Жақында бір азаматтың мерейтойында болдық. Мереке жақсы ұйымдастырылған. Асаба жігіт те қуанышты шараны жарасымды жүргізді. Қазақ құлағына жағымды әндер де көп айтылды. Той иелері де қонақтарын құрақ ұшып, қарсы алып жатты. Алайда, бір азамат өзге бір-екі сыйлы қонақтардың айтқан тілектерін орынсыз мінеп, білместік жасады, «күншілдіктің шәуілдеген күшігін» сыртқа шығарып жіберді, мәдениетсіздігін өзі байқамай көрсетіп алды. Өкініштісі, осыны көпшілік байқамады, немқұрайлылық танытты. Жұрт жаңағы адамның азаматтарға айтқан бір жағы әзіл сияқты көрінгенмен, екінші жағында зілі бар сөзін жеңіл қабылдады.
Данышпан Абай: «Қазақ «инемен құдық қазу қиын» деген нақыл айтады ғой, мен айтсам сол «инемен құдық қазу» кей көкіректен қаскөйлікті қуудан оңайырақ па деймін!»,−депті. Сөз жоқ, ол заманнан ұзақ уақыт өтті. Адамның білімі, ойы, парасаты өзгерді, өсті. Біз бүгін қайсысының жақсы, ненің зиян, теріс екенін шамалаймыз. Ұлы ойшыл тағы: «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби – оны білмек керек»,-депті. Шамасы, біз әңгімелеп жатқан күншілдік кәсибиге жатады. Өйткені, ол жасанды, теріс өнегемен тарап, өрбіп келген. Күншілдіктің шығар жері негізінен отбасындағы көлеңкелі тәрбие. Балаларының көзінше ата-анасы өзгені сыртынан сөге-жамандап жатса, бұл ұрпақ үшін аса кесірлі. Сондықтан, әулет болашағын ойлаған ата-ана ешкімді сыртынан сөкпейді, балаларына да осыған тыйым салады.
Өзгенің күншілдігіне кезіккен адам бір зиян шегеді. Ал, күншіл адамның өзі үш зиян көреді, оның пайым-парасаты құлдырайды, ұсақ пендешіліктен санасы тарылады, сондықтан оның болашағы бұлыңғыр.
«Күншілдік» пен әділ сынның арасы жер мен көктей. Біз сын айтылмасын деп жатқамыз жоқ. Бірақ, әділ сын азаматтың өзіне тікелей, көзіне айтылуы тиіс, «дос жылатып айтады» дегендей. «Жаны тыныштың ұйқысы тыныш» дейді. Ұйқысы тыныштың ертеңгі ісі де сәтті, нәтижелі. Адамның ұйқысы теріс ой мен жаман сөзден, күңкіл-өсектен бұзылады. Азаматтың ісі мен тірлігі өнімді болу үшін оның санасы қолайсыз ойлардан таза болуы тиіс. Адам баласы іштей біреуге реніш білдіріп, оған сыртынан кіжініп, өкпелеп жүрсе оның жүйкесі тынықпайды, санасы мен ынтасы оңды істерді алаңсыз атқаруға дайын тұрмайды. Осының бәрі өзіміздің «күншілдігіміздің» арқасында иеленетін «сыбағамыз». Өткен заманда шетелдің бір саясаткері: «Қазақты жеңіп, мұқатқың келсе, қазақты өзіне сал», – деген екен. Сонда ол біздің осы «күншілдігімізді» өзімізге қарсы пайдаланғысы келгені ғой. Ендеше, біз сол теріс әдетімізден арылайық, сөйтіп, жоғарыда айтылған ұғым тамырына балта шабайық, өзге ұлт алдында мерейімізді үстем етейік.
Ұлы Абай Жиырма алтыншы сөзінде: «Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызыландырсам екен демек. Біреуді ызыландырмақ − шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс», депті. Өзге жөнінде оның сыртынан айтқан күншілдік сөзіміз ол азаматтың құлағына ертелі-кеш жетеді. Содан ол, әрине, ызаланады. Бұл оның шаруасына зиянын тигізеді, оның оңды ісіне кері әсерін беріп, тежейді. Екі азаматтың арасы салқындайды, қашықтайды. Екеуі де осыған байланысты ақыл-санасын амалсыздан тежеп, күш-жігерін пайдалы іске емес, құр босқа шығындайды, екеуінің де рухани мүмкіншіліктері зардап шегеді. Тереңірек, таразылап қараса, осы көлеңкелі әдетімізге байланысты қоғамда қаншама жақсы мүмкіншіліктер іске аспай қалды, қанша сауапты істер әлі орныға алмай жатыр. Оның орны немен толады, кім толтырады, қашан толтырады?!
Бұл індеттің емі де жоқ емес. Әдетте күншіл адам өзгені жамандау сөзін үшінші азаматқа айтады. Тыңдаушысы қызығушылық білдіріп, қолдап жатса, ол күш алады, жаман ойы мен мақсатын дамыта түседі. Керісінше, тыңдаушысы немқұрайдылық білдіріп немесе қарсылық көрсетсе ол ойланады, өзінің ісіне күмәнмен қарайды, сөйтіп ол теріс пиғылдан қайтуы да мүмкін. Демек, күншілдің жолын тұсап, оны түзу бағытқа салу – оған қолдау көрсетпеу, оның сөзіне ермеу. Күншілдіктің қауіптілігі − оның адамнан адамға оңай жұғуында. Көзге көрінбейтін қатерлі вирус сияқты адам санасын жаулап алуында. Егер адам өзгенің біреуді сыртынан жамандаған сөзін қызығушылықпен тыңдаса, онда оның осы қауіпті әдет тұзағына түсе бастағаны...
Серікбай ҚОШҚАРОВ, Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің профессоры
ҚЫЗЫЛОРДА