• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Тамыз, 2017

Байзақ ауданында қос бірдей дәрігерлік амбулатория ашылды

552 рет
көрсетілді

Байзақ ауданындағы Қостөбе және Сухамбай ауылдарында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде елеулі іс-шаралар атқарылып жатқанын, оның ішінде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп отырғандығын атап өтті. Бұдан кейін еңбек ардагері Мамет Сүлейменов емдеу нысанының бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Қостөбелітердің қуанышымен ғимараттың құрылысын жүргізген «Binna-K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Керім Аташев та бөлісіп, амбулаторияның кілтін аға дәрігер Ғалымжан Қалтаевқа салтанатты түрде табыс етті. Бұдан кейін аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев пен Байзақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков  дәрігерлік пункттің лентасын қиды. Облыстан, ауданнан арнайы келген қонақтар бастаған ауыл тұрғындары ғимарат ішіне кіріп, жаңа нысанның бөлмелерін аралап көрді. Амбулаториядағы анықтама, зертхана, екпе егу, залалсыздандыру, терапия, педиатрия, әйелдерге көмек көрсететін орын мен күндізгі ем-шара кабинеттері толықтай соңғы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

Бұдан кейін аудан әкімі Сухамбай ауылындағы 15  келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның да салтанатты ашылуына қатысты. Өз кезегінде амбулаторияның символдық кілті мекеме меңгерушісі Ұлдана Мырзашеваға тапсырылды. 

Кең, әрі жарық, науқастарды емдеуге барлық жағдай жасалған зәулім мекемелер ендігі жерде сапалы медициналық көмек жолында қызмет ететін болады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы