Тайлақ кезіңізден келелі өмірдің керуеніне қосылып, ұстаздық етуден жалықпаған Қазымбет көкеңіздей келе-келе керуен басы болдыңыз. Жиделі Байсын жерінде туып, Қызылдың құмын кештіңіз. Қазақ даласын әуенмен тербетіп, әлдилеген ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той», «Теріскей», «Сағынышым менің», «Дүнген қызы» секілді әуезді әндеріне мәтін жазған мәйекті ақын Сабырхан Асанов қаламдас досы Мұқағали Мақатаевты өзіңіз өскен шағалалы Шардараға шақырған. Шағыл құмдарын аралаған. Хантәңірінің баурайында қабырғасы бекіген Мұқағали аға Қызылқұмның табиғатына тамсана қарап, шат көңілмен шабыттана өлең жазған. «Сабырханға» арнаған сол жырдың бірер шумағын бипаздайын.
Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен, Іздеген жан біздерді табар ма екен? Адасармыз адассақ, қарамай-ақ Кел екеуміз кезейік жалаңаяқ.
Қасиеттеп, қадірлі жерімізді, Қалдырайық, басайық мөрімізді. Әуестемей әлдекім салған ізді, Өзімізше сызайық таңбамызды...
Қасиетті өлкеңізге қара табанмен мөр басып, әлдекімнің салған ізімен жүрмей, соны соқпақ іздедіңіз. Шағыл құмның етегіндегі Шардара орта мектебін алтын медальмен бітіргесін дәрігер болуды армандадыңыз. Көптеген шәкірттердің көкейіне қиял құсын ұялатып, шартарапқа шарықтататын ең әуелі ұстаздардың ұлағатты тәлім-тәрбиесі ғой. Химия-биология пәнінің мұғалімі Саттарова апайдың сабағы аса қызықты әрі тартымды өтетінін әрдайым әңгімелейтінсіз. «Әсіресе, адам ағзасындағы химиялық және биологиялық процестердің күрделілігін қарапайым тілмен қиял-ғажайып ертегідегідей елжіретіп түсіндіретін», дейсіз. Бәлкім мектеп бітірген түлектердің көпшілігі химия-биология саласына мойын бұрғаны тегін емес шығар. Сіз дәрігер мамандығын таңдадыңыз. Неге? Сол жылдары созылмалы демікпе дертіне ұшыраған Сәли анаңызды қайткен күнде ауруынан айықтырам деген балалық құштарлықпен Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетіне түстіңіз. Сол дәуірдегі Білім министрлігінің бәтуасы бойынша мектепті медальмен бітірген түлек жоғары оқу орнының алғашқы пәнін «5»-ке тапсырса бітті, бірден студент атанатын. Алғашқы емтиханнан қамшы салдырмай өтіп, айдарыңыздан жел ескен күндер естен кете қоя ма? Расында да аспандағы арман құсыңыз қолыңызға қонып, ақ халатты абзал жандардың қатарын толықтырдыңыз. Аузы дуалы ата-бабамыздың «Ең құнды мумин – хикметті сөзді үйреніп, басқаларға үйрететін адам» деген ұйытқы сөзін ұстанып, ұстаз болдыңыз. Дәріс оқып, студенттерді тәрбиеледіңіз. Сізді «Келелі өмірдің керуен басы болдыңыз» деуіміздің де мәні осында. Қазақ мемлекеттік медицина институтын үздік бітіргеннен кейінгі басқан ізіңіздің баянды жылдары керуеннен кем бе?
Полат Қазымбетұлы – «Астана медицина университеті» АҚ Радиобиология және радиациялық қорғау институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк ғылым академиясының толық мүшесі, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі. Қысқаша лауазымыңыз солай. Ұстаздықтың ұшар шыңына шыққанға дейінгі бұрылысы көп бұралаң жолдарыңызға бір сәт көз салайықшы, аға.
«...Рентгенология және радиология бойынша аспирантураның күндізгі бөлімінде оқыған. Радиоизотоптар тобында ғылыми қызметкер, кейіннен аға ғылыми қызметкер қызметін атқарған. 1975 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Н.Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталығында докторантурада оқыған (Мәскеу қаласы). «Обыр ауруына қарсы сәулемен емдеудің әдістері» деген тақырыпта докторлық диссертацияны Санкт-Петербург қаласында қорғаған. Аға оқытушы, биология және радиобиология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті емдеу ісі факультетінің деканы болды. Қазақ мемлекеттік медицина академиясының оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректор, университет ректоры қызметін атқарды. Астаналық мемлекеттік медицина академиясын басқарған жылдары 5 жаңа факультет, «радиобиология», «сот медицинасы», «аллергология және иммунология» мамандықтары бойынша кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес төрағасы болды. Радиобиология және радиациялық қорғау институтының алғашқы директоры болып тағайындалды. Азиялық радиациялық зерттеулер ассоциациясының вице-президенті, БҰҰ Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттік сарапшысы болып сайланды. Полат Қазымбетұлы басқарған ұжымның ғылыми жұмыстары елімізде және шетелдерде танымал. Оның жетекшілігімен 27 диссертация қорғалды, оның 10-ы докторлық диссертациялар. 200-ден аса ғылыми жұмыстары жарияланған, соның ішінде ЖОО-ға арналған 4 оқулық, 1 монография...»
...Көл-көсір еңбек. Шәкірт – бұлақ болса, бұлақтың көзін ашып көлге айналдыратын ұстаз емес пе? Әрине, ұстаз. Әсіресе, академик Сайын Балмұхановтың сізге берген тәлімі мен шарапатын, Мәскеудегі Бүкілодақтық онкологиялық ғылыми орталықтың жетекшісі, әлемге әйгілі ғалым, ұстазыңыз Самуил Петрович Ярмоненконың көп нәрсеге көзіңізді ашқанын мақтаныш тұтасыз. Радиацияның қолданбайтын саласы жоқтың қасы екенін ескерсек, оны дұрыс, ұтымды және қауіпсіз пайдалана білу өте маңызды, әрине. Чернобыль, Фукусимадағы радиациялық апаттардың болғандығын біле отырып, ядролық энергетиканың әрі қарай дамитындығы даусыз. Адамзат жер бетінде де, ғарышта да радиациялық кеңістікте өмір сүреді. Халықтың шамадан тыс радиациялық сәулеленуін болдырмау, алдын алу және оны тиімді әрі залалсыз пайдалану жолдарын медициналық тұрғыда зерттейтін республикадағы бірден-бір институт екен.
Ұстаздың орны бір бөлек, сіздің алғашқы мұғалімдеріңіз кім? Әкеңіз Қазымбет Дәрімбайұлы мен сегіз сәбидің бесігін тербеткен алтын құрсақ асыл анаңыз Сәли апай еді. Жалпы, сіздердің әулетті ұстаздар ұясы десе де болады. Жүзге таяп бақилық болған Қазымбет қария 1935 жылдан 1995 жылға дейін қаншама балалардың басынан сипап ұстаздық етті. Еңбек кітапшасындағы өтілі – 60 жыл. Сәли анаңыз да соғыстан соң 10 жыл мұғалима болды. Математикадан сабақ берген Жақсыгүл әпкеңіздің еңбек өтілі – 25 жыл. Химия-биологияның мұғалимасы болған қарындастарыңыз Жауһар мен Гауһардың еңбек өтілін қосқанда – 55 жыл. Сіздің студенттерге берген дәрістік өтіліңіз 45 жыл. Міне, керемет! «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат. Өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ыбырай Алтынсариннің өсиеті сөзін өнеге етіп ұстаған Қазымбет атамыздың шаңырағы шын мәнінде ұстаздар ұясы! Отбасының жалпы еңбек өтілі – 195 жыл екен. Екі ғасыр! Ерен еңбек!
Ертеде бір дангөйден: «Дүниеде кім бақытты?» деп сұраса, ол: «Дүниеде көп адамды бақытты еткен адам бақытты!» деп жауап берсе керек. Екі ғасырдай шәкірт тәрбиелеген ұстаздар ұясынан қаншама балапандар қанат қағып ұшты. Ұстаз – ертеңгі күні бақытқа апаратын баспалдақ!
