• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Тамыз, 2017

Инфрақұрылымды дамытуда ілгерілеушілік бар

535 рет
көрсетілді

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінге дейін нендей жұмыс атқарылды? Қанша қаржы игерілді? Қанша шақырым жол салынды? Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте кеше осы мәселелер егжей-тегжейлі баяндалды. Оған Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев қатысты.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде жалпы қолданыста 96,5 мың шақырым автомобиль жолы бар. Оның 23,7 мың шақырымы – республикалық,  72,8 мыңы – жергілікті желі. Солардың сапасын жақсартып, жұртты жол азабынан құтқару мүддесінде мемлекет тарапынан жол құрылысына қыруар қаржы бөлініп, ауқымды жұмыс атқарылуда. Әрине, осының өзінде, әсіресе, жергілікті жерлердегі жолдардың мәселесі толықтай шешілер емес. Бірақ «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының арқасында бұл түйткілдің де түйіні тарқар түрі бар. Себебі, қазірдің өзінде бағдарлама шең­берінде шешілген шаруа аз емес екен.

Қара жолдың сапасын қалай жақ­сартамыз? Қанша шақырымына күр­делі жөндеу қажет? Оған қанша қаржы керек? 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы осындай өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, шешімін табу мақсатында қолға алынған болатын. Ұлттық экономика вице-министрі Ж.Айбатыровтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда бағдарламаның барлық бағыттары бойынша қаражаттарды игеру көлемі ұлғайтылған және жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Вице-министр қаражаттарды игеру көлемі 7 айдың ішінде 52,9 млрд теңгеге ұлғайып, 179,4 млрд теңгені құрағанын атап өтті.

«Жалпы, жыл қорытындысы бойынша қаражаттар толықтай игеріледі деген сенімдеміз, және 602 шақырым автожолды пайдалануға беру жоспарда бар. Жылумен, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту жұмыстарында қаражаттарды игеру 5 млрд теңгеге ұлғайтылған. 2017-2018 жылдардың қорытындысы бойынша 1 248 шақырымға жуық желіні жөндеп, тұрғызу көзделген», деді А.Жұмағұлов.  

Вице-министрдің айтуынша, білім беру саласында игеру көлемі 11,3 млрд теңгеге ұлғайтылды, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 70 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Сон­дай-ақ, «БЖК 2020» аясында кәсіп­керлік нысандарының жетпей тұрған инфрақұрылымдарын жүргізу бойынша да қаражатты игеру көлемі 1,01 млрд теңгеге ұлғайтылған.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2015-2016 жылдарда I және II-техникалық категориялы 1,3 мың шақырым автожол реконструкцияланған. Осы жылдар ішінде автожол жобаларын жүзеге асыруға 616 млрд теңге қарастырылса, оның 329 млрд теңгесі Ұлттық қордан бө­лін­ген. Бөлінген қаражат толық игеріліп, 9 жоба іске асырылған. Ал биыл автожол­дар реконструкциясына 356,2 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 143,5 млрд теңге бөлінген.

Жалпы, 2010 жылдан бастап респуб­ли­калық маңызы бар автомобиль жол­дарының 5 мың шақырымына реконструкция және күрделі жөндеу жүргізілген. Нәтижесінде қазір республикалық маңы­зы бар автомобиль жолдарының 85 пайызы, облыстық және аудандық маңы­зы бар автомобиль жолдарының 65 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, дейді Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметтері.

Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл жалпы ұзындығы 4,4 мың ша­қы­рым болатын 22 автожол жобасын іске асыру қарастырылғанын атап өтті. Вице-министрдің мәлімдеуінше, «Орталық – Оңтүстік» жобасы бойынша 2016 ж­ылы жалпы ұзындығы 275 км болатын Астана –Теміртау және Алматы – Қапшағай учаскелерін жөндеу аяқталған. Ал ұзындығы 14 шақырым Теміртау – Қарағанды учаскесін жөндеу жалғасуда. «Орталық – Шығыс» жобасын іске асыру басталғалы бері 230 шақырымы пайдалануға берілген.

Сондай-ақ, «Орталық – Батыс» жобасы бойынша Астана – Қостанай автожолын және Ақтөбе – Қарабұтақ – Денисовка учаскесін жөндеу толық аяқталғанын жеткізді. 2020 жылға дейін Денисовка – Қостанай учаскесін (114 км) аяқтау жоспарланып отыр екен. Сонымен қатар, Қапшағай – Талдықорған, Астана – Петропавл – РФ шекарасы және Орал – Каменка ауыспалы жобаларын іске асыру жалғасуда.

«Жаңа жобаларды бастап кеттік. Олар – жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын Жетібай – Жаңаөзен, Талдықорған –Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Таскескен – Бақты, Осинов асуы, Щучье – Зеренді», деді Р.Скляр.

