• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Тамыз, 2017

Ел бірлігі – басты байлығымыз

577 рет
көрсетілді

Солтүстікқазақстандықтар да Елбасының «Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең бас­ты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек» деген ұлағатты сөзін қашанда жадында ұстайды. Ортақ үйіміздегі татулық бен тыныштықты басты құндылығымыз ретінде бағалап, стратегиялық таңдауымыздың дұрыстығына кәміл сенеді.

Достық үйінде Дін істері және қоғамдық келісім минис­тр­лігінің қолдауымен облыс­тық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Гуонлен» жастар ор­талығы «Қоғамдық келісім жә­не ұлттық бірліктің қазақ­стандық үлгісі» деген тақы­рып­та аймақтық ғылыми-тәжіри­белік конференция ұйымдас­тырып, ұлтаралық қарым-қаты­настарды жетіл­діру, тіл, дін, әлеуметтік бір­тек­тілік, бейбіт­шілік, руха­ният, мәдениет мә­се­лелері жан-жақты талқыланды.

Алқалы басқосуды об­лыс­тық Қазақстан халқы Ассам­блеясының хатшылық меңге­рушісі Наиль Салимов ашып, Дос­тық үйінде – 23, жергілікті жерлерде 100-ден астам этно­мәдени бір­лес­тік жұмыс істейтінін, олардың этнос­аралық, конфессия­аралық бір­лі­гімізге жан-жақ­ты қолдау көр­сетіп, өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Ас­сам­блея қызметін­де жастар және үкіметтік емес ұйымдардың да алатын ор­ны ерекше. Олар өңірдің саяси-мәдени өміріне белсене араласады деді ол.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұ­са­баева жергілікті тәжірибеге сүйене отырып  «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін дамытудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол қоғамдық тепе-теңдікті, саяси тұрақтылықты сақ­тау, Мемлекет басшысы ай­қын­дап берген міндеттер мен мақсаттар жолында  жұмыла еңбек ету ұстанымдарына екпін түсірді. «Барбанг» күрд­тер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Ра­шид Надиров тарихи маңыз­ды құжат саналатын жол­дауларда ел бірлігінің, жар­қын болашағымыздың дамуы­на әркез басым басымдық бері­летінін, бұл орайда жас буын бойына тарихымызды, құндылықтарымызды ұлықтау, отанды сүю қасиет­терін ұялатудың маңызды­лығын жеткізді. «Коперник» облыстық поляк мәдени ор­талығының төрайымы Вален­тина Корнева өз ойын Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласында айтыл­ған қазақстандық патрио­тизм мәселесімен сабақтас­т­ырды. Кез келген халық­тың қуаты – оның бірлі­гінде. Қазақстан – этносаралық келісім саласында тәжірибесі мол, бірегейлік пен біртектіліктің қай­таланбас моделін қалып­тастырушы ел. Біздің артық­шылығымыз да, күшіміз де – біртұтастығымызда. Сон­дықтан, осы бір азаматтық қағидаттарды одан әрі нығайту «Мәңгілік Ел» идеясына негізделуі тиіс, дей келіп, бірлік пен келісім мұраттарын насихаттау жолында ұйым тарапынан атқарылған шаралар жайлы әңгімеледі.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы