Әсіресе, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Қытайдан және еліміздің барлық өңірлерінен келушілер көп. Жылына екі мыңға жуық адам «Жылаған ата» үңгірінің құдіретіне қайран қалып, табиғатын тамашалап қайтады екен. Келушілер саны мұнан да көп болар ма еді, егер жақсы жол салынса. Әзірге бұл жерге арнайы жол талғамайтын көліктермен ғана баруға болады. Сонда да табиғат таңғажайыбын көру үшін 3 шақырымдай жолды жаяу жүруге тура келеді. Жол қиындығына қарамастан жыл сайын табиғат тылсымын тамашалауға келетіндердің көбейе түсуі туристік орта үшін таптырмас бағыт екендігін дәлелдеп отыр. Сондықтан Түркістан қалалық әкімдігі жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлепті.
Иә, Түркістан тарихи, мәдени және діни жәдігерлерге бай қала. Қала әкімі Ә.Өсербаевтың мәлімдеуінше, осыдан 4 жыл бұрын қалаға 618 мың турист келсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 млн 60 мың болған, оның 24 мыңы алыс-жақын шетел азаматтары. Өткен жылы туристерден 4080,0 млн теңге табыс түсіп, бюджет көлемі 110,0 млн теңгеге ұлғайған. Туризмді дамыту мақсатында «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалған. Алдымен қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Гид-экскурсовод», «Мейрамхана ісі», «Мейрамхана даяшылары», «Туризм менеджері», «Қонақүй бизнесі» мамандарын қайта даярлау үшін жұмыстар үйлестірілуде. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту орталығы 2020» арқылы туризм саласының аталған мамандықтары бойынша 32 азамат қайта даярлау курстарынан өткен. ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтарын нақты тарихи сипатта, сол елдерге тиісті құрылыстарын салдырып, әрі қарай өз қарамағында ұстау туралы ұсыныс беру көзделіп отыр. Түркі тілдес елдердің ұсынған жобалары заңдылығына сәйкес инвестициялық келісім арқылы жұмыс жүргізілмек. «Түркістан − түркі әлемнің мәдени астанасы» болып бекітілуі де туристер санының артуына септігін тигізуде.
Түркістандықтар бейресми жүргізіп келе жатқан ерекше бір статистикалық мәлімет бар. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Н.Назарбаев Түркістанға 13 рет келіпті, сондай-ақ, 6 мемлекеттің президенттерін осы қалада қабылдаған. Бұл деректердің маңызы терең екенін тұрғындар жақсы біледі. Мемлекет басшысы «Қазақстанның рухани орталығы» деп бағалаған Түркістан қаласының дамып, өркендеуіне ерекше ықылас танытып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нәтижесінде қала күн сайын көркейіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түсуде. Мысалы, тәуелсіздік жылдары ішінде Түркістанда жаңадан 38 мектеп ғимараты салынды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 48 спорт нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 50 балабақша ашылып, медицина саласында 23 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласына қарасты Шорнақ ауылдық округінің орталығындағы ауысымына 100 науқас қабылдайтын емхананы ашты. 231 млн теңгеге салынған емхананың ғимараты заман талабына сай жабдықталған. Облыс әкімі сол жолы Жүйнек ауылдық округіндегі 120 орындық «Шамшырақ» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көп. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында 1991 жылы шаруалар саны 410 болса, қазіргі күні қала аумағында 3600 шаруа қожалығы тіркелген. Мал басының барлық түрін қосқанда 1991 жылдары 210 мыңнан асса, бүгінде 635 мыңға жетіп, 3 есеге артып отыр. Қала кәсіпорындары өткен жылдың қорытындысымен 13677,8 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірді. Бұл көрсеткіш биыл 103,8 пайызға артады деп күтілуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 4465,7 млн теңгеге 18 жоба енгізілді. Оларда 885 жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі таңда құны 2493,0 млн теңге болатын 13 жоба іске қосылып, 574 жұмыс орны ашылған. Оларда 1610,2 млн теңгенің өнімі өндіріліп, жалпы өнеркәсіп өнімі көлеміндегі үлесі 11,8 пайыз болып отыр.