Вице-министрдің хабарлауынша, бірінші жартыжылдықта іске асырылып жатқан жобалар бойынша 112 млрд теңге игеріліп, 80 мың адам жұмысқа тартылған. Бұдан өзге, 2016 жылдың желтоқсанында Құрық портында қуаты 4 млн тонна болатын темір жол паром кешені іске қосылған. Сондай-ақ, биыл қуаты 2 млн тонна болатын автомобиль паром кешенін салу басталыпты. Жоба құны 67 млрд теңгені құрайды.

Вице-министр, сондай-ақ, Астанадағы жаңа темір жол вокзалының жұмысы жайлы айтып өтті. «Жаңа вокзалдың өткізу қабі­леті тәулігіне 35 мың жолаушыны, ал жұ­мыс істеп тұрған вокзалмен қоса алғанда тәулі­гіне 47 мың жолаушыны құрайды, бұл елорда жолаушыларының легіне, оған қоса халық­аралық көрме өткізу кезінде қызмет көрсетуді толық қам­тамасыз етеді. Темір жол вокзалын пайдалануға бергеннен бастап шама­мен 305 мың жолаушыға қызмет көрсе­тілді. Сонымен қоса, Астана қаласы әуе­жайының жаңа терминалын салу және ұшу-қону жолағын жөндеу аяқталды. Әуежайдың өткізу қабілеті жылына 8,2 млн жолаушыны немесе сағатына 2 525 жолаушыны құрайды», деді Р.Скляр.

 «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылым жобаларын кең ауқымда іске асыру тасымалдардың жылдамдығын арттыруға, көлік шығындарын азайтуға, жалпы қызмет көрсету және транзиттік әлеуетті жақсартуға мүмкіндік бермек.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында апатты мектептер мен үш ауысымда оқы­ту­ды жоюдың жүйелік жұмыстары да жалғасты­рылуда. Бұл жайында Білім және ғы­лым вице-министрі Бибігүл Асылова баяндады. Вице-министр «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыру барысында «Білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту» бағыты бойынша биыл Ұлттық қордан бар­лығы 71,7 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Оның ішінде 26,5 млрд теңге 2016 жылы бастал­ған 53 мектептің құрылысын аяқ­тауға, 45,2 млрд теңге жаңа 56 мектептің құрылы­сына бөлінген. 1 тамыздағы жағдай бойынша әкім­діктерге 41 156 млн теңге аударылған, олардың 38 606 млн теңгесі немесе 94 пайызы игерілген.

Б.Асылованың айтуынша, 1 тамыз­дағы жағдай бойынша 7 мектеп пай­да­лануға берілген, Алматы, Жамбыл, Қа­рағанды облыстарында 1 мектептен, ОҚО-да 4 мектеп және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында 320 орынға арналған балабақша пайдалануға берілді. 2017 жылдың соңына дейін 80 мектепті іске қосу жоспарланған.

«Бүгінде Ұлттық білім беру деректер базасы бойынша елімізде 64 апатты мектеп пен үш ауысымда оқытатын 127 мектеп бар. Олардың ішінде 41 апатты мектеп пен үш ауысымда оқытатын 62 мектеп 2015 жылдан қалған және тағы 23 апатты мектеп пен үш ауысымда оқытатын 65 мектеп анықталды», деді Б.Асылова.

 2017-2018 жылдардың қорытындысы бойынша апатты мектептердің орнына 51 мектеп пайдалануға беріледі және 90 мектеп үш ауысымды білім беруді жояды, олардың ішінде 116 мектеп Ұлттық қор есебінен салынады.

Ал Энергетика вице-министрі Бақыт­жан Жақсалиев «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында  қолға алынған кейбір жобалар мерзімінен бұрын орындалып жатқанын атап өтті. Соның бірі, 500 кВ Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен желісі құрылысы» жобасы. «Жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2011-2017 жылдар. Жоба құны – 53,3 млрд теңге. Қаржыландыру толығымен  KEGOC компаниясының қаражаты есе­бінен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда жобаның барлық құрылыс-монтаж жұмыстары табысты аяқталды», деді Б.Жақсалиев. Салынған нысандарды іске қосу 2016 жылы 6 желтоқсанда Мемлекет басшысының қатысуымен «»Индустрияландыру күні аясында өткен телекөпір барысында іске асырылды. Жобаның бірінші кезегі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарланған 2017 жылдың орнына, 2016 жылы кестесінен бұрын аяқталды. 2018 жылы аяқталатын тағы бір жоба – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы 500 кВ ШГЭС электр желісінің құрылысы.

«Жобаны жүзеге  асыру Қазақстанның Солтүстік – Оңтүстік бағыты бойынша ұлт­тық электр желісінің транзиттік әлеуе­тін арттыруға мүмкіндік береді, электр­лендірілетін темір жол учаскелерінің, энергия қажет ететін кен өнеркәсібі нысан­дарының қажеттіліктерін жабуды қамтамасыз етеді, шекара маңы аумақ­тарын дамыту және жаңғырмалы энергия әлеуетін кеңінен игеру үшін жағдайлар тудырады, сонымен қатар, Шығыс аймақтың Қазақстанның бірыңғай электр жүйесімен байланысын күшейтеді», деді Б.Жақсалиев.

Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»