі әлемінің музыкасын да сақтап келген. Өз басым Алтай және тува халықтарының сазды әуендерін байқадым.

– Семих мырза, болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

– Болашаққа қояр жоспарым өте көп. Таяу жылдары қазақ еліне барып, домбырадан музыкалық білімімді шыңдағым келеді. Тек қана музыкамен шектеліп қалмай, нағыз шеберлер секілді домбыра дайындауды үйренсем деймін. Осыдан кейін барып, өз елімде домбыраны көбірек насихаттап, жастардың қызығушылығын одан ары арттырғым келеді. Алдағы уақытта қаржылық мәселелер шешімін тауып жатса, ән-күйлер жазылған дискілер шығаруды мақсат етіп отырмын.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»