Қайсыбір жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округінің «Арай» орта мектебіне Қазымбет Дәрімбайұлының аты берілді. Ашылу салтанатына атақты ғалым Әмір Мұсақұлов пен академик Өмірзақ Айтбайұлын, ақиық ақын Қайрат Жұмағалиев пен сарбаз сыншы Құлбек Ергөбековтерді алдымызға салып арнайы бардық. Есімі елге мәшһүр қоғам қайраткерлерін, сан алуан саладағы ғалымдарды, аз-кем атап айтқанда, Сабырхан Асанов, Еркінбай Әкімқұлов, Мұхтар Құралов секілді қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері мен түрлі мамандық иелерін түлетіп, ғасырға жуық ғұмыр кешкен ұлағатты ұстаз атамыздың рухына бағыштап өлең оқыдым. Қазымбеттей атамыз, Атамыздың аты аңыз. Өнегелі өмірден Біз үлгі алып жатамыз.
Қазымбеттей қария, Қариямыз дария. Сусындарын қандырып Сусып ұшты әр ұя. Қазымбеттей Бәйтерек, Өсірген жоқ жәй терек. Тамыр жайып орманға Айналмаса қайтер ек?!
Қазымбеттей таулы шың, Таста өсірген тау құсын. Қырандарын баулыса Қазымбеттей баулысын.
Ұстаз көзі қияда, Қияға қиял сия ма? Дейтін еді-ау: – Ілесің Нені көрсең ұяда!
Дейтін еді-ау: – Бәрін ұқ, Қадам жаса әрі нық. Шыңнан шырқап ұшырған Сабырханы – Самұрық!
Дейтін еді-ау: – Ылғи да Қарамаңдар ылдиға. Шәкірт Мұхтар шүйіліп, Ұқсап ұшты қырғиға.
Көктем мінез бұл кісі, Көпке мәлім үлгісі. Еркінбайдай қаламгер Елге мәлім жыл құсы.
Дейтін: – Айды ап берем! Ұстаз еді-ау ақберен. Бар байлықтың атасы Білімде ғой Бақ деген.
Бақты тығып сақтай ма, Ау, ағайын, Бақ қайда? Бақ дегенің ұстаздың Жүрегінде жатпай ма! Кешегі Кеңес өкіметінің аштық пен ашаршылық, қуғын-сүргін заманында Түркістандағы мұғалімдік курсты бітірген Қазымбет атамыз бар ғұмырын бала тәрбиелейтін ұстаздыққа арнаған. Жаппай сауатсыздықты жою науқаны басталғанымен бала оқытатын мектеп қайда? Жоқ! Жапан дала, жабырқаулы ел. Әуелгіде үш киізді біріктіріп соның ішінде бала оқытты. Келесі жылы қабырғасын қам кесектен қалап «қоржын там» тәрізді мектеп салды. Сыр бойындағы тоғайдан ағаш тасып, төбесін жапты. Ел ішінде «Қазымбет мектебі» аталып, абыройға бөленді. Атамыздың сол мектебін күрделі жөндеуден өткізіп, жан-жағын жасыл желекпен көмкеру әр кәсіпкердің қолынан келер-ау. Бірақ сіз, Полат аға, мектептің іргесінен екі қабатты мектеп пен шығыс үлгісінің жобасымен көз тартатын көркем кітапхана салып бердіңіз. Әдетте, мектепке компьютер сыйлаушы еді, сіз мектепке мектеп сыйладыңыз. Кітапханаға кітап сыйлаушы еді, сіз кітапханаға кітапхана тарту еттіңіз. Мектеп маңдайшасындағы «Ілім іздесең – інжу табарсың» деген ұлағатты оқып, қуанып қайтқанбыз.
Сіз жанашырлығыңызды жарнамалағанды ұнатпайсыз. Сонда да болса айтайын. Ел білсін. Елжіресін. «Туған жерге – тағзым» акциясы бойынша өз өлкеңізге жасаған қамқорлығыңыз қаншама. Тізе берсе тіпті көп. Ұмытпасам, 2000 жылы Халық әртісі Қайрат Байбосынов екеумізді Бәйдібек ауданындағы Алғабас орта мектебіне Таңатар Қазақбаевтың есімі берілген салтанатқа шақырдыңыз. Бардық. Ел қуанды. Ізгілік ісіңізге ілтипат білдірді. Сол мектеп қазір самал соққан саябақтың ортасында менмұндалап тұр. Былтыр Созақтағы Қарабура әулиенің кесенесін күмбездеп, бейітте жатқан Хақназар хан мен Құрбан Ата секілді бірсыпыра бабамызға қара мәрмәрден ескерткіш тақта қоюға мұрындық болдыңыз. Одан кейін Алтын Орданың атақты ұлысбегі (Хорезмде 1357 жыл ірге көтерген Қоңырат ұлысын құрушы), кейін Хиуа хандарының бабасы атанған Нағанай бидің жерленген жеріне ғылыми экспедиция ұйымдастырдыңыз. Мұндай ой санаңызды саралап, жүрегіңізді қалай тербеді? Академик В.Бартольдтің 1929 жылы жазған «Хорезм тарихы бойынша жаңа дереккөз» атты мақаласында дәл осы шейх Аббас Уәли сағанасы жанында Нағанай бидің жерленгені туралы нақты мәлімет бар екенін білгесін жата алмадыңыз. Онда академик: «Хиуаның Қоңырат хандарының бабасы, Өзбек ханның замандасы Нағанай хан көне Қият қаласында дүниеден озып, шейх Аббас Уәлидің мазары жанындағы өзі салдырған кесенеде жерленген» деп жазған. Сол дәйекті тұжырымына көз жеткізгесін Жарылқап Бейсенбайұлы, Жамбыл Артықбаев, Керім Пірімқұлов, Зікірия Жандарбек, Хазыретәлі Тұрсын, Кенже Абдуллаев секілді тарихшы ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін жасақтап бәрімізді бастап бардыңыз. Сол экспедиция биылғы наурыз мейрамының қарсаңында көне Қият қаласының (қазіргі Беруни) шейх Аббас Уәли мазарындағы Нағанай ханның жатқан жерін тауып қайтты. Содан алынған топырақ арнайы ыдысқа салынып Түркістанда тұрғызылған Нағанай ханның стелласына сүйек қосу салты бойынша қойылды. Міне, Полат аға, сіздің ұйытқы болуыңызбен ұйымдастырылған мемлекеттік деңгейдегі шаралардың бір парасы ғана бұл. Бүгінгі заманның ғақлиясына құлақ түрсек: Азамат үш нәрседен қателеспеу керек: 1. Мамандық таңдағанда. 2. Жар таңдағанда. 3. Үй таңдағанда.
Осы тұжырымды оқығанда Полат аға, көз алдымызға көркем мінезді Шырын жеңгеміз келеді. Жеңгемізбен емен-жарқын әңгімелескенде рухымыз оянып, байып қайтамыз. Абай мен Пушкиннің, Сәкен мен Лермонтовтың өлеңдерін, әлемге әйгілі дарабоздар мен данышпандардың өнегелі сөздерін жатқа айтып, талайларды таң қалдырған жеңгеміз ғой. Тәкаппарлыққа жаны қас. Ондай сәттерде Омар Хайямның «Адам санасы қанша төмен болса, мұрнын сонша аспанға шүйіреді» деген тәмсілін қайталайтын. Әсіресе, Мағжан жырларын махаббатпен оқығанда ше? Тәлімі қандай, тәрбиесі қандай?! Күмбірлетіп тартқан күйлеріңізді ең әуелі ұйып тыңдайтын да жеңгем ғой.
...Шырын жеңгейдің мамандығы дәрігер. Ең басты ерекшелігі – ұстаздар ұясының алғашқы келіні. Сайдың тасындай жеті ұлдың әкесі ақын жанды азамат Құттыбек жездеңіз алтын алқа таққан аяулы жары Жақсыгүлге: «Пұл тап!» дедің, пұл таптым. Менен қандай мін таптың?» деп әзілдесе, әпкеңіз де қалжыңнан қара жаяу емес. «Ұл тап!» дедің, ұл таптым. Менен қандай мін таптың?» дейді. Сол жиендеріңіз бен келіндеріңіздің бірсыпырасы ұлағатты ұстаз. Мін жоқ!
Әлемдегі әртүрлі қақтығыстарға қарны ашты ма қайдам, атақты Бернард Шоудың мына дүниеге мін тағып сөйлеген сөзі бар «Біз ғылыми-техникалық прогрестің арқасында аспанда құсша ұшуды үйрендік. Суда балықша жүзуді үйрендік. Бірақ адамша өмір сүруді үйренбедік», дейді. Балалардың басынан сипап, аяқ басқаннан адамша өмір сүруді үйрететін кім? Ұстаз! Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АСТАНА
Суреттерде: «Қазымбет мұғалім» атанған ардагер ұстаз Қазымбет Дәрімбайұлы; Полат Қазымбет, анасы және бауырлары