– Биыл қаламыздағы индустриялық аймақтан жоба құны 7766,0 млн теңге болатын, жаңа 183 жұмыс орны ашылатын 3 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал индустриялық аймақта бой көтерген «Grand Miks» жиҺаз бұйымдарын шығаратын цех жұмысын бастады. Еліміздің 12 облысына өнімдерін таратып отырған цех көлемі алдағы уақытта да ұлғая түспек. Мұнда жатын жиһазы, асхана жиһазы, балаларға арналған жиһаздар секілді жылына 24 мың дана түрлі заттар шығарылады. Цехта 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оранғай ауылдық округінен құны 110 млн теңге, қуаттылығы сағатына 9 тонна көкөніс өңдейтін, Шаға ауылдық округінен 130 млн теңгеге, қуаттылығы тәулігіне 15 тонна құрамажем дайындайтын цех іске қосылды. Сондай-ақ, “Яссы құс” шаруа қожалығы етті және жұмыртқа бағыттағы шағын құс фабрикасы жобасының І-ші кезегі жұмысын бастады. Өткен жылы осы құс фабрикасы 4,4 млн дана жұмыртқа өндірді. Мұнда 20 адам жұмыспен қамтылған. Қала бойынша жалпы көлемі 57,76 гектар 552 жылыжай бар. Оның ішіндегі өнеркәсіптік жылыжайлар 16,2 гектар. Түркістан қаласы аумағындағы жылыжай көлемін 95 гектарға жеткізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Осы жоба іске асқанда қала халқы жылыжайда өндірілген өніммен, яғни қызанақ, қияр және басқа да көкөністермен толық қамтамасыз етіледі. Одан әрі біз жылыжай өнімдерін өзге аймақтарға саудалайтын боламыз, – дейді қала әкімі Ә.Өсербаев.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласында суармалы жер көлемін ұлғайту, қала аумағындағы коммуналдық меншіктегі 11 каналға күрделі жөндеу бағытында жұмыстар жүргізілмек. Бұл жоба іске асқанда қосымша 1580 гектар суармалы жер айналымға қосылады. Сондай-ақ, көктемгі ағын суларды игеру үшін қала аумағында 4 су қоймасын салу жобасы дайындалған.
Қаланың экономикалық-әлеуметтік ахуалының жақсарып, рухани орталық атануға лайықты болу мақсатында атқарылып жатқан істердің нәтижесі болар, Түркістанда өмір сүргісі келетіндер саны арта түсуде. Халықтың өсімі жоғары және ауыл-аймақтар мен тіпті көршілес облыстардан көшіп келіп жатқан тұрғындар да бар. Яғни тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Қазіргі таңда қала бойынша тұрғын үй кезегінде 6 мыңнан астам азамат, үйіргелік жер алу үшін өтініш білдірген 25 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Соңғы жылдары тұрғындардың өтініш-тілектерін қанағаттандыру мақсатында кешенді жоба қолға алынған. Атап айтсақ, соңғы 2-3 жыл көлемінде қаланың жаңа орталығын қалыптастыру үшін шығыс бөлігінен «Отырар» шағын ауданы құрылды. Былтыр облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен 300-ге тарта пәтер, яғни 9 қабатты екі үй және 5 қабатты екі үй пайдалануға берілді. Ал бүгінгі таңда әрқайсысы 60 пәтерлі 5 қабатты 8 үйді шілде айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Одан бөлек тағы да осындай 6 көп қабатты үйдің құрылысы басталған. Келер жылы осы аумақтан мектеп, балабақша салынбақ. Сондай-ақ, 150 коттедж және 20 көп қабатты үйлер салуға құжаттар ресімделуде. Келешекте бұл шағын ауданда 100 көп қабатты үй салынатын болады. Демек, Түркістан ірі қалалардың қатарына қосылады